Жаңалықтар

Жерлесіміз ерледі

Дубайда (БАӘ) өткен жасөспірімдер арасындағы бокстан Азия чемпионатында жерлесіміз Ерасыл ЕРМЕК алтыннан алқа тақты. Жас талант 57 келі салмақ дәрежесінде жұдырықтасқан-ды.

Ерасыл бір аптаға созылған жарыста төрт жекпе-жек өткізіп, барлық қарсыластарын айқын басымдықпен ұтты. 2004 жылы дүниеге келген спорт шебері – екі дүркін Қазақстан чемпионы, Болгария, Сербия елдерінде өткен халықаралық турнирлердің жеңімпазы. Бала кезінен спортқа бейім өскен Ерасыл бүгінде үлкен жетістіктерге жетіп отыр.

  • Мені спортқа кішкентайымнан әкем баулыды. Түрлі жаттығу жұмыстарын жасатып, үйрететін. Бокс мектебінің табалдырығына аттауыма әкем ықпал етті. Келешекте Олимпиада шыңын бағындырсам деймін. Еліміздің көк Туын желбірету – менің арманым әрі мақсатым, – дейді чемпион.

Еліміздің атынан шыққан 13 боксшы түрлі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, 8-і жүлдемен оралды. Қарағанды облысының атынан бұл байрақты бәсекеге, тек, Ерасыл Ермек қана барған. Құрама қоржынында 4 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль.

Ербол ЕРБОЛАТ

«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button