Жаңалықтар

Жемқорлықпен күрес – бұқараның ісі

Әлемде сыбайлас жемқорлықты түп-тамырымен жеңген бірде-бір мемлекет жоқ. Бірақ, қарқынды күрестің нәтижесінде оның зардабын айтарлықтай азайтқан елдер бар. Жең ұшынан жалғасқан жемқорлық белең алған қоғамда экономикалық дамуға, жемісті нәтижелерге қол жеткізу мүмкін емес. Сондықтан да, елімізде «Сарыарқа – адалдық алаңы» жобасы аясында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Оның бір парасына Теміртау қаласында куә болдық.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөнінде өткен жиында Қазақстанда жемқорлықтың дендеп кеткеніне алаңдаушылық білдіріп, оның тамырына балта шаппаса, ұлттық қауіпсіздік пен мемлекеттің болашағына нұқсан келтіретінін айтқан болатын. Мемлекет басшысы бұл дертпен бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып күресуге шақырды. Жеті басым бағыттарын да ұсынды. Атап айтқанда, азаматтардың құқығын қорғау, мемлекет пен азаматтық қоғамның әріптестігі, қоғамдық бақылауды күшейту, бюджеттік саясаттың ашықтығы, өңірлерді жемқорлыққа қарсы жұмылдыру, мемлекеттік қызмет көрсетуді цифрландыру, бизнеске қысымды төмендету.

Теміртау қаласында бұл жеті бағыт бойынша «Сарыарқа – адалдық алаңы» жобасы аясында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Қала әкімі Ғалым Әшімов ірі кәсіпорындарды аралап, еңбек ұжымдарымен кездесу өткізді. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ, «Теміртау электрометаллургиялық комбинаты» АҚ және «Central Asia Cement» АҚ ұжымында өткен кездесулер барысында жобаның мақсаты және оның бағыттары жан-жақты түсіндірілді. Сондай-ақ, жұмысшылар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берілді.

  • Біздің басты мақсатымыз – тұрмыстық жемқорлық деңгейін барынша азайту және теміртаулықтар үшін қолайлы жағдай жасау. Бұған қол жеткізу үшін жемқорлыққа бастауы мүмкін жағдайлардың алдын алу, бизнес үдерістерді оңтайландыру, бюрократиялық кедергілерді жою, қызмет алушылардың құқығын қорғау, мемлекеттік органдарға келушілер үшін қолайлы жағдай жасау және мемлекеттік қызметкерлермен тікелей байланыс орнататын жағдайларды азайту бағытында бірқатар кешенді жұмыстар қолға алынды. Сонымен қатар, қоғамдық бақылаудың интерактивті картасын енгізу және мемлекеттік сатып алуларды жүйелі мониторингтен өткізу жоспарлануда. Жобаны жүзеге асыру барысында тұрғындармен қарым-қатынас орнатылып, өзекті мәселелер ашық талқыланады. Бір сөзбен айтқанда, бұл – халықты алаңдатқан мәселелердің нақты шешімін ұсынатын жоба, – деді Ғалым Әшімов еңбек ұжымдарымен кездесу барысында

«Теміртау қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің мемлекеттікқұқықтық бөлімінің басшысы Ерлан Гомаровтың айтуынша, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және тұрғындарды адалдыққа шақыру мақсатында бірқатар іс-шаралар қолға алынған. Яғни, қала мектептерінде сатушысы жоқ «Адалдық дүкендері» ашылған. Бұл оқушыларды бала кезінен бастап адалдыққа, кісі ақысын жемеуге тәрбиелейді. Сондай-ақ, Ақтау поселкесі әкімдігінің ғимаратында «Safe Zone» алаңы ұйымдастырылған. Бұл жерде жергілікті тұрғындар қалаішілік телефонды, компьютерді және wi-fi желісін тегін пайдалана алады. Мемлекеттік органдар жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету және қоғамға жақын болу мақсатында 4 мемлекеттік мекеме басшыларының кабинеті бірінші қабатқа көшірілген. Сонымен қатар, тұрғындарға сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тақырыбындағы ақпараттық хабарламалар таратылған. Бұл жұмыстардың барлығы қарапайым халықты сыбайлас жемқорлық фактілеріне мүлдем төзбеушілікке шақырады.

  • «Сарыарқа – адалдық алаңы» жобасы үш басым бағыт бойынша жүзеге асуда. Біріншіден, тұрмыстық жемқорлықты жою және азаматтарға қолайлы жағдай жасау. Екіншіден, мемлекеттік органдар жұмысына қоғамдық бақылау орнату. Үшіншіден, тұрғындар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұстаным мәдениетін қалыптастыру, – дейді Ерлан Гомаров.

Атқарылған жұмыстардың тиімділігін анықтау мақсатында тұрғындар арасында әлеуметтік зерттеулер жүргізіледі. Өйткені, жемқорлықпен күрес – бұқараның ісі. Қарапайым халық “бармақ басты, көз қысты” сыбайластыққа мүлдем төзбеушілік таныта білсе, күрделі мәселенің күрмеуі оңай шешілері анық.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ

Басқа материалдар

Back to top button