Бас тақырыпКөкейкесті

ҚҰЖАТСЫЗ өмір – өмір ме?

Адам құқығы мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі жоғары комиссарының кеңсесімен бірге азаматтығы жоқ адамдар мәселесін шешу мақсатында IBelong науқанын іске асырып жатқанына 7 жылға аяқ басты. Әлемдік жоба нәтижесін беріп, елімізде мыңдаған адам азаматтық алып, төлқұжатқа ие болды.

Мынадай қызық дерек бар. Ұлыбритания патшайымының төлқұжаты жоқ. Бірақ, ол әлемде емін-еркін жүре алады. «Ұлыбританияның төлқұжаттары ұлы мәртебелі патшайымның атынан берілгендіктен, патшайымның өзі бұл құжатқа мұқтаж емес»,– деп жазады Ұлыбритания монархиясының ресми сайты. Бұл отбасының басқа мүшелерінде төлқұжат бар. Патшайымға құжатсыз көлік жүргізуге де рұқсат етілген.

Бұл, енді әлем таныған тұлға болса, жер бетінде мыңдаған адам жеке басын куәландыратын құжатсыз өмір сүруде. Әрине, Ұлыбритания патшайымына құжат керек емес, ал жеке куәліксіз жүрген азаматтар үшін бұл – бас қайғы.

474 құжатсыз адам жеке куәлік алды

Дерекке сүйенсек, 2019 жылғы алғашқы алты айда Қазақстанда 7 500 адам азаматтығы жоқ тұлға ретінде тіркелсе, тағы 5 мыңнан астамының мәртебесі айқындалмаған.

Ал, біздің облыстың аумағында 2020 жылы 474 құжатсыз адам жеке куәлікке қол жеткізді. Бұл жерде облыстық полиция департаментінің көші-қон қызметі ауқымды акция шеңберінде құқықтық мәртебесі жоқ адамдарды құжаттандыруға көмек бергенін айта кету керек. «Азаматтардың құжатсыз қалуының себептері өте көп. Біріне балалық шақта ата-анасы мән бермесе, кейбірі өздері жоғалтып, жеке мәселесіне байланысты қалпына келтіре алмаған. Құжатсыз жүрген әр адамның өз оқиғасы бар, әдетте бұл адамдар құжаттарын қалпына келтіруге өздігінен талпынбайды. Көбі не істеу керек екендігін және кімнің көмектесетінін де білмейді. Құжатсыз тұрып жатқан адамдарға көмектесемін деп уәде беретін алаяқтар да жиі кездеседі, бірақ олар ақшасын алған соң, ғайып болады» дейді Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы директорының орынбасары Денис Дживага.

Сонымен қатар, елімізде басқа түскен қиындықты жеңілдетіп, азаматтық алып, құжат ресімдеуге үкіметтік емес ұйымдар да көп көмек көрсетеді. Осы ҮЕҰ-ның қолға алған ісінің нәтижесінде 2018 жылы 203 адамның жекебас құжаты қайта қалпына келтірілген. Сонымен бірге, 51 балаға да құжат ресімделді.

Жоқ мемлекеттің азаматтары

Ішкі істер министрлігі тарихта аты қалып, бүгінде заты жоқ мемлекеттің төлқұжатымен жүрген адамдардың мәртебесін реттеп құжаттандыруды қолға алды. Көші-қон қызметінің мәліметінше, 2020 жылы 1974 жылғы үлгідегі КСРО төлқұжатымен жүрген 867 адам анықталып, оларға жеке куәлік берілген. Ал, 2019 жылы 1727 адам осындай жолмен төлқұжат алған. Кейбір адамдардың ескі құжатпен жүруінің негізгі себебі – құқықтық сауаттылықтың төмендігі. Көбі қайда баруды, анықтаманы қайдан алуды, қалай өтініш жазуды білмейді. Ал, құжаттарды қалпына келтіру үшін шамамен 6 ай уақыт қажет.

«Құжатсыз жүргендер анықталып жатыр. Министрдің тікелей тапсырмасы бойынша арнайы акция ұйымдастырдық. Қарағанды облысында 46 жастағы әйел мен оның ұлы ұзақ уақыт бойы жекебасын куәландыратын құжатсыз жүрген. Оны біздің қызметкерлер анықтаған соң тиісті көмек беріліп, жаңа куәлік алды», – деген болатын өткен жылы

ІІМ Көші-қон қызметі комитеті төрағасының орынбасары Сабыржан Сейітжанов. Оның айтуынша, кейбір адамдар көші-қон қызметіне өздері келіп, арыз жазады. Енді бірі арнайы өткізілген шара кезінде анықталған.

42 500 теңгеден қағылды

Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы директорының орынбасары Денис Дживаганың сөзінше, азаматтығы белгісіз, қолында куәлігі жоқ адамдар мемлекеттік қызметтер мен әлеуметтік көмек ала алмайды. Балаларын мектепке бейресми түрде беруге мәжбүр. Қазақстанда орта білім міндетті және тегін болғандықтан олардың балаларын мектеп қабылдайды. Алайда, құжат болмаған соң мектеп бітіру куәлігін ала алмайды, әрі қарай жоғары оқу орнына түсуі мүмкін емес. Мұндай азаматтар мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмектен де қағылады.

«Азаматсыздық мәселесі – Кеңес одағы ыдырауынан қалған мұра. Адамдар қаншама жыл елдер арасында шекара барын білмей келді. Азаматтығы жоқ адам ресми жұмысқа тұра алмайды, ел ішінде жүре алмайды. Көп адам зейнетке шығатын кезде «зейнетақымды рәсімдей алмай жатырмын» деп бізге жүгінеді. Медициналық көмекті де ресми түрде ала алмайды. Төтенше жағдай мен карантин кезінде азаматтар 42 500 теңге, басқа да әлеуметтік көмектер алды. Ал, олар азаматтығы жоқ болғандықтан көмектен қағылды», – дейді Денис Дживага.

ТҮЙІН

Құжатсыз жүргендер әлі де бар екені сөзсіз. Жеке басыңызды куәлік ететін құжат жоқ па? Онда сіз мемлекеттің назарынан тыс қаласыз, тегін медициналық көмек, білім ала алмайсыз, зейнетақыны да ұмытасыз. Өйткені, құжат жоқ болса, адам да жоқ! Олай болса, қиындықтан шыға алмай, тағдыр тауқыметін тартқан, құжатсыз жүрген жанды көрсеңіз, көмек қолын созыңыз, мүмкін ол шынымен де жекебас куәлігін алу үшін не істеу керек екендігін және кімнің көмектесетінін білмей жүрген шығар.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

Басқа материалдар

Back to top button