Мемлекет пен бизнестің цифрлық әріптестігі
Бүгінгі таңда цифрландыру мемлекеттік басқарудың барлық дерлік саласын, соның ішінде санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің жұмысын да қамтып отыр. Мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жетілдіру, бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайту және кәсіпкерлік субъектілерімен өзара іс-қимыл тиімділігін арттыру мақсатында Қазақстанда 2025 жылғы тамыз айынан бастап «Санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау» бірыңғай ақпараттық жүйесі (СЭҚ АЖ) енгізілді.

Ақпараттық жүйе республика бойынша 200 мыңнан астам бақылаудағы объект туралы мәліметтерді біріктірді. Оның енгізілуі көптеген жұмыс процестерін автоматтандыруға, қағаз құжат айналымын қысқартуға және кәсіпкерлер мен санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдары арасында ақпарат алмасуды жеделдетуге мүмкіндік берді.
Кәсіпкерлік субъектілері үшін жеке кабинеттер қарастырылған. Онда объектілер, рұқсат беру құжаттары, персонал, қызметкерлердің медициналық қарап-тексеруден өтуі, өндірістік бақылау және әкімшілік айыппұлдар туралы мәліметтер көрсетіледі. Өзара іс-қимылдың электрондық форматы кәсіпкерлерге уақытты үнемдеуге, мәліметтердің өзектілігін бақылауға және санитариялық заңнама талаптарын уақтылы орындауға мүмкіндік береді.
Өндірістік бақылау бойынша есептілікті электрондық форматта ұсыну мүмкіндігі ерекше маңызға ие. Өндірістік бақылау бақылаудағы объектілер қызметінің ажырамас бөлігі болып табылады және шығарылатын өнімнің, орындалатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жұқпалы аурулар мен тамақтан уланудың алдын алуға бағытталған.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында СЭҚ АЖ арқылы өндірістік бақылау бойынша 13 562 есеп қабылданып, 4 777 бұзушылық анықталған. Тәуекелдерді автоматтандырылған талдау нәтижесінде 470 объект тексеру жоспарларына енгізілген. Бұл көрсеткіштер санитариялық заңнама талаптарының бұзылуының алдын алу және оларды анықтау кезінде цифрлық технологиялардың практикалық маңыздылығын көрсетеді.
Жүйе жұмысының тағы бір маңызды бағыты – декреттелген топтағы халықты гигиеналық оқытудан өткізу тізілімін жүргізу. Мұндай оқытуды өткізу тәртібі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 16 қарашадағы № ҚР ДСМ-195/2020 бұйрығымен реттеледі.
Гигиеналық оқытуды жүзеге асыратын ұйымдар ақпараттық жүйеге мәліметтерді дұрыс енгізуге ерекше назар аударуы қажет. Оқытудан өткен адамдар туралы мәліметтер олар еңбек қызметін жүзеге асыратын объектіге тіркеліп, оның электрондық карточкасында көрсетілуі тиіс. Егер объект жүйеде болмаса, оны есепке қою үшін объектінің орналасқан жері бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау аумақтық басқармасына жүгіну қажет.
Кәсіпкерлерге жеке кабинетті үнемі тексеріп отыру, өз объектілері мен қызметкерлері туралы мәліметтерді уақтылы жаңарту, персоналдың медициналық қарап-тексеруден және гигиеналық оқытудан өтуін бақылау, сондай-ақ өндірістік бақылау бойынша есептілікті белгіленген мерзімде ұсыну ұсынылады.
Ақпараттық жүйеге e-sen.kz порталы арқылы кіруге болады. Пайдаланушыларға ыңғайлы болу үшін бейненұсқаулықтар, жиі қойылатын сұрақтарға жауаптар және техникалық қолдау қызметі қарастырылған.
Цифрлық технологияларды енгізу санитариялық талаптардың тиімді сақталуына, бұзушылықтарды уақтылы анықтап, жоюға, сондай-ақ халық денсаулығына төнетін қауіптердің алдын алуға ықпал етеді.
Шахтинск қалалық санитариялық – эпидемиологиялық бақылау басқармасы кәсіпкерлік субъектілерін ақпараттық жүйенің мүмкіндіктерін белсенді пайдалануға және санитариялық заңнама талаптарын орындауға жауапкершілікпен қарауға шақырады. Өйткені мемлекет пен бизнестің бірлескен жұмысының басты мақсаты – халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету және денсаулығын сақтау.
Г.ЖҰМАҒҰЛОВА,
Шахтинск қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау
басқармасы басшысының м.а.



