Бас тақырыпСпорт

Жігерді жаныған жеңіс

Футболдан ұлттық құрама 6-турда Солтүстік Ирландия құрамасын 1:0 есебімен жеңді. Бұл – 2024 жылы өтетін Еуропа чемпионатына іріктеу матчы. Қазір Қазақстан H тобында 12 ұпаймен төртінші сатыда тұр. Ойынды Қасым-Жомарт Тоқаев пен аты аңызға айналған кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин трибунадан тамашалады.

Гол ойынның 27-минутында соғылды. Авторы – 10-нөмірдегі Максим Самородов. Голдың добы айып алаңының сыртынан тебіліп, қақпаның алыс бұрышына тоғытылды. Содан кейін қарсылас кеткен есені қайтару үшін шабуылға көшті. Бірақ, құрамамыз қорғаныста сауатты ойнады. Қақпашы Игорь Шатский шеберлік көрсетті. Сенсациялық сейфтер жасады. Солтүстік Ирландияның мергендері қақпадан саңылау таба алмады. Қақпашының шеберлігін Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше атап өтті. Айта кетейік, Президент ұлттық құраманы құттықтаған еді. Максим Самородовтың да қолын алып, «Голың әдемі соғылды, маған ұнады» деді Мемлекет басшысы.

– Келешекте сіздерден бұдан да үлкен жеңістер күтемін. Мына матч өзіме ұнады. Бәріңіз шебер ойнадыңыздар, – деді Президент.

Бұл – Қазақстан мен Солтүстік Ирландияның екінші ойыны. Алдыңғысында Абат Айымбетов 88-минутта жеңіс голын соққан.

Құраманың бұл – іріктеу кезеңіндегі алтыншы ойыны. Қоржында 4 жеңіс бар. Финляндия мен Словенияға есе жібердік. Енді 14 қыркүйекте Данияға қонаққа барады.

– Алдыңғы екі ойында есе жібердік. Жеңіліс – үлкен сабақ. Финляндиядан ұтылған соң намысқа тырыстық, ширадық. Солтүстік Ирландияны өз алаңында жеңіп, еңсеміз тіктелді, ұпайымыз түгенделді. Ол жеңісіміз тарихта қалары сөзсіз. Өз алаңымызда да жақсы ойын көрсеттік. Бірақ, масаттануға болмайды. Дайындықты одан әрі күшейтеміз, – деді ұлттық құраманың бас бапкері Магомед Адиев.

Солтүстік Ирландия құрамасының ойыншысы Даниэль Баллард өткен матч туралы өз пікірін айтты.

– Бұл өте жақсы атмосферада өткен қиын ойын болды. Менің ойымша, біз ойынның барысын өте жақсы бақыладық. Олар өз мүмкіндіктерін пайдалана білді. Біз қарсыластың қорғанысын аша алмадық. Менің ойымша, біз әр ойын сайын күшейеміз. Кейбір жас ойыншылардың жарқырай бастағанын көруге болады. Таланттардың қырын ашу үшін жұмыс атқару қажет. Оң жақтарын табуымыз керек. Болашақ үшін бірдеңе жасаймыз деп үміттенеміз және еңбектенеміз, – деді Даниэль Баллард.

Жалпы, Ұлттық құраманың ойыны көз қуантады. Бұдан бөлек, Астана-Аренадағы көрер­мендердің ерекше қолдауы өн бойымызды шымырлатты. Қазақ футболының алтын ғасыры алда екенін жүрегіміз сезеді!

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button