Бас тақырыпЖаңалықтар

Қарағанды облысының 10 спортшысы V Пара Азия ойындарында ел намысын қорғайды

Жапонияның Аичи және Нагоя қаласында V Пара Азия ойындарының басталуына санаулы күндер қалды. Байрақты бәсекеде Қазақстан ұлттық құрамасы сапында Қарағанды облысының 10 спортшысы спорттың үш түрінен бақ сынап, ел намысын қорғайды.

Сурет дене шынықтыру және спорт басқармасынан

Пара жеңіл атлетикадан Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Дастан Мұқашбеков пен Руфат Хабибуллин сынға түседі.

Айта кетейік, Дастан – 2023 жылы Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен Пара жеңіл атлетикадан Дүниежүзілік ойындарда ІІ орын иеленген спортшы. Сол жылы Парижде өткен Әлем чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізсе, IV Жазғы Пара Азия ойындарында ядро лақтырудан чемпион атанды. Әрі жарыс барысында 15,74 метр нәтиже көрсетіп, Азия рекордын да жаңартқан.

2024 жыл да Дастан үшін толағай табыстарға толы болды. Fazza ойындарында ядро лақтырудан сынға түсіп, чемпион атанған. Одан бөлек, сол жылы жерлесіміз Парижде өткен XVII Жазғы Паралимпиада ойындарынан қола жүлде еншілеген. Осы жолы да қарағандылық спортшыдан Азия ойындарынан үлкен нәтиже күтеді.

Пара жүзуге алты спортшы қатысады. Олардың қатарында Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Сергей Кинах, Наталья Звягинцева, Диас Кенжебек, Андрей Афанасьев, Роман Потапов және спорт шеберіне үміткер Нұрдәулет Дюсенбаев бар.

Сонымен қатар, талай бәсекеде тәжірибесін шыңдап, жүлделі орындардан көрініп жүрген спорт шеберіне үміткер Евгений Быков пен Айжан Бутимбаева арбадағы теннисте бақ сынайды.

Бұл Азия ойындарында жерлестерімізден алтын жүлде күтеміз. Себебі, құрлықтық додаға тәжірибесі мол, талай халықаралық бәсекеде ел намысын абыроймен қорғап жүрген, спорттық бабын қалыптастырған үздік спортшылар аттанғалы отыр. Олардың әрқайсысы өз спортында жоғары нәтижеге қол жеткізіп, жеңіс тұғырына көтерілуге лайық екенін талай мәрте дәлелдеді.

Ендеше, Жапония төрінен ел қоржынына алтын медаль салатын сәтті асыға күтеміз!

Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button