АймақБас тақырып

Жел энергетикасы өңірге жаңа серпін береді

Қарағанды облысында жаңартылатын энергия көздерін дамыту бағытында тағы бір маңызды жоба жүзеге асты. Осакаров ауданында қуаты 150 МВт болатын өңірдегі алғашқы жел электр станциясы пайдалануға берілді. Заманауи технологиялармен жабдықталған нысанда 21 жел турбинасы орнатылған. Жобаға тартылған инвестиция көлемі 50 млрд теңгені құрады. Бұл бастама өңірдің энергетикалық әлеуетін арттырып, жасыл энергетиканы дамытуға, жаңа инвестициялар тартуға және экономиканы әртараптандыруға тың серпін беріп отыр. 

Мемлекет басшысы өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында энергетика саласын жаңғырту, экономиканы әртараптандыру және жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыру міндеттеріне айрықша мән беріп келеді. Өйткені, елдің тұрақты дамуы өндірістік қуаттардың артуы, оларды қажетті энергиямен қамтамасыз ету мүмкіндігімен де тығыз байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, Осакаров ауданында жаңа жел электр станциясының іске қосылуын стратегиялық маңызы бар бастамалардың бірі деп түйдік. 

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жаңа нысанның пайдалануға берілуі аудан мен тұтас өңірдің дамуына тың серпін беретінін атап өтті. Өз сөзінде мұндай жобалардың маңызы өндірілетін электр энергиясының көлемімен ғана өлшенбей, жаңа жұмыс орындары ашылып, мамандардың кәсіби құзыреті артатынын да жеткізді. Әрі жергілікті кәсіпкерлікке де қосымша мүмкіндіктер қалыптасатынын да тілге тиек етті. 

– Осакаров ауданы үшін бұл – маңызды жоба. Оның артында инвесторлардың, мамандар мен құрылысшылардың ауқымды бірлескен еңбегі тұр. Жаңа энергетикалық қуаттармен бірге жұмыс орындары, жаңа құзыреттер мен жергілікті бизнес үшін мүмкіндіктер пайда болғаны маңызды. Ең бастысы, жұмыс мұнымен аяқталмайды. Ауданның жел энергетикасын одан әрі дамытуға әлеуеті жоғары, – деді өңір басшысы.

Жел электр станциясын салу үшін Осакаров ауданының таңдалуы да бекер емес. Алдын ала жүргізілген зерттеулер осы аумақта желдің орташа жылдық жылдамдығы шамамен 8,5 м/с екенін көрсеткен. Ашық жер бедері мен жел ағынының тұрақтылығы электр энергиясын өндіруге қолайлы жағдай қалыптастырады. Мамандар табиғи мүмкіндікті тиімді пайдалана отырып, заманауи технологиялар негізінде жаңа энергетикалық нысан салды.

Станцияда әрқайсысының қуаты шамамен 7,7 МВт болатын 21 жел турбинасы орнатылған. Қалақтарын қоса есептегенде, олардың биіктігі 200 метрден асады. Жабдықтардың жұмысы арнайы бағдарламалық қамтамасыз ету арқылы орталықтандырылған жүйеде бақыланады. Ал, бұл өндірістік үдерісті қашықтан қадағалап, станцияның жұмысын тиімді басқаруға мүмкіндік береді.

Жобаның тағы бір ерекшелігі – оның ауқымы мен экономикалық тиімділігінде. «Гиперборея» компаниясы жүзеге асырған құрылыс нәтижесінде 20 тұрақты жұмыс орны ашылған. Ал, өндірістік қуаты жағынан бұл нысан Қазақстандағы ірі жел электр станцияларының қатарына қосылып отыр.

– Бұл – Қазақстандағы қуаты 150 МВт болатын ірі жел электр станцияларының бірі. Жалпы, ол Осакаров ауданы секілді шамамен он ауданның электр энергиясына деген тұтыну көлемін, Қарағанды қаласының тұтынуының шамамен 40-50 пайызын өтеуге қауқарлы, – деді «Гиперборея» ЖШС бас директоры Дмитрий Зайцев.

Жаңа станцияның іске қосылуы облыстың жаңартылатын энергия көздері саласындағы өндірістік әлеуетін де кеңейтті. Бұған дейін өңірде бес күн электр станциясы жұмыс істеп келсе, енді энергетикалық теңгерімге жел генерациясы қосылды. Бұл энергия өндіру көздерін әртараптандыруға, дәстүрлі отын түрлеріне түсетін жүктемені азайтуға және электрмен жабдықтау жүйесінің орнықтылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Жалпы, жаңартылатын энергия көздерін дамыту – экологиялық міндет қана емес, экономикалық қажеттілік. Әлемдік энергетика нарығындағы өзгерістер, электр энергиясына сұраныстың өсуі және өндірістік кәсіпорындардың жаңа қуаттарға деген қажеттілігі бұл бағыттың маңызын арттыра түсуде. Сондықтан, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, заманауи технологияларды енгізу және жеке инвестицияларды тарту өңірдің ұзақ мерзімді дамуында шешуші рөл атқарады.

Осакаров ауданында бұл бағыттағы жұмыстар мұнымен шектелмейді. Қазіргі уақытта мұнда қуаты 500 МВт болатын тағы бір жел электр станциясының жобасы жүзеге асырылуда. Жоспарға сәйкес, нысан аумағында 65 жел генераторын орнату көзделген. Бұдан бөлек, облыста жел энергетикасына қатысты тағы екі ірі жоба пысықталуда. Атап айтқанда, Теміртау қаласында қуаты 500 МВт, ал Қарқаралы ауданында 200 МВт болатын жел электр станцияларын салу жоспарланған.

Бұл жобалардың барлығы жүзеге асқан жағдайда, Қарағанды облысының энергетикалық әлеуеті едәуір артып, жаңартылатын энергия көздерінен өндірілетін электр қуатының көлемі ұлғая түспек. Сонымен қатар, жаңа инвестициялар тартылып, құрылыс, қызмет көрсету және техникалық мамандану салаларында қосымша мүмкіндіктер қалыптасады.

Осылайша, Осакаров ауданында алғашқы жел электр станциясының іске қосылуы өңір экономикасын әртараптандыруға, жаңа технологияларды игеруге және болашақтың энергетикалық жүйесін қалыптастыруға бағытталған нақты қадам. Табиғи әлеуетті тиімді пайдаланып, инвестициялық жобаларды жүйелі жүзеге асыру Қарағанды облысының тұрақты дамуына берік негіз болмақ.

Ербол ЕРБОЛАТ, 

«Ortalyq Qazaqstan» 

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button