Жомарт жүрек иелеріне құрмет

Қаланың көркеюіне, өркендеуіне жалғыз биліктің ғана емес, әртүрлі сала мамандарының да қосар үлесі басым. Ұстаз, спортшы, құрылысшы, тіпті, кәсіпкердің еңбегі, атқарылған жұмысы көзге көрінбесе де үлкен рөл атқарады. Қарағанды қаласының дамуына үлес қосқан азаматтарға қала әкімінің ұйымдастыруымен «Замандас» байқауы өткізіліп келеді. Тұңғыш Президент күні қарсаңында өткен байқаудың марапаттау рәсіміне қала әкімі Ермағамбет БӨЛЕКПАЕВ қатысып, «Жомарт жүрек» сыйлығын табыстады.

«Замандас» байқауы жыл сайын қала әкімінің, қалалық мәслихат және ішкі саясат бөлімінің қолдауымен өткізіліп келеді. Осымен 14 мәрте жалауы желбіреген байқауға биыл 500-ден астам өтінім келіп түскен. Әр жылдары байқаудың аталымдары өзгеріп, еліміз бен қаламыздың мерейлі оқиғаларымен байланысты жаңа номинациялар қосылып отырады.

Биыл конкурс 6 аталым бойынша өткізілді. «Рақымшылық» аталымында денсаулық сақтау саласындағы жетістіктері және халықты салауатты өмір салтына белсенді тартқаны үшін лауреаттар марапатталды. Педагогтардың жас буынын тәрбиелеуге үлес қосқан белсенділер «Насихат» аталымында ие болды. Ал, «Батыр» аталымында бұқаралық спортты дамытуға ерекше үлес қосқан азаматтар алды. «Табыс» аталымы экономика саласында дамып келе жатқан белсенділерге берілді. «Шабытқа» жеке тұлғаның ұлттық құндылықтары мен дәстүрлеріне бейжай қарамайтын тұлғалар ие болды. Сонымен қатар, «Ұстаным» аталымында белсенді азаматтар марапатталды.

С.Сейфуллин атындағы гимназияның биология пәнінің мұғалімі Құндыз Балапанова ұстаздық жолда жүргеніне 30 жылға жуықтаған. Шәкірттерінің алды ұстаздың жолын қуып, осы жолға келсе, соңы үлкен оқу орындарында білімін шыңдау үстінде.

– 29 қараша – анамның туған күні. Бұл бір үлкен сыйлық болды. Бала кезімнен мұғалім болсам деген үлкен арманым болатын. Міне, бүгін арманы орындалған бақытты жандардың бірімін. Мұғалімдік жолға түсуіме себепкер болған әкем мен анам еді. «Ертеңгі жейтін наның бұл» деп қолымнан жетелеп оқуға да түсірді. Бүгінгі жетістікке жеткенім солардың арқасы, – деді ол.

«Табыс» аталымы бойынша топ жарған «Maker» ЖШС Қарағанды құю-машина жасау зауыты. Бүгінде аталмыш компанияны ел жақсы біледі. Кәсібі өрге домалаған компания қаланың өркендеу жолында үлес қосып келеді. Қайырымдылық шараларынан да тыс қалған емес.

– Біз үшін бұл сыйлықтың бәсі биік. Себебі, байқауға түскен қатысушыларға қала тұрғындары дауыс береді. Ірі үш компанияның арасынан суырылып шығу дегеніміз оңай емес. Демек, бұл атқарған жұмысымызды халық көріп отыр деген сөз. Байқауда жеңіске жетуіміз – халықтың арқасы. Сондықтан, біз қашанда халықпен біргеміз, – деді KLMZ басшысы Жәнібек Байғабелов.

Байқаудың барлық жеңімпазына жүлде тағайындалып, сыйлық пен дипломдар үлестірілді.

Ербол ЕРБОЛАТ.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.