Әже

      Төрт түліктің сүмесіне жарып өссем де, ата мен әжеге жарымаппын. Жазу. Содан ба, әкемді – Ата, анамды – Тәте деп өстім. Біз де немере көрдік. Немеренің де немересі бар екен.

     Бір партада отырып, бірге өскен досымның менімен құрдас жары ертерек кетіп қалды. Арамыздан. Өзі мұғалім, өзі ана, өзі апа, өзі Әже еді. Алматының түбіндегі Шамалғандағы Екпінді ауылында тұрады. Ат басын жиі бұрам.

     Қоңыр күз. Досыммен кешкі сейілге шықтық. Ай сүттей ұйып, төбемізден жұлдыздар жауып тұр. Екі бала шоқиып Айға қарап отыр. Білдіртпей тың тыңдадық. Кішісі Темірлан сұрақ қояды.

Фариза, Әжем қайда? – дейді.

Әжең көктегі анау жап-жарық жұлдызға айналған. Сенің сөзіңді естіп тұр. Бүгін сабақтан бес алдың ғой. Соны айт әжеңе, – дейді Фариза.

     Жүрек шым ете қалды. Досым екеуміз көкке қарадық. «Біздің Әжелеріміз, Аталарымыз, Әкелеріміз, Аналарымыз қай Жұлдыз екен?!» деп.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.