Жаңалықтар

Әлеуметтік көмектің жаңа көкжиегі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында әлеуметтік саясаттың тиімділігін арттырып, мемлекеттік қолдауды халықтың нақты қажеттілігіне бағыттау міндетін алға қойды. Бұл ретте әлеуметтік көмектің әділ бөлінуі мен бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуы айрықша маңызға ие. Өйткені, жәрдемақы біреу үшін қосымша көмек болса, енді, сол жәрдемақымен күнелтіп отырған отбасылар да бар. Ал, 2027 жылғы 1 қаңтардан елімізде әлеуметтік төлемдерді тағайындау тәртібі өзгеріп, отбасының нақты әл-ауқатын бағалауға басымдық берілмек. Жеті баласын жалғыз жалақымен асырап отырған отбасының жағдайын цифрлық жүйе қаншалықты дәл бағалай алады? Осы сауалдарға ресми деректер, сала мамандары мен тұрғындардың пікірі арқылы жауап іздеп көрдік.
Коллажды жасаған Арайлым Коктаева

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің түсіндіруінше, өзгерістер әлеуметтік көмектің атаулылығын арттыруға бағытталған. Қолданыстағы тетіктерде адамның белгілі бір санатқа жатуы шешуші рөл атқаратын тұстар бар. Соның салдарынан тұрмысы жақсы отбасы мен қолдауға шынымен мұқтаж отбасы кейбір жәрдемақыларды бірдей тәртіппен алуы мүмкін. Мемлекет осы айырмашылықты нақтыламақ.

Ресми ақпараттағы сандарды да шатастырмаған жөн. Министрліктің қазан айындағы түсіндірмесіне сәйкес, 2027 жылғы 1 қаңтардан бюджет есебінен төленетін 36 түрлі жәрдемақының 12 түрін тағайындау кезінде отбасының әлеуметтік-экономикалық жағдайын кешенді бағалау көзделген. Қалған 24 түрі бұрынғы тәртіппен беріле береді. Оның үстіне, пилоттық жоба жөніндегі хабарламада сол 12 төлемнің толық, нақты тізімі ашық берілмеген. Сондықтан, «келесі жылдан бастап пәлен жәрдемақы міндетті түрде тоқтайды» деп кесіп айтуға ерте.

Жаңа тәсілдің негізгі құралы – Отбасының цифрлық картасы. Бұл жүйе жаңадан құрылған жоқ, 2023 жылдан бері қолданылып келеді. Қарашада жарияланған ресми мәлімет бойынша, ол 6,2 миллион отбасыны, шамамен 20,4 миллион адамды қамтиды. Карта отыздан астам мемлекеттік ақпараттық жүйеден алынатын мәліметтерді біріктіреді. Туу мен неке туралы дерек, еңбек шарты, ресми табыс, тұрғын үй, жер, көлік, кәсіпкерлік қызмет, әлеуметтік төлемдер – бәрі отбасының цифрлық бейнесін қалыптастыруға қатысады. Дегенмен, жүйеге түскен ақпараттың бәрі бірдей әл-ауқатты есептеуге пайдаланылмайды. Бағалауға бекітілген әдістемеде көрсетілген өлшемдер ғана негіз болады.

Сол өлшемдерге сәйкес отбасылар бес санатқа бөлінеді. А санаты – әл-ауқаты жоғары, В – ауқатты, С – тұрмысы қанағаттанарлық, D – экономикалық тұрғыдан осал, Е – экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан осал отбасылар. Ресми дерекке сүйенсек, жаңа талаптар ең алдымен А және В санаттарына қатысты. Ал, С, D және Е санатындағы азаматтар заңда көзделген талаптарды орындаса, тиісті қолдау алу құқығын сақтайды.

Бірақ, санаттың өзі өзгермейтін таңба емес. Отбасының табысы азайса, бір мүшесі жұмысынан айырылса немесе басқа өмірлік жағдай туындаса, бағалау нәтижесі де жаңаруы мүмкін. Әл-ауқатты бағалау шкаласында жан басына шаққандағы табыс үш күнкөріс минимумынан басталатын жоғары табыс өлшемі де бар. Десе де, бұл соманы барлық жәрдемақы үшін өзгермейтін жалғыз шек деп түсіну қате. Қорытындыға мүлік, қарыз, отбасы құрамы және ерекше қажеттіліктер сияқты бірнеше көрсеткіш әсер етеді. Тіпті, жалақысы бірдей екі отбасының санаты әртүрлі шығуы ықтимал. Ал, тіркелген мүлік пен шын мәніндегі тұрмыс бір-біріне сәйкес келмесе, оның ең осал тұсы да осы жерден көрінеді.

Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті ұсынған түсіндірмеде деректердің әр ведомстводан жиналатыны айтылған. Әуелі азаматтық хал актілері мен жеке тұлғалар базасы арқылы отбасы құрамы анықталады. Одан кейін табыс, мүлік, кредит, білім алу, медициналық сақтандыру және басқа мәліметтер қосылады. Ақпараттың бір бөлігі онлайн жаңартылса, кейбірі белгіленген кестемен түседі. Соның негізінде әр отбасының әл-ауқат деңгейі ай сайын қайта есептеледі.

– Есептеу әдістемесіндегі бірқатар ерекшелік осы күдікті сейілтуге арналған. Мысалы, бюджеттен төленетін жәрдемақы, алимент, тұрғын үй көмегі, қайырымдылық қаражаты мен бала туғанда берілетін біржолғы төлем отбасының табысы ретінде саналмайды. Пайдаланылғанына жиырма жылдан асқан жеңіл автомобильдер мен ауыл шаруашылығы техникасының құны нөлге теңестіріледі. Апатты баспана есепке алынбайды, тозығы жеткен үйге төмендету өлшемі қолданылады. Ал, бірнеше пәтері, қымбат көлігі немесе коммерциялық жылжымайтын мүлкі бар азаматтың жағдайы басқаша бағаланады. Ипотекалық қарыз бен ұзақ мерзімге кешіктірілген берешек, керісінше, отбасы бюджетіне түсетін жүктеме ретінде ескеріледі. Мүгедектігі бар немесе ауыр созылмалы аурумен есепте тұрған отбасы мүшелеріне қатысты төмендету коэффициенттері қарастырылған, – дейді халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау Комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы Нұркен Блялов.

Сондықтан, министрлік іске қосқан әлеуметтік әл-ауқатты бағалау калькуляторының қызметін дұрыс түсінген абзал. eGov.kz пен eGov Mobile арқылы қолжетімді құралда азамат алдымен өзін және бірге тұрып, ортақ шаруашылық жүргізетін отбасы мүшелерін көрсетеді. Келесі кезеңде мүлік пен табыс туралы мәліметтерді тексереді. Соңында жүйе алдын ала бағалау нәтижесін ұсынады. Бұл түпкілікті шешім емес. Калькулятордағы санат жәрдемақыны автоматты түрде тоқтатпайды және оның нәтижесімен келіспеу төлемнен бас тарту болып саналмайды.

Өзгерістердің бәрі шектеу сипатында емес. Қараша айынан баланың тууын тіркеу мен жәрдемақы тағайындауға өтініш беруді бір кешенді қызмет арқылы рәсімдеу тәртібі қарастырылды. Құжат толық болмаса немесе қате болып табылса, оны екі жұмыс күні ішінде түзетуге мүмкіндік беріліп, бастапқы өтініш күні сақталады.

2027 жылғы 1 қаңтардан Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бала күтіміне байланысты төленетін әлеуметтік төлемді алу тәртібінде де жаңалық бар. Бала бір жарым жасқа толғанша анасы жұмысқа ерте шықса, төлем сол себеппен тоқтатылмайды. Төлем алу құқығы анаға бекітіледі, ол қайтыс болған жағдайда заңды өкілге өтеді. Бұл барлық бала жәрдемақысына ортақ ереже емес, әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін нақты төлемге қатысты норма.

Есесіне, жұмысынан айырылған азаматтарға берілетін әлеуметтік төлем мерзімінің қысқаруы қоғамдық пікірталасты күшейтті. Қолданыстағы тәртіпте міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне қарай төлем бір айдан алты айға дейін тағайындалса, 1 қаңтардан ол үш ай болмақ. Төлем бұрынғыша соңғы жиырма төрт айдағы орташа сақтандырылған табыстың 45 пайызына негізделеді, ал, есептеуге алынатын табыс жеті ең төменгі жалақыдан аспайды.

Экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Анар Құрманәлина бастаманың екі жақты салдары болуы мүмкін екенін айтады.

– Кредитті көбіне тұрмысы төмен, әлеуметтік осал топтағы азаматтар мәжбүрліктен алатынын ұмытпау керек. Қағаз жүзіндегі теория мен тәжірибе мүлде басқаша нәтиже беруі мүмкін. Заң қабылданар алдында халықтың шынайы жағдайы мен оның экономикаға тигізетін ұзақ мерзімді әсерін жан-жақты таразылау маңызды, – деді Анар Құрманәлина.

Жеті баланың анасы, «Алтын алқа» иегері Тұмарай Айтуғанова мұндай жаңалықты алаңсыз қабылдай алмайтынын айтады.

– Жолдасымның табысы күнделікті қажеттіліктен артылмайды. Егер көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы да қайта қаралып, қысқаратын немесе тоқтатылатын болса, жағдай қиын. Әр отбасының жағдайы әртүрлі. Сондықтан, шешім қабылдарда отбасы мүшелерінің санын, бала санын, нақты тұрмыс жағдайын ескерсе екен деймін, – деді Тұмарай Айтуғанова.

Бұл пікірді жаңа тәртіпке түбегейлі қарсылық деп қабылдау артық. Ананың қарапайым тілегі. Отбасының әл-ауқатын бағалағанда жалғыз жалақының көлеміне ғана қарап үкім шығармау.

Демек, әлеуметтік саясаттағы басты сұрақ – ақшаның қанша түскені ғана емес, сол қаражат қанша адамның қажетіне жұмсалатыны.

Әлеуметтану ғылымдарының кандидаты, профессор Бану Абдрашева мәселеге тағы бір қырынан қарайды. Ол әлеуметтік қолдауды демографиялық саясаттан бөліп қарауға болмайтынын айтады. Ғалымның пікірінше, Қазақстан халқы өткен ғасырдағы ашаршылық, қуғын-сүргін мен соғыс салдарынан ауыр демографиялық шығынға ұшыраған. Сондықтан, көпбалалы отбасыларға берілетін көмектің мәні бүгінгі кіріс-шығыс теңгерімімен өлшенбеуі тиіс. Баланы өсірудің ұзақ мерзімді маңызын да ескеру қажет.

Рас, атаулы әлеуметтік қолдау мен демографиялық ынталандырудың мақсаты әртүрлі. Біріншісі – шектеулі қаражатты мұқтажға жеткізу, екіншісі – бала тәрбиесін қоғамдық құндылық ретінде қолдау. Бұл екеуі міндетті түрде бір-біріне қарсы емес, бірақ ара жігі заңда және халыққа берілетін түсіндірмеде айқын болуы керек.

Бану Абдрашева мүгедектігі бар адамдарды қолдау мәселесіне де назар аударады. Оның айтуынша, әлеуметтік саясат төлем берумен ғана шектелмеуге тиіс. Оның сөзіндегі тағы бір маңызды түйін – масылдықпен күресудің өзін әділетті жүргізу. Шынымен мүмкіндігі бола тұра еңбек етпейтін азаматқа қатысты талап пен объективті себеппен жұмыс істей алмайтын отбасының жағдайы бірдей емес. Бұларды ажыратпай, бәріне бір өлшем қолдану қоғамда сенімсіздік туғызады.

Ғалым қазақтың асар, жылу жинау, енші беру дәстүрлерін еске алып, мұқтажды қолдаудың түбінде міндетсіну емес, жауапкершілік жатқанын атап өтеді. Бүгін бұл ұстаным тек игі тілек болып қалмай, нақты мемлекеттік механизмнен көрінуге тиіс.

Министрлік 11 қаңтарда басталатын пилоттық жобаның нәтижесінде ұсыныстар әзірленетінін мәлімдеді. Жұмысты үйлестіру үшін арнайы жобалық офис құрылған, оған мемлекеттік органдармен қатар сарапшыларды тарту көзделген.

Бұл жерде сынақтың маңызды шарты – есептің ашықтығы. Қанша отбасының мәртебесі өзгерді? Қаншасы қайта қарауды сұрады? Қанша қате дерек түзетілді? Шынымен мұқтаж азаматтар көмектен қағылды ма, әлде қолдау соларға көбірек жетті ме? Осындай сұрақтарға жауап берілмесе, цифрлық жүйенің тиімділігін тек оны енгізу фактісімен дәлелдеу қиын.

Көпбалалы ананың «әр отбасының жағдайы әртүрлі» деген сөзі реформаның түпкі талабындай естіледі. Кімнің мұқтаж екенін компьютер анықтауы мүмкін. Бірақ, сол шешімнің әділеттілігіне жауап беретін – бәрібір адам мен мемлекет.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button