Бас тақырыпКөкейкесті

ЖАЗҒЫ ТУРИЗМ: жарнама ақсап тұр

Жаз мезгілі – әр елдің өз бюджетін қампайтып қалуға тырысатын уақыт. Бұл кезеңде туристер саны күрт артады. Демалыс уақытын шетелде өткізгісі келгендер де, туған жерін аралап көргісі келетіндер де осы қолайлы күндерді таңдайды. Дегенмен, бізде сырттан келгендерді де, ішкі саяхатшыларды да күту жағы сын көтермейді. Қазақстанды аралап көргісі келгендер үшін ақпарат жоқтың қасы. Ғаламтордан іздесеңіз, айналдырған он мекен ғана алдыңнан шығады.

ОН ЖЕР ҒАНА ҚОНАҚ КҮТЕ МЕ?

Қазақстанда туризм саласы ақсап тұрғанын жылдар бойы жасалған арнайы тізімнен де білуге болады. Мәселен, «қай жерлерге баруға болады?» деп арнайы сайттарды қарасаңыз, көрікті әрі мейманкүтер жер деген мағлұматтан он жерді ғана табасыз. Олар: Бурабай, Балқаш, Есік, Қапшағай, Үлкен Алматы, Шарын, Қайынды, Тянь-Шань, Түркістан, Арыстанбаб. Мұның барлығы дерлік көл мен бұрыннан бар туризм орталықтары. Ал, жаңа нысандарды іздеп табу – қиыннын қиыны. Өйткені, олар тізімде жоқ. Содан болар туристер де осы жерлерге құмар. Бір ғана Қарағанды облысында қонақтарды күтіп алар тарихи, мәдени, рухани азық болар жерлердің тізімі оннан асып кетеді. Бірақ, сырттағы жұрт бейхабар. Ал, біз осылай «ондықтың ішінде Балқаш көлі бар» деп қол шапалақтап жүре береміз бе?

Интернеттегі танымал тізімде тұмса табиғатымен ерекшеленетін Қарқаралы, Ұлы Даланың Ұлытауы, сан тарихи құпияны сақтаған Шет өңірі, Алаш ардақтылары дүниеге келген Ақтоғай, Бұқар жырау аудандары неге жоқ? «Өзіміздің салғыртығымыз» демегенде не дейміз? Облыс әкімдігінде бұл салаға жауап беретін басқарма бар. Ол – кәсіпкерлік басқармасы. Арнайы сайтына кіріп, «аймақта туризм қалай дамуда?» деген сауалға, жауап іздедік. Бірақ, мардымды нәрсе таппадық. Туризмді табыс көзі деп білмейміз бе, әлде…

БАЛҚАШ, АЛАТАУ, КӨКШЕТАУ…

Жақында Fly Arystan лоукостері ішкі туризмді жетілдіру мақсатында ұшаққа орынды қолжетімді бағамен сатуды бастап кетті. Бұл үшін 2,4 млрд. теңге қарастырған. Балқаш, Алакөл, Көкшетауға негізгі басымдық берілген. Ал, басқа жерлердегі туризмге олардың бас ауыртқысы келмейді. Өйткені, осы үш орталықтың жарнамасы жер жарып тұр. Айтпақшы, Қарағанды облысында туристер үшін жаңа демалыс орындары пайда болады. Балқаш курорттық аймағын дамытуға шамамен 30 млрд. теңге жұмсалмақ. Туристік сала Қарқаралыда да кеңеюде. Бұл мекенде бес жеке демалыс аймағын ашу жоспарлануда. Инвестиция 1 млрд. теңгеден асады. Ұлытауда туристер үшін визит-орталық салынды. Ауданда қасиетті орындар мен көрікті жерлерге жолдар жөнделуде. Биыл Жошы ханның тарихи-мәдени кешенінің құрылысы аяқталады. Жобалар бар, тек жарнама жетіспегені болмаса…

ТҮЙІН…

Биылғы жылы Қазақстан туризм бойынша әлемдік рейтингте соңғы орындардың біріне тұрақтады. Жалпы тізімде 78 мемлекет болса, еліміз тек Иран мен Оманнан ғана алда. Яғни, 76-сатыда. Қазақстанға саяхат саласы бойынша 100 ұпайдан тек 4,4 ұпай берілген. Табиғатының көркі бойынша 100-ден 10,4 ұпай, климаттың қолайлылығы 2,1 ұпай, қонақжайлылық үшін 7,4 ұпай белгіленді. Былтыр отандық қонақ үй, хостелдер мен өзге де турист күту орындары 66,9 млрд. теңгеге қызмет көрсеткен. Әлемді әбігерге салған коронавирус әлегінен де болар. Бірақ, бұған дейін де туризм саласындағы жетістігіміз шамалы болатын. Олқылықты толтыру мақсатында мемлекеттік бюджеттен миллиардтаған теңге бөлініп жатса да, әлемде табыс көзі жағынан үшінші орынды иеленетін туризм саласы бізде әлі тұралап тұр…

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button