Жер астындағы өмір һәм көмір
Қарағандыдағы «Алтын ғасыр» галереясында Кеншілер күніне орай «Жер астындағы сансыз метр…» атты көрме ашылды. 27 туынды қойылған шағын экспозицияның мән-мазмұны айқын: көмір үшін өмірін арнаған кеншілердің еңбегін көрерменге паш ету. Көрменің ашылу кезеңі «Қазақстан» шахтасында болған трагедиямен тұспа-тұс келді. Экспозиция шахтада опат болғандардың рухына арналды. Көрмедегі картиналар кеншілердің өмірі туралы тіл қатқандай.
Галерея басшылары Бибігүл Исполова мен Татьяна Абилова біздің заманымызда елге ең құнды отын өндіретін кеншілердің қаһармандық еңбегін көрсету, болашақ ұрпаққа олардың ерліктері туралы естелік қалдырудың маңыздылығын атап өтті. Бибігүл Исполова биыл 30 жылдан астам уақыттан кейін қарағандылық суретшілердің жер астына түсіп, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ «Қазақстан» шахтасының нөлдік көкжиегінде көмір өндірілетін № 3 учаскедегі лавада болғанын тілге тиек етті.
– Шахтер – ең қауіпті мамандықтың бірі. Кеншілер өзіне беймәлім жерлерге аяқ басады, тау жыныстарын жарып жібереді, кен балғасымен жұмыс істейді, жол салады. Олардың жұмысы – нәтижеге жету, ұңғымалау, лаваға түсу. Кеншілер жұмысында романтика жоқ: шексіз қараңғы жерасты туннельдері арқылы қозғалған, берік тіректері бар, физикалық зор күш жұмсайтын бейне көз алдыңа келеді, – деді Бибігүл Исполова.
– Өз еңбектерінде авторлар шахтаны тірі организм ретінде көрсетті: зор, қорқынышты, ауыр мінезді, бірақ адамға бағынған. Олар осы алыптың ішіне еніп, мүлдем басқа әлемді көре алды, – деп қосты Татьяна Абилова.
Шахтаға екі бірдей суретші тобы түскен. Бірінші топ биыл көктемде, екіншісі жазда жер астындағы өмірді өз көзімен көрді. Ал, бірінші қатысушылардың арасында Владимир Проценко, Айдархан Қалмаханов, Таңсық Мәжитова, Галина Коломенская және басқа авторлар бар. Марьяна Макеева екінші топта болған. Ол зор әсер алғанын айтты.
– 190 қабатты үйдің тереңдігінде, жер қойнауында, әлемдегі ең қауіпті шахталардың бірінде көргендерім ұзақ уақыт бойы жадымнан өшпес. Ізгілендіру, цифрландыру, жасанды интеллект, криптовалюта кезеңінде жер астында, тас қараңғыда, тар жерде, шаңда және шуда ең ауыр жұмыс жасап жатқан адамдардың қаһарман еңбегі әркімге ой салмай ма?! Бұл жұмыс құдды қарапайым еңбек адамдарының жерге тағзым еткені секілді, – дейді Марьяна.
– Бұрын суретшілер шахталарға тұрақты түрде түсетін және көрмелерде еңбек адамына, оның ішінде, кенші бейнеленген портреттерге басты орын берілетін. Осыдан кейін 30 жылдық үзіліс болды. Шахтаға түсіп, жер астындағы тіршілікті көрген әсерімізден осындай картиналар туды, – деді Владимир Проценко.
Оның «Шахтер Николай Романовскийдің портреті» атты туындысы көрмеге қойылған. Ол кейіпкерді бірінші топпен шахтаға түскенде кездестірген. Ашық-жарқын нағыз еңбек адамының бейнесі дерсің.
Шахтаға түскен суретшілердің баршасы ұмытылмас әсер алғанын мойындайды. Суретші Таңсық Мәжитова шахтер болу дегеннің не екенін, оның физикалық тұрғыдан қаншалықты қиын екенін анық өз көзімен көріп, түйсінгенін айтты.
– Біз жай ғана бақылаушы едік, бірақ соның өзіне көп күш жұмсалды. Ал, кеншілер ауысымдарды сол жерде өткізеді… Бұл – ауыр жұмыс. Кеншілер үнемі, күн сайын тәуекелге барады, – деді ол.
Галина Коломенская қылқаламдағы әріптесі Юлия Комарницкаямен бірге жұмыс істепті. Оның жолдасы да шахтер. Шығармалар бірнеше стильде: интерьер жұмыстары, ұлттық тақырыптағы жұмыстар, шахталары бар сәндік пейзаждар, сонымен қатар заманауи кенептер.
«Менің атам 1930 жылдары осында келіп, шахталарды жобалаған, ал әкем өмір бойы тау-кен саласында жұмыс істеген. Ол «Шахтер даңқы» ордендерінің толық кавалері. Мен үшін шахтаға түсу бұрын-соңды болмаған ерекше әсер қалдырды», – деп атап өтті Галина.
Айта кетейік, «Алтын ғасыр» галереясындағы «Жер астындағы сансыз метр…» көрмесі 4 қыркүйекке дейін жалғасады.
Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz