ҚҰЖАТ ЖИНАУ ҚИЫНДЫҒЫ немесе «еріккен» ата-аналар
«Баланы ерте жастан мектепке беру – уақыт күттірмейтін мәселе». Бұл – баласының болашағы алаңдатқан ата-аналардың сөзі. Олар осы уақытқа дейін мектеп мәселесіне келгенде тиісті құжаттарды жинап, мектепті анықтауға үлгермейтінін айтып шағымданып келеді. Мәселені назарға алған Білім және ғылым министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ бұдан былай құжаттардың ертерек 1 сәуір-1 тамыз аралығында қабылданатынын айтты. Бұл жүйе еgov.kz электрондық порталы арқылы өткен бейсенбіде қызметін бастады. Алайда, жағымды жаңалыққа ата-аналар әлі де разы емес секілді…
Білім және ғылым министрі құжаттың оқушылар үшін сәуірден бастап қабылдануы – ата-аналарға ыңғайлы екенін айтқан. Өйткені, бұл – олардың министрден талап еткен сұранысы болатын. Бұл жүйе алдымен 1-сыныпқа баратындар үшін мектепті алдын-ала анықтап, құжатты ертерек тапсыруға мүмкіндік береді. Дегенмен, кейбір ата-аналар бүлдіршіндер балабақшамен тек мамырдың соңына таман қоштасатындықтан, құжаттарын алып, оны электронды порталға тапсырып үлгермейтінін айтып шағымдануда.
Қалалық білім бөліміндегі мектепке дейінгі білім беру бойынша бас маман Айгүл Сағынайқызы балабақшадан құжат алудың еш қиындығы жоқ екенін айтады.
– Құжат іздеген ата-ана алдымен балабақша директорына барады. Басшылар құжаттың көшірмесін алуға рұқсат етеді. 1-сыныпқа қабылдайтын құжаттар еgov.kz порталы арқылы электронды түрде қабылданатындықтан, оның көшірмесін ұсынады,– дейді Айгүл Сағынайқызы.
Бұл орайда балабақша тарапынан да ата-аналарға құжатты суретке түсіріп алуға кедергі болмайтынын айтады балабақша басшылары.
– Құжат сұрап келген ата-анаға суретке түсіруге рұқсат беріледі. Кейбір балабақшаларда медбике болмағандықтан, ата-аналар 063/у екпе құжатын өздері тіркелген жергілікті емханадан алады, – дейді Пришахтинскідегі «Балдырған» балабақшасының басшысы Айнұр Тұрсынова.
Қалалық №3 аурухана медбикелері де қазіргі таңда екпе құжатын электронды түрде шығарып алуға немесе көшірмесін жасап алуға мүмкіндік бар екенін алға тартады. Ал, тұрғылықты мекен-жайы бойынша мектепке қабылдауға келсек…
– Немерем биыл 1-сыныпқа барады. Мекен-жайы бойынша өзіммен бірге Майқұдықта тіркеуде тұр. Бірақ, мен немеремді қаланың оңтүстік-шығыс ауданындағы мектепгимназияларға оқуға бергім келеді. Ал, мектеп ұжымы баламның тұрғылықты мекен-жайы бұл аумаққа сәйкес келмейтінін, сол себепті оқуға қабылдамайтынын айтады, – дейді Орынбек ақсақал. Ал, мұндай жағдайда қайтпек керек?
– Заң жүзінде ең алдымен өз аумағымызда тіркеуде тұрған балаларды қамтимыз. Мәселен, біз алдымен Ә.Бөкейхан атындағы №76 мектеп орналасқан 16 ықшам ауданның 1-сыныпқа баратын оқушыларын тіркейміз. Кейін бос орындарға көрші аумақта орналасқан аудан балаларын қабылдаймыз. Баласын өзі қалаған мектепке бергісі келетін ата-аналар сол мектеп орналасқан аумаққа тіркеуде тұруы қажет. Өйткені, баланың қауіпсіздігі – маңызды. Мәселен, Майқұдықта тұратын баланың Оңтүстік-Шығыс ауданындағы мектепке барып қайтуының өзі үлкен жауапкершілікті талап етеді. Көп мұғалімдер жұмысбасты ата-аналардың баласын мектептен алғанын күтіп, кешке дейін отырады, – дейді №76 мектептің директоры Мартбек Қайыркенұлы.
Мектеп басшылары министр ұсынған бұл жүйенің бір жағынан мектеп қызметін ертерек жоспарлауға әлдеқайда ыңғайлы екенін айтып отыр. Сыныптарды алдын ала толтырып, оқулықтардың қажетті санын анықтауда да тиімді. Ата-аналар мектепті алдын-ала анықтап, оқуға қажетті құжаттарды уақытылы тапсырады, сондай-ақ балаларын оқу құралдарымен қамтамасыз етіп үлгереді. Мектеп басшылығы сыныптарды жинақтап, қажетті оқулықтарды алдын ала сатып алады. Сонымен қатар, педагогтер құрамын анықтап, сағат санын бөледі.
Қалалық білім бөлімінің маманы Гүлдана Нұрсұлтан «бірінші сынып оқушыларынан құжат қабылдаудың 1 сәуірде басталып 1 тамызға дейін жалғасатыны білім басқармасының жіті қадағалауында» дейді.
– Өтінішті egov.kz немесе e.bilimal. kz арқылы беруге болады. Қажетті құжаттар тізіміне ата-аналардың өтініші (немесе оларды алмастыратын тұлғалар), баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі, «бала денсаулығы паспорты» 026/у-3 нысаны бойынша денсаулық жағдайы туралы құжат, 063/у нысаны бойынша денсаулық жағдайы туралы құжат, сондай-ақ, 3х4 көлеміндегі 2 фото тапсыру қажет. Өтініш бір жұмыс күні ішінде қарастырылады. Ата-аналарға порталдың «Білім» бөлімінен «Орта білім» бөліміне өту қажет. Ары қарай «Білім беру ұйымдарына құжаттарды қабылдау және оқуға қабылдау» қызметін таңдап, қажетті құжаттарды қоса жолдай отырып өтініш беру жеткілікті, – дейді Гүлдана Ерболатқызы.
Енді балаларының мектепке баруын алдын ала жоспарлаған атааналар нақты білім беру ұйымын анықтауы қажет. Өйткені, керек құжаттарды уақытында жіберуі – өздері үшін тиімді. Тиісті құжаттарды жан-жақтан жинатып, әбігерге салып қоятын жүйенің жойылғаны да атааналар үшін әжептәуір жеңілдік екенін мойындаған дұрыс шығар…
Аяулым СОВЕТ