Жылқының жершілдігі

Жылқының жершілдігі жайында ел арасында әңгімелер көп. Қай мал болса да өзінің туып-өскен жерін көксейді, бірақ жылқыдай апарған жерінен өз жеріне қайта қашып келген түліктер некен-саяқ. «Жылқыны қай жерге апарса да туған жерінің келбеті көзіне көрініп тұрады», — дейді аттың сырын білетіндер. Қазақтар апарған жерінен қашпас үшін, өз жерін ұмыттыру үшін мынадай шараларды қолданған; Жылқыны айнаға қаратып қойып, іскекпен кірпіктерін жұлып тастаған. Осындай «операция» жасағанда ғана жаңа жерге үйреніп кететінін қарт атбегі-атқұмарлардан естуге болады. 

1910 жылдары атақты Жәмеңке батыр Ташкентте тұратын қырғыз досы Қыдырекеге бір сары ат сыйлайды. Ташкенттен келген Қыдыреке жаз бойы Жәмеңкенің үйінде Қарқара жайлауында болып, тамыздың ортасында сары атты жетекке алып еліне қайтады. Ташкентке барған соң сары ат бір-ақ күн тұрып қашып кетеді, он сегіз күн дегенде Қарқараға қайтып келеді. Бұл оқиғаны айтушылар сары ат сондай ақылды, қашқанда күндіз-түні жорта бермей, күндіз тығылып тұрып, түнде жортқан, себебі, күндіз біреу-міреудің көзіне түседі, қуғыншылар болады, жол бойы ел. Алғашында біреу ұрлап кетті деп ойлаған Қыдыреке маңайынан сұрастырған болады, ақырында Жәмеңкеден хабар келеді, атың Қарқарада, алып кет деп. Қыдыреке еш ойланбастан: «Досым, атың ат-ақ екен, тілі жоқ демесең, адамнан артық жануар екен, өз жерінде жүрсін», — деп сәлем айтыпты. Жазы шыбынсыз, салқын самал Қарқараны ыстығы аптап Ташкентке қалай айырбастасын дегендей, сары аттың оқиғасын әлі күнге дейін қариялар тамсана айтады.

1960 жылдардың ортасында Моңғолиядан Вьетнамға көп жылқы әкетіледі. Көп жылқының ішіндегі Арбайкер деген ат Архангай аймағына қайта қашып келіпті. Үш күн бір төбенің басында сенделектеп тұрып, туған жерінде өлген екен. Атты сол кездегі Моңғолияның басшысы Ю.Цэдэнбал келіп көріпті. Қазір Архангай аймағында Арбайкер деген қала бар, қаланың ортасында Арбайкерге ескерткіш орнатылған.
Маңғыстауда Балуаннияздың құла аты Түркменстанның Чарджоу аймағынан қашып еліне келген. Құла ат сонда құмды, шөлді жермен қашып отырып, 500 шақырымнан астам жол жүрді деген сөз бар.

1950 жылы Баян-Өлгий аймағының 10 жылдық тойы болып, тойға маршал Чойболсан қатысады. Қазақтар Чойболсанға күміс ер-тұрманымен Күнгейбай деген кісінің көк жорға атын мінгізеді. Атты жүк машинасына тиеп, Улан-Баторға алып кетеді. Сол ат Баян-Өлгейге екі рет қашып келіпті. Алғашында Улан-Батордан, соңғы рет Ховд қаласынан. Улан-Батор мен Өлгийдің арасы 1900 км, Ховдпен арасы 400 км. Ол кезде Өлгийден Улан-Баторға дейін атты адам 45-47 күнде барады екен. Күнгейбай барымташы, ұры болған. 10 жылға кесіліп, түрмеде жатыпты. Осы оқиғадан кейін маршалдың бұйрығымен түрмеден босатылыпты.

1990 жылдан бастан Моңғолиядан қазақтар Қазақстанға көшкенде Жанпейіс деген кісі Ақбақай ат бастаған он жылқысын шекарадан келісіп өткізіп алып кетеді. Сондан оншақты күн өткенде Ақбақайдың жанында бір ат бар, қашып келгенін Жанпейістің туған ағасы көреді. Сөйтсе, Семейден Ақбақай бастап бес ат қашқан екен. Жолда үшеуін Ресей шекарашылары атып тастаған. Сол Ақбақай ат бір күн тұрып өліпті.Семей мен Баян Өлгийдің арасы 1000 км-ден астам.
Хангелді-Тайлақтың қалың жылқысында Орқызыл, Керқызыл деген екі ат болады. Жылқы табынын қыстатарда әлгі екі ат 4-5 күнге жоғалып кетеді екен. Екі ат кеткеннен соң, жылқышылар қосын, азығын әзірлеп көшуге дайындала бастайды. Екі ат келеді де бір күн табынмен бірге қонып, қайта кетеді. Табын жылқы сол екі аттың артынен ереді, екі ат апарған жерден бір жылқы шығын шықпайды, көп жылқы қыстан аман-есен шығады. Төрелер әлгі екі аттың біреуін берсін деп әмір қылып төлеңгіттерін жібереді. Төренің әмірін орындамасқа амал жоқ, біреуін ұстап ап белдеуге байлап қойса, екіншісі келіп қатар тұрыпты. Төлеңгіттер келіп қараса, екі ат та жылап тұр екен. Төлеңгіттер атты алмай кетеді, төреге барып мән-жайды айтады. Төре: «Онда «Ыңыранба күрең биені» берсін», — дейді. Бұл биені «Ұялы құйрық» деп атайды екен. Иесі төлеңгіттерден беріп жібереді. Сол бие кеткен соң әлгі Хангелді-Тайлақтың жылқысы бір жылдың ішінде құрыпты. Сөйтсе жылқы төрелерге ауып кеткен екен.
Жылқының жершілдігі тұқымы мен тегіне байланысты. Бұл жерде өмір бойы бірнеше ұрпағы өсіп-өнген жылқы тұқымдары, әрине тегіне, жеріне, еліне тартады. Қазір Қазақстанда бір облыстан екінші облысқа жиі-жиі апарылып, мыңдаған шақырым жерден қашып келіпті деген әңгімелер естілмейді. Моңғолия, Қытайдың Шыңжаң өлкесінде қазақтың байырғы жылқы тұқымдары молынан сақталған. Бұл жақтағы қазақ жылқыларының жершіл болуының бір себебі осыдан шығар.

Құрастырған Ахмет Тоқтабай