Жиын-терімнің жемісті жылы
Бұқар жырау ауданының ауылшаруашылық құрылымдары күзгі жиын-терім жұмыстарын жауын-шашын мен суыққа ұрындырмай, дер кезінде аяқтады.
Өңір диқандары бұл науқанда 134,2 мың гектар дәнді дақылдар алқабын орып, бастырып, одан 200 мың тоннадан астам астық жинап алды. Оның түсімі гектарына 15 центнерден айналған.
– Биылғы астықтың түсімі бәрімізді қуантады, – дейді Бұқар жырау ауданы ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Манат Құрманғалиев. – Өйткені, ол облысымыз биыл белгілеген миллион тонналық меженің бестен бірін құрайды. Бұл біз үшін жемісті жыл болды.
Ал, 1694 гектар картоп алқабынан 43,2 мың тонна өнім алынып, оның әр гектарының өнімділігі 255 центнерден айналды.
Диқандар өнімін сыйымдылығы 28 мың тонналық «Ақ Нұра астық қабылдау кәсіпорны» ЖШС қабылдап, қалғанын шаруашылықтар өздеріндегі 97 қамбаға құйып алуда. Сонымен бір мезгілде олар оның бір бөлігін «Қарағанды ұн комбинаты» мен басқалар алдындағы қарыздарын жабу үшін артып, жөнелту үстінде.
Кешегі күнге дейін ауданда малдың 387,2 мың тонна (100 пайыз) қысқы жемазығы әзірленіп, оның 350 мың тоннасы тиісті жерлеріне жеткізілген.
Бұқаржыраулықтар көкөніс алқаптарын жинауды да бүгін-ертең бітіргелі отыр. Мұнда әзірге жиналған 190 гектардан (96 пайыз) 5130 тонна өнім түсіп, ол гектарына 270 центнерден айналса, жиналған 2500 гектар (58 пайыз) майлы дақылдардың әр гектары 6 центнерден өнім беріп, 1500 тонна көкөніс қоймаға жеткізілді.
Ержан ИМАШ,
Бұқар жырау ауданы
Ortalyq.kz