Қалдықты ресурсқа айналдыру мүмкін бе?
Қоршаған ортаны қорғау мәселесінде қалдықтарды басқару жүйесінің маңызы артып келеді. Өндіріс орындары шоғырланған Қарағанды облысында тұрмыстық және өндірістік қалдықтарды жинау, сұрыптау, қайта өңдеу мәселесі өзекті. Қоқысты полигонға жөнелтумен мәселе шешілмейді. Оны қайта айналымға енгізіп, экономикалық ресурсқа айналдыру экологиялық қауіпсіздік пен өндірістік тиімділікті қатар қамтамасыз ететін бағыт. Ал, бұл үшін заманауи инфрақұрылым, кәсіпорындардың белсенділігі және тұрғындардың экологиялық мәдениеті қажет.

Қарағанды облысында қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу бағытында белгілі бір нәтижелер бар. 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша өңірде тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу деңгейі 64 пайыздан асқан. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың облыс тұрғындарымен кездесуінде айтылды. Сонымен қатар, өңірде пластик қалдықтарын қайта өңдеу жобалары жүзеге асырылып жатыр.
Ұлттық статистика бюросының 2026 жылғы 5 мамырда жариялаған мәліметіне сәйкес, 2025 жылдың қорытындысында Қарағанды облысында 243,9 мың тонна коммуналдық қалдық сұрыпталған. Бұл көрсеткіш өңірдегі қалдықтарды басқару жұмысының ауқымын аңғартады. Дегенмен, сұрыптау мен қайта өңдеу жүйесін дамытуда шешімін күткен мәселелер де бар. Министрліктің дерегінше, облыста қатты тұрмыстық қалдықтарды орналастыруға арналған 168 полигон жұмыс істейді. Оның тек 53-і ғана экологиялық талаптарға сәйкес келеді. Бұл полигондардың басым бөлігін жаңғырту, инфрақұрылымын жақсарту және қалдықтарды қауіпсіз орналастыру мәселесін күн тәртібіне шығарады.
Қалдықтарды басқарудағы тағы бір өзекті мәселе – рұқсат етілмеген қоқыс орындарының пайда болуы. Мұндай аумақтар қоршаған ортаға зиян келтіріп қана қоймай, елді мекендердің санитариялық жағдайына да кері әсер етеді. Сондықтан, өңірде заңсыз қоқыс үйінділерін анықтау және жою жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қарағанды облысы бойынша Экология департаментінің мәліметінше, 2026 жылы өңір аумағында 500 заңсыз қоқыс орны анықталған. Оның 479-ы жойылып, қалған 21 нысанды тазарту жұмыстары жалғасқан. Бұл – анықталған үйінділердің 96 пайызы. Экологиялық заңнаманың сақталуын бақылау да күшейтілген. Жыл басынан бері Экология департаменті 100 кәсіпкерлік субъектісіне тексеру жүргізіп, заңнама талаптарының 331 рет бұзылғанын анықтаған. Тексеру нәтижесінде сотқа 19 материал жолданып, сот шешімдері бойынша салынған әкімшілік жазалардың жалпы сомасы 57,5 миллион теңгені құраған. Бұдан бөлек, жалпы сомасы 114,6 миллион теңге болатын 152 айыппұл салу туралы қаулы шығарылып, аталған қаражат толық өндірілген.
Сонымен қатар, полиция қызметкерлері заңсыз қоқыс төгу фактілерінің алдын алу үшін дрондар мен бейнебақылау құралдарын пайдалануда.Өңірде 148 рұқсат етілмеген қоқыс орны жойылған. Қоқыс тастау қаупі жоғары аумақтарда патрульдік бақылау ұйымдастырылған.
Қалдықтарды қайта өңдеу экологиялық міндет емес, экономиканың жаңа мүмкіндігі. Пластик, қағаз, картон, шыны және металл өндірісте қайта пайдалануға болатын шикізат саналады. Ал, органикалық қалдықтардан компост өндіруге болады. Мұндай тәсілдер табиғи ресурстарды үнемдеуге, полигондарға түсетін салмақты азайтуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Бұл ретте шағын және орта бизнестің әлеуеті зор. Қалдықтарды қабылдау, сұрыптау, өңдеу және дайын өнім шығару бағытында кәсіп ашуға болады. Алайда, мұндай өндірістің тұрақты жұмыс істеуі үшін шикізат жеткізу жүйесі, заманауи жабдық, инвестиция және дайын өнімді өткізетін нарық қажет.
Қалдықтарды басқару мәдениетін қалыптастыруда «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасының да орны ерекше. 2024 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан бұл жоба елді мекендерді тазарту, көгалдандыру және тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттыруды көздейді.
2026 жылы өңірде тазалық жұмыстарымен қатар, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру мен жасыл желекті көбейтуге басымдық берілген. Облыс әкімдігінің қараша айында жариялаған мәліметіне сәйкес, күзгі тазалық айлығы басталғалы бері өңірден 20 мың тоннадан астам қоқыс шығарылған. Қарағанды қаласында жаңа эко-саябақтың аумағына 4 500 түп ағаш егілген. Бұдан бөлек, облыстың қалалары мен аудандарында абаттандыру талаптарының сақталуын бақылау үшін 520 бейнебақылау камерасы орнатылған. Экологиялық бастама аясында көгалдандыру жұмыстары да қарқын алған. Өңірде 1,2 миллионнан астам ағаш пен бұтаның деректері цифрландырылып, 328 мектепте жасыл қор қалыптастырылған. Бұл жұмыстар жасыл желекті есепке алып қана қоймай, оның жай-күйін бақылауға және күтімін жүйелеуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, 2026 жылғы 8 мамырда Қарағанды облысында «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетін дамыту тұжырымдамасының 2029 жылға дейінгі іс-қимыл жоспары жаңартылған. Құжатта қалдықтарды бөлек жинау мәдениетін қалыптастыру үшін қоғамдық орындарға экобокстар мен фандоматтар орнату, қайталама шикізатты тапсырған тұрғындарды ынталандыру, экологиялық құқық бұзушылықтарды тіркейтін камералар санын арттыру көзделген. Су үнемдеу технологияларын енгізу мен экологиялық таза көлік инфрақұрылымын дамыту бағыттары қамтылған.
Облыста қалдықтарды басқару инфрақұрылымын жетілдіру бағытындағы жобалар да қарастырылған. Атап айтқанда, сұрыптау желілері бар бес жаңа полигон салу жоспарланған. Бұған қоса, Бұқар жырау, Шет және Нұра аудандарында жаңа полигондар салуға арналған жобалар бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алу көзделген. Қалдықтарды қайта өңдеу жүйесінің тиімділігі тек кәсіпорындар мен мемлекеттік органдардың жұмысына байланысты емес. Мұнда әр тұрғынның да жауапкершілігі маңызды. Қоқысты арнайы контейнерлерге тастау, пластик пен қағазды бөлек жинау, тұрмыстық қалдықтарды белгіленбеген жерге төкпеу – экологиялық мәдениеттің қарапайым көрінісі.
Жамал СОВЕТҚЫЗЫ
Ortalyq.kz



