«Шырақ» жаққан жұлдыздар

Жаңа Майқұдық Мәдениет үйінде, Республика күні мерекесіне орай, Қарағанды қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене тәрбиесі және спорт бөліміне қарасты «Шырақ» тілдерді оқыту орталығының ұйымдастыруымен әскери бөлімдердің өзге ұлт өкілдері арасында «Елімнің тілі – менің тілім» қалалық байқауы өтті.

Қарағандыда «Елімнің тілі – менің тілім» қалалық байқауы өтті

Байқау 4 кезеңге бөлінген. «Өзге емес, өзім айтам өз жайымда» бөлімінде қатысушылар өздерін қазақ тілінде өлеңдете таныстырса, «Тілім менің – тірлігімнің айғағы» кезеңінде, экрандағы суретке қарап, жасырынған мақалды тауып, жаңылтпашты қайталады. «Өнерліге өріс кең» бөлімінде өнер сайыстырды. Ас дайындады, өлең оқыды, ән айтты. «Тіл – қазына» сайысында күрделі орысша сөйлемді қазақ тілінде шектеулі уақыт ішінде сапалы аударуға күш салды. Өйткені, онда тілге байланысты қанатты сөздер жинақталған.

– Кез келген тілге қатысты шараның мақсаты мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру ғой. Шара осы бағытта жоспар бойынша өтті. Дайындық барысында қатысушыларға әдістемелік көмек те көрсетілді. Тіл тазалығы, шығармашылық шеберлік, танымдық деңгей, сахна мәдениеті басты назарға алынды. Әркім өз шамасына қарай жүлдеге ие болды. Алдағы уақытта дәстүрлі түрде өтіп тұрады. Бірақ, басқа салаларда еңбек ететін өзге этнос өкілдерін де қамту ойда бар, – деді «Шырақ» тілдерді оқыту орталығының директоры Саят Тұяқбай.

Үміткерлердің өнерін арнайы тағайындалған қазылар алқасы бағалап, жеңімпаздарды анықтады.

Бас жүлдені Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы 6505 әскери бөлімінің әскери қызметшісі, кіші сержант Владислав Горизанов иеленді. II орын дәл осы әскери бөлімнің әскери қызметшісі, ефрейтор Егор Ращепкоға бұйырса, III орынды Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы 5451 әскери бөлімінің әскери қызметшісі Мамед Ахмедов жеңіп алды.

Жүлдегерлерге арнайы диплом мен қаржылай сыйлықтар табысталды. Ынталандыру сыйлығына ие болған үміткерлер де назардан тыс қалған жоқ.

Жәлел ШАЛҚАР

Ortalyq.kz