Бас тақырыпОблыс әкімі

Жеңіс Қасымбек, облыс әкімі: “Мамама алғашқы сыйлығым қолғап болатын”

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, 8 наурыз мерекесі қарсаңында облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК аймақ журналистикасында жүрген қыз-келіншектермен кездесіп, сұхбат берген болатын. «Сарыарқа» телеарнасының алаңында өткен кездесудің біз бүгін газеттік нұсқасын жариялағалы отырмыз. «Әкім сағатында» «Гендерлік теңдік: саясаттағы, бизнестегі әйелдердің рөлі және аймағымыздағы тың әлеуметтік бастамалар» әңгіме арқауына айналған-ды. Онда әлеуметтікэкономикалық мәселелермен қатар, тақырыптан тыс қызықты сұрақтар да қойылды. Мәселен, содан біз аймақ басшысының ата-әже баласы екенін білдік. Анасына алғаш сыйлыққа қолғап тігіп бергенін білдік. Кәдімгі қарапайым сыйлықтарды сыйлайтынын аңғардық. Мамандығы архитектор болғандықтан бейнелеу өнеріне бейімі бар көрінеді. Әкіммен болған әңгіменің қызықты кей тұстары қаз-қалпында, боямасыз түрде оқырмандар назарына ұсынылады. Оқып көріңіз. Сонымен, таныс та бейтаныс әкім – алдарыңызда…

«8 НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІН ЕРЕКШЕ ЖАҚСЫ КӨРЕМІН»

 Светлана ШУЛЬЦ, «Сарыарқа» телеарнасының шеф-редакторы:

– Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Сізбен жүздесіп отырғанымыз қуанышты жағдай.

Жеңіс ҚАСЫМБЕК, облыс әкімі:

– Ғажап мерекелердің бірі – көктем мейрамы. Менің отбасымда үш қызым болғандықтан, бұл мерекені ерекше жақсы көремін. Жұбайым, анам бар. Сондықтан, бұл мен үшін аса зор мәнге ие мереке.

Светлана ШУЛЬЦ, «Сарыарқа» телеарнасының шеф-редакторы:

– Отбасыңызда қыздарыңыз көп болған соң, маңызды мереке ме? Әлде басқа да себептер бар ма?

 Жеңіс ҚАСЫМБЕК, облыс әкімі:

– Біріншіден, көктемнің алғашқы мерекесі емес пе? Көктем – жаңалықтарға бастайтын, көңіл-күйді көтеретін кереметі бар мезгіл. Табиғатта жаңару осындай тамаша мерекемен басталады. Жаңа айтып өттім, көктем отбасылық дәстүрмен де байланысты. Сол себепті, бұл мерекені жақсы көремін. Отбасым да асыға күтеді.

«ӘЙЕЛДЕР ҚАУЫМЫ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚТАН АЛШАҚ ЖҮРЕДІ»

Светлана ШУЛЬЦ, «Сарыарқа» телеарнасының шеф-редакторы:

 – Гендерді әркім әртүрлі түсінеді. Гендер – бұл ер мен әйелдің теңдігі. Бірақ, мұны кейбіреулер әйелдердің билікке ұмтылуы деп ұғынады. Сіз, өзіңіз солай ойлайсыз ба?

Жеңіс ҚАСЫМБЕК, облыс әкімі:

– Мұндай түсінік осыдан 20-30 жыл бұрын болған шығар. Осы саясат енді қолға алынған сәтте, сірә. Қазір бәрі басқаша ғой. Бүгінде әйел адам өзі қайда еңбек ететінін, кім болып еңбек ететінін, қайда оқуға түсетінін, өмір салтын өзі таңдайды. Әрине, қазақ қоғамында, шығыстық дәстүрде өзіндік шарттық ерекшеліктер бар, түсіністікпен қабылданады. Дегенмен, қазіргі уақытта әйел адамның мүмкіндігі мол деп ойлаймын. Бұл – тамаша. Өзім әйел адамның мемлекеттік қызметте жүргенін қуана қоштаймын. Өйткені, оларды өз басым сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне төзімді, мықты деп санаймын. Бұл – анық. Олар мемлекеттік қызметтегі көптеген мәселеде тұрақты, нақты. Сол себепті мәслихаттарда көптеп болғанын қалаймын. Десек те, біздің мәслихатта аса көп емес. 10 пайыздан аз. Бірақ бұл уақыттың еншісіндегі шаруа.

Светлана ШУЛЬЦ, «Сарыарқа» телеарнасының шеф-редакторы:

– Пайыздық үлеспен алғанда әйелдердің үлес салмағы қанша? Қарағанды облы­сындағы бизнесте қанша әйел бар, мәселен?

Жеңіс ҚАСЫМБЕК, облыс әкімі:

– Мемлекеттік қызметте өте аз, әрине. Бізде аудан әкімдерінің 8 орынбасары нәзік жандар. Ақтоғай ауданының әкімі Салтанат Мірәсілқызы – жалғыз әкім. Ең қызығы, жергілікті аудандық, қалалық мәс­лихаттарда, яғни, аудан-қалаларда саны – басым. Ал, облыстық мәслихатта – аз. Бизнестегі көрсеткішті нақты айта аламын. Сексен мыңға жуық шағын және кәсіпкерлік субъектілерінің 43 мыңын жолы жіңішке қауым басқарады. Жартысынан астамы, бұл көп жайттан хабар береді. Бұлардың басым бөлігі қызмет көрсету салаларында. Ер азаматтардың индустриалды кәсіпорындарда екені белгілі. Алайда, Қарағанды облысында шағын кәсіпкерліктің жартысынан астамына әйелдердің басшылық етуі де бұл саладағы жақсы көрсеткіш.

«БАЛАЛАРДЫҢ ТӘРИБЕСІНЕ АРАЛАСУҒА ТЫРЫСАМЫН»

Гүлбақша АҚАЖАНОВА, «Сарыарқа» телеаранасының шеф-редакторы:

 – Осы тұрғыда менде бір сұрақ туындап отыр. Кеше ғана біздің жаңалықта да шықты. 25 жастағы қыз бала Саран шахтасында жұмыс істейді екен. Жеті қат жер астына түсіп, ер азаматтармен бірдей еңбек етуде. Жалпы, біз ер мен әйелдің құқы тең деп айтамыз. Бірақ, үй тірлігіне келгенде бұл заңдылық сақтала бермейді. Мысалы, өзіңіз таңның атысы, күннің батысы қызметтесіз. Сіз қаншалықты үй тірлігіне араласыз және балаларыңыздың тәрбиесіне бөлетін уақытыңыз көңіліңізден шыға ма?

 Жеңіс ҚАСЫМБЕК, облыс әкімі:

– 25 жастағы нәзік жан шахтада жұмыс істейді деген мен үшін біртүрлі. Расында, бұл физикалық жағынан қиын жұмыс қой. Жердің астында. Екіншіден, ұжым толған ер-азамат. Сондықтан қиындау болатын шығар. Бүгінгі күні аздап қолайсыздау көрінеді. Бұл – менің пікірім. Енді, өзімнің отбасым туралы айтсам, дұрыс айтасыз, жұмысқа ерте кетемін. Сағат 8-де келемін. Кеш қайтамын. Балалар ұйықтап жатады. Таңертең де балалар ұйықтап жатады. Үй жұмысына менің жолдасым жауапты. Сол үшін ол кісіге көп рахмет! Бірақ, балалардың тәрбиесіне араласуға тырысамын. Үш қыз бала мамасына тартылады ғой. Ал, кішкентай кенже ұл балам 13-те. Қарағандыда, осында қазақ мектебінде оқып жатыр. Оның тәрбиесінде менің үлесім көбірек. Осылай жұмысты бөліп алғанбыз әйелім екеуміз.

«МӘСЕЛЕ – НАЗАРДА»

Гүлбақша АҚАЖАНОВА, «Сарыарқа» телеарнасының шеф-редакторы:

– Қазір жасыратыны жоқ, Алашты алаңдатқан сауал – коронавирустің әлемді жаулауы. Бұған Қарағандыда сақтық шаралары қалай жүріп жатыр?

Жеңіс ҚАСЫМБЕК, облыс әкімі:

 – Денсаулық басқармасының басшысы бұл жөнінде арнайы баспасөз мәслихатын өткізді. Дайындық бар. Интернетте көптеген пікірлер жүр. Дайын емеспіз, анауақ, мынау-ақ деген сыңайлы. Ол – жалған ақпарат. Бір – жағынан дүрлігу, екінші жағынан арандату да бар, расын айтқанда. Енді күнде осы мәселені назарда ұстап отырмыз. Қай жерде қандай дайындық бар, толық ақпаратты ресми түрде бере аламын. Жалпы, Қазақстан бойынша көптеген жұмыстар атқарылуда.

«КҮНГЕЙДЕГІ ИЕСІЗ ЖАТҚАН 6-7 ШАҚЫРЫМ ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫНЫҢ БАЛАНСЫНА АЛЫНАДЫ»

 Ирина ВАБИШЕВИЧ, «5» арна тілшісі:

– Менің сауалым әлеуметтік негізде Күнгей шағын ауданы жөнінде. Күнгей шағын ауданы 25 жылдан астам уақыт бұрын бой көтерді. Су желісі суға ие монополистердің балансына әлі берілген жоқ. Яғни, су желісінде қандай да бір апат болса, оны су монополистері біздің балансымызда жоқсыздар, өздеріңіз жөндеңіздер дейді. Ал, оның есеп-қисабы айтарлықтай ауқымды. Бұл өзекті мәселе шешімін қашан табар екен?

Жеңіс ҚАСЫМБЕК, облыс әкімі:

– Шынымен де, өте өзекті мәселе, дұрыс айтасыз. Он жыл бұрын Күнгейден жер телімдері қала тұрғындарына берілді. Сол кезде инженерлік-инфрақұрылым жүргізілмеген, су, жылу, жарық желілері тартылған жоқ. Мұның сыртында салынбаған жолы бар. Сондықтан 2007 жылдан бастап, жеке тұрғын үй құрылысы мақсатында жер телімі берілмейді. Жалпы, Күнгей ғана емес, Қарағанды бойынша инфрақұрылымы жоқ өте көп жер телімдері беріліп тасталған. Бұл – үлкен проблема. Қазіргі таңда Күнгей-1, Күнгей-2, Күнгей-3 бар. Жұмыс жоспарлы түрде бірнеше жыл қатарынан жүргізілуде. Қала әкімдігі мен менің тікелей бақылауымда. Өткен жылы жарық бойынша магистральдік желілер салынды. Қазір тарату жұмысы басталады. Су және өзге де коммуникация бойынша жобалық сметалық құжаттар дайындалуда.

Күнгейде жалпы су желісі 130-132 шақырым көлемінде. Оның 120 шақырымы – Қарағанды қаласының құрылыс бөлімінің балансында. «Қарағанды суда» тағы да бірнеше шақырымы бар. Сіз айтып отырған проблема 6 шақырымдық құбырларда. Оны кезінде тұрғындар магистральді желіден өздері тартып алған. Енді ол үйлер бірнеше рет сатылды. Жаңа келгендер сол су жүйесін күтпейді, «Қарағанды су» да керек қылмайды. Содан ол иесіз болып шыға келеді.

Ол желіде қандай да бір апат шыққанда, оған ақы төлейтіндер табылмайды. Сөйтіп, тұрғындар өздері ақша жинауға мәжбүр. Көктем келіп, қар кетісімен су желісіне инвентаризация жүргізіп, Күнгейдегі иесіз жатқан 6-7 шақырым Қарағанды қаласының балансына алынады.

«МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНДА ӨЗГЕРІС БОЛАДЫ»

 Арайлым ЕРКЕБАЕВА «Жас алаш» газетінің меншікті тілшісі:

– Мәдениет саласына қатысты сауал жолдағым келеді. Мәдениет басқармасына жаңа басшы келуде. Осы орайда мәдениет саласында қандай да бір жаңалық бола ма? Мысалы, менің өзімді алаңдататын мәселе көп. Қарағанды музыкалық комедия театры бар. Онда баламды жиі апарамын. Сонда бірдебір қазақша қойылым болғанын көрмеппін. Оған қоса, бейресми ақпараттар бойынша, осы театрға Ресейден мамандар шақырылады екен. Сонда бізде мамандар жоқ па? Мәдени тұрғыда жаңалықтар бола ма?

Жеңіс ҚАСЫМБЕК, облыс әкімі:

– Өзгерістер жасау жөнінде жаңадан келген басшыға арнайы тапсырма берілді. Дұрыс айтасыз, сіз айтып отырған музкомедия театрында да қазақша қойылым болуы тиіс. Сондықтан облыста ондай өзгеріс болады. Мен сізге уәде беремін. Бұл – маңызды мәселе. Орынбасарым да, басқарма басшысы да жаңадан келді. Екеуі де осы салаға жақын. Алдағы уақытта бұл сала бойынша сізге сұхбат берейік. Жалпы, өзгеріс болады.

«СЫНДЫ БАЙЫППЕН ҚАБЫЛДАЙМЫН»

Оксана Мягких, «Индустриальная Караганда»:

– Әкімнің жұмысы қашанда елдің көз алдында. Яғни, сынға сылтау да, себеп те көп­теп табылады. Сынға көзқарасыңыз қалай?

Жеңіс ҚАСЫМБЕК, облыс әкімі:

– Әрине, алғашында көпшіліктің жұмысымен айналыса бастағанда аздап, көңіліме қаяу түсіретін. Қазір олай емес, барынша айтылған сынның астарына үңілуге тырысамын. Бұл сын неге айтылды? Бұған қалай жол берілді? Және мұндай форматта неге орын алды? Менің көзқарасым бұл адамдардың көзқарасымен қалай бір жерден шықпады? деген сауалдар төңірегінде жауап іздеймін. Бұл бағытта баспасөз қызметіндегі әріптестерім маған көп көмек беріп отыр. Кез келген сыни мақалаға да, жағымды жаңалыққа да жылдам әрекет етуге ұмтыламын. Қазір сынды байыппен, байсалдылықпен және конструктивті көзқараспен қабылдаймын.

«КЕПІЛДІК БЕРЕМІН»

 Ирина МОСКОВКАЯ, «Время» газеті:

– Волочаевская көшесіндегі тұрғын үй құрылысы жөнінде. Тұрғындар бұл үйлерді қауіпсіз емес, екінші Бесоба болады деп алаңдауда. Сіз тұрғындарға аталған құрылыс қауіпсіз деп кепілдік бере аласыз ба?

Жеңіс ҚАСЫМБЕК, облыс әкімі:

– Сот бұл үйге қатысты тәуелсіз сараптама жасауға ұйғарым шығарды. Біз оған қанағаттанбай отырмыз. Бұл орайда «ҚазМИИР» және «КазНИИСА» секілді беделді ұйымдардың сараптауын өткізу үшін құрылыс ұйымын міндеттедік. Қанша уақыт алатынын білмеймін, Казнир егжей-тегжейлі сараптама жасауға дайын. Бұған қажет десеңіздер, сіздерді, қоғам белсенділерін қосуға әзірмін. Мен бұл үй бойынша құрылыстың беделді сараптама ұйымдарының қорытындысынан кейін жалғасатынына, я тоқтатылатындығына кепілдік беремін.

«СЫЙЛЫҚҚА АСА ҚЫМБАТ ДҮНИЕ ІЗДЕМЕЙМІЗ»

Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА, «Айқын» газетінің тілшісі:

– Отбасында осы мерекені асыға күтеді дедіңіз. Сонда бұл мерекенің басқа мерекелерден не артықшылығы бар ма сіздер үшін?

Жеңіс ҚАСЫМБЕК, облыс әкімі:

 – Жалпы, бұл – бас қосатын мереке ғой. Біз туыстарымыздың отбасылары жиналып, құттықтаймыз. Расын айтайын, мамама, әйеліме, қыздарыма әлі дайындығым жоқ. Енді бастаймын. Бірақ Жаңа жылда қыздарыммен ақылдасып, сұрадым. Не сыйлау керектігін. Үлкен қызым кітап сұрады. Мен соған қуандым. Кітап сұрады. Киім емес, басқа ештеңе емес. Кішкентай қыздарым суретке жақын. Соған сай сыйлықтар іздедім. Осы жерден таптым. «Абди» дүкенінен. Асып бара жатқан ештеңе іздемейміз. Бірақ есте қалатын сыйлықтар. Мысалы, өзімнің есімде. Мамама бірінші сыйлығым мектепке барғанда қандай болғанын.

Ол кезде еңбек сабағы болатын. Сол сабақта мен мамама сыйлыққа асүйде киетін қолғап жасап әкелдім. Кейін өсе келе, орындық секілді сыйлықтар жасадым.

«БАСТЫҚ БОЛМА, АДАМ БОЛ»

Гүлбақша АҚАЖАНОВА, «Сарыарқа» телеарнасының шеф-редакторы:

 – Отбасылық әңгіме өрбіді ғой. Менде бір сауал бар. Сіз ата-әже мектебін көріп, тәлімін алғансыз. Қоғамда баланы атаәжеге беру туралы пікір екі түрлі. Біреу жақтайды, біреулер даттайды. Осыған байланысты сіздің пікіріңіз қандай? Сіз ата мен әженің қандай тәлімін өмірлік қағида еттіңіз?

Жеңіс ҚАСЫМБЕК, облыс әкімі:

– Өте жақсы сұрақ. Расында, мен бес жасқа дейін ауылда, атам мен әжемнің қолында өстім. Мектепке барарда бес жасымда қалаға көштім. Бірақ бір айдан соң атам мен әжем шыдай алмай артымнан қалаға көшіп келді. Бірге тұрдық. Үлкен кісілердің тәрбиесі ерекше ғой. Сол кісілердің арқасында мен ауылдың иісін сездім. Сол жүрегімде қалды. Сол кісілердің ақылы. Сол кісілердің тәрбиесі. Атам «Бастық болма, адам бол» дейтін. Негізі, үйдегі, отбасындағы біздің принцип бұл.

P.S: “Әкім сағатындағы”  бұқара бұйымтайын көтерген сауалдар мен әкімнің өзекжарды әңгімесінің бір үзігі – осындай. Әкім күнде сұхбат беріп, әңгіме-дүкен құра бермейді. Оған ел алдындағы қызметінен қолы да тимейді. Уақыты да жоқ. Сәті түскен сұхбаттың сондықтан да газеттік нұсқасын жариялауды жөн көрдік. Ал, эфирге шыққанда, ел өз бағасын берер. Біздің мақсат орайы келген жүздесудегі – жүрекке жылы тиген тұстарын жұртшылыққа ұсыну еді…

Қызғалдақ АЙТЖАН

Басқа материалдар

Back to top button