Жаңалықтар

Отбасы әл-ауқаты – әлеуметтік саясаттың өзегі

Отбасының берекесі мен тұрақтылығы тек тұрмыстық жағдайымен қатар, оның әр мүшесінің еңбек етіп, тұрақты табыс табуына да байланысты. Сондықтан, азаматтарды жұмыспен қамту, еңбек нарығында тең мүмкіндік қалыптастыру және әлеуметтік қолдауды қажет ететін жандарға жағдай жасау – мемлекеттің маңызды міндетінің бірі. Жаңа Конституцияда неке мен отбасы, ана, әке және бала мемлекеттің қорғауында болатыны нақты бекітілген. Бұл – отбасы институтының қоғамдағы орнын айқындап қана қоймай, оның әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған әлеуметтік саясаттың да маңызын көрсетеді.

Сурет Ақордадан

Отбасы – қоғамның ең маңызды институты. Оның тұрақтылығы мен әл-ауқаты елдің әлеуметтік жағдайымен тікелей байланысты. Бір үйдің берекесі үшін ата-ананың тұрақты жұмысы, балалардың сапалы білім алуы, аға буынның әлеуметтік қорғалуы маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, жұмыспен қамту саясаты тек жұмыссыздық деңгейін төмендетуге бағытталған шара емес, ол – халықтың тұрмыс сапасын арттырудың негізгі тетігінің бірі.

Қазақстанның жаңа Конституциясының 30-бабында неке және отбасы, ана, әке мен бала мемлекет қорғауында болатыны жазылған. Сондай-ақ, балаға қамқорлық жасау мен тәрбие беру ата-ананың құқығы әрі міндеті ретінде белгіленген. Ал, 31-бапта азаматтардың ең төменгі жалақы мен зейнетақыға, заңда көзделген негіздер бойынша әлеуметтік қамсыздандыруға құқығы бекітілген. Демек, отбасының әл-ауқатын қамтамасыз ету мәселесі әлеуметтік бағдарламалар аясындағы жұмыс қана емес, конституциялық деңгейде айқындалған міндеттермен де сабақтасады.

Бұл міндеттерді жүзеге асыруда халықты жұмыспен қамту шараларының орны ерекше. Өйткені, тұрақты жұмыс – отбасы табысының негізгі көзі, ал, табыстың болуы адамның әлеуметтік жағдайын жақсартып, болашаққа сеніммен қарауына мүмкіндік береді.

Қарағанды облысында осы бағытта бірқатар жоба жүзеге асырылып келеді. Жыл басынан бері өңірдегі Еңбек мобильділігі орталығы арқылы 12 мыңға жуық адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған. Оның 5 мыңнан астамы субсидияланатын жұмыс орындарына орналасқан. Бұл тетіктің мақсаты – жұмыс іздеп жүрген азаматтарға еңбек нарығына қайта қосылуға мүмкіндік беру, тәжірибе жинақтауына және тұрақты жұмысқа орналасуына жағдай жасау.

Әсіресе, еңбек жолын енді бастаған жастар үшін мұндай қолдаудың маңызы зор. Аймақта «Жастар практикасы» жобасы аясында биыл 720 түлекті жұмыспен қамту жоспарланған. Қазіргі таңда оның 709-ы жұмысқа орналасқан. Бұл – жоспардың басым бөлігі орындалғанын көрсетеді.

Жоғары оқу орындары мен колледждерді тәмамдаған жас мамандар үшін алғашқы жұмыс орнын табу оңай емес. Көп жағдайда жұмыс берушілер тәжірибесі бар қызметкерлерді іздейді. Ал, оқуын енді аяқтаған түлекте теориялық білім болғанымен, еңбек өтілі жеткіліксіз болуы мүмкін. «Жастар практикасы» осы олқылықтың орнын толтыруға бағытталған. Жоба арқылы жас маман кәсіби ортаға бейімделіп, өз саласында тәжірибе жинайды. Ең бастысы, еңбек жолын бастаудың алғашқы мүмкіндігіне ие болады.

Жастардың жұмыспен қамтылуы – тұтас отбасының болашағына салынған инвестиция. Тұрақты еңбек жолына түскен жас маман өз табысын қалыптастырып, ата-анасына түсетін әлеуметтік жүктемені азайтады, ал, уақыт өте келе дербес отбасы құруға да мүмкіндік алады.

Дегенмен, әлеуметтік саясаттың қамту ауқымы тек жастармен шектелмейді. Еңбек нарығында тәжірибесі мол, бірақ, жасына байланысты жұмыс табуда қиындыққа тап болатын азаматтарды қолдау да маңызды. Өйткені, зейнеталды кезеңдегі адамның жұмыстан қол үзуі оның табысына, отбасылық бюджетіне де әсер етуі мүмкін. Қарағанды облысында осы жайт ескеріліп, аға буын өкілдерін еңбекке тартуға бағытталған «Күміс жас» және «Алтын жас» жобалары жүзеге асырылуда.

Қоғамда еңбек етуге ынталы болғанымен, жас ерекшелігіне байланысты жұмыс табуда кедергіге кездесетін азаматтар аз емес. Әсіресе, 50 жастан асқан, бірақ, зейнет жасына әлі жетпеген адамдар үшін тұрақты жұмысқа орналасу өзекті мәселе. Олардың арасында мол тәжірибесі мен кәсіби біліктілігі бар мамандар жеткілікті. Сол себепті, мұндай азаматтардың еңбек әлеуетін пайдалану әрі әлеуметтік қорғалуына жағдай жасау – маңызды міндет.

Осы мақсатта өңірде «Күміс жас» жобасы іске асырылып келеді. Бағдарлама 50 жастан асқан, зейнет жасына жетпеген жұмыссыз азаматтарды субсидияланатын жұмыс орындарына орналастыруға мүмкіндік береді. Оның ерекшелігі – мемлекет жұмыс берушінің жалақы шығындарының бір бөлігін өтейді. Субсидия мөлшері айына 30 айлық есептік көрсеткіштен аспайды.

Жобаға қатысу мерзімі үш жылға дейін созылады. Алғашқы 12 айда жалақының 70 пайызы, 13-24 ай аралығында 65 пайызы, 25-36 ай аралығында 60 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланады. Қалған бөлігін жұмыс беруші төлейді. Бағдарламаның маңызды тұсы – қатысу мерзімі аяқталған соң азаматқа зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін тұрақты жұмыс орны ұсынылуы тиіс.

Бұл – бір жағынан, тәжірибелі мамандардың еңбек нарығынан шет қалмауына мүмкіндік берсе, екінші жағынан, отбасындағы тұрақты табысты сақтауға ықпал ететін қолдау тетігі.

Аймақта соңғы төрт жылда осы жоба арқылы 4 725 адам жұмысқа орналасқан. Оның ішінде 2022 жылы – 322, 2023 жылы – 1 092, 2024 жылы – 1 471, 2025 жылы 1 840 адам қамтылған. Биыл 280 адамды жұмыспен қамту жоспарланған.

Бұл көрсеткіштер жобаның жыл сайын кеңейіп келе жатқанын аңғартады. Әсіресе, тәжірибелі мамандардың еңбекке қайта араласуы өңір экономикасы үшін де тиімді. Себебі кәсіби білімі мен еңбек дағдысы қалыптасқан азаматтар жаңа қызметкерлерге тәжірибесін үйретіп, жұмыс үдерісінің сапасына да үлес қоса алады.

Ал, зейнет жасына жеткен азаматтарды қолдау мақсатында 2025 жылдан бастап «Алтын жас» жобасы жүзеге асырылуда. Бұл бағдарлама зейнеткерлерге еңбек қызметін жалғастыруға мүмкіндік береді. Жоба аясында жалақының кемінде 50 пайызын жұмыс беруші төлейді, қалған 50 пайызы жергілікті бюджет есебінен субсидияланады. Мемлекеттік қолдау мөлшері бір ең төменгі жалақыдан, яғни, 85 мың теңгеден аспайды. Бағдарламаға қатысу мерзімі екі жылға дейін белгіленген.

Жобаның алғашқы нәтижелері де бар. 2025 жылы «Алтын жас» бағдарламасы бойынша 542 адам жұмыспен қамтылған. Бұл жоспарланған 400 адамның 136 пайызына тең. Қатысушылар жүргізуші, күзетші, бухгалтер, тәрбиеші, мұғалім және басқа да мамандықтар бойынша еңбек еткен. Биыл жобаны жалғастырып, тағы 600 адамды жұмысқа орналастыру көзделген.

Аталған бастаманың әлеуметтік маңызы зор. Біріншіден, зейнет жасындағы азаматтардың еңбек етуге деген ниетіне қолдау көрсетіледі. Екіншіден, олардың жинақтаған білімі мен тәжірибесі қоғам игілігіне жұмсалады. Үшіншіден, қосымша табыс адамның тұрмыстық қажеттіліктерін өтеуге, отбасы бюджетіне үлес қосуға мүмкіндік береді.

Мұнда бір маңызды мәселені де ескерген жөн. Еңбек етуге қабілетті зейнеткерлерді жұмыспен қамту – олардың зейнетақы алу құқығын алмастыратын шара емес. Керісінше, бұл азаматтардың өз қалауымен еңбек қызметін жалғастырып, қосымша табыс табуына жағдай жасауға бағытталған.

Жалпы, «Күміс жас» пен «Алтын жас» жобаларының ортақ мақсаты – адамның жасына қарамастан еңбекке араласуына мүмкіндік беру. Бірі зейнеталды кезеңдегі азаматтарды қолдаса, екіншісі зейнеткерлердің еңбек әлеуетін пайдалануға жол ашады. Мұндай бағдарламалар ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, тәжірибелі мамандардың қоғамдағы белсенділігін сақтауға да ықпал етеді.

Облыста жыл басынан бері 11 мыңнан астам адамның жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылуы, жастарға арналған жобаның жоспарға жақын орындалуы, сондай-ақ, аға буын өкілдерін қолдауға бағытталған бағдарламалардың жалғасуы өңірдегі әлеуметтік саясаттың бірнеше буынды қамтитынын көрсетеді.

Шынында, отбасының әл-ауқаты – бір реттік көмекпен немесе жәрдемақымен ғана өлшенбейді. Оның негізінде тұрақты табыс, еңбек ету мүмкіндігі, әлеуметтік қорғалу және болашаққа деген сенім жатыр. Жаңа Конституцияда отбасының мемлекет қорғауындағы құндылық ретінде танылуы осы бағыттағы міндеттердің маңызын айқындайды. Ал, оны нақты өмірде жүзеге асыру – әр азаматқа лайықты еңбек жағдайын жасап, әлеуметтік қолдауды қажет ететін жандарды назардан тыс қалдырмаудан басталады. Өйткені, берік отбасы – тұрақты қоғамның, ал әлеуметтік тұрғыдан қорғалған азамат – ел дамуының маңызды тірегі.

Жәлел ШАЛҚАР
“Ortalyq Qazaqstan”

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button