Жер қатынастары басқармасында — жаңа басшы

Қарқаралы ауданының бұрынғы әкімі Халел Мақсұтов жаңа қызметке тағайындалды. Ол енді Қарағанды облысының Жер қатынастары басқармасын басқарады.

Халел Мұқатайұлы Мақсұтов 1964 жылы 23 мамырда Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Бақты ауылында дүниеге келген. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін заң және экономика бакалавры мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын Қарқаралы автокөлік кәсіпорнында жүргізуші болып бастады. 1987 жылдан бастап комсомол органдарында қызмет етті. Қарағанды облыстық әкімшілігінде жастар ісі жөніндегі комитетті басқарды. Жастар ісі, туризм және спорт басқармасы бастығының орынбасары, Мичурин аудандық әкімшілігі бастығының орынбасары, Абай ауданы әкімінің орынбасары, облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасының бастығы қызметтерін атқарды. 1999 — 2009 жылдары Атырау облысының түрлі мекемелерінде қызмет етті, оның ішінде жұмылдыру, азаматтық қорғаныс, апаттар мен төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы болды. Кейін Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. 2011 жылдың мамыр айынан бастап соңғы тағайындауға дейін  Қарқаралы ауданының әкімі лауазымында қызмет атқарды.