Бас тақырыпБасты тақырып

Жат жақының болғанда…

Биылға дейін жалақысы мардымсыз, қоғамда елеусіз мамандық болса, ол – әлеуметтік қызметкер еді. Алайда, қазір жағдай өзгерді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ тапсырмасымен еңбекақысы өскен бюджет саласы қызметкерлерінің қатарына ілікті. Нәтижесінде қаңтардан бастап әлеуметтік қызметкердің еңбекақысы 1,5 есе артты. Бұл үшін республикалық қазынадан 95 млрд. теңге бөлінген еді. Кезең-кезеңімен келер жылы – 1,75, одан кейінгі 2023 жылы тағы 2 есе өседі. Енді, жобасы жасалып жатқан Әлеуметтік кодекс арқылы мәртебелері айқындалса, еңбектің еленгені сол болмақ. Жылдың кез келген мезгілінде ештеңеге қарамастан еңбек ететін әлеуметтік қызметкердің бұл ісі көзге көрінбеуі мүмкін. Алайда, жұмыстың үлкені, сауаптысы соларда. Себебі, олар психоневрологиялық ауытқулары бар, тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедек балаларға, психоневрологиялық аурулары бар 18 жастан асқан мүмкіндігі шектеулі, сондай-ақ, жалғызілікті қарттарға көмек береді, қолдау көрсетеді. Бастысы да осы – қолдау. Кейде ондай қолдауды жақының да көрсете бермейді.

Қазыбек би ауданы бойынша үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінің педагог-психолог маманы Дана Ильяшева жауапкершілігіне алған жандар үшін педагог та, дәрігер де, күтуші де бола алады. Осылай 12-ші жыл еңбек етіп келеді. Бөлімшенің барлық 23 қызметкері Дана Асылханқызы сияқты осы ауданға қарайтын 160 бала мен олардың ата-анасына, қамқоршылары немесе әжелерінің жанашырына айналды. Бұл бөлімше 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік көмек беруге бағытталған.

– Әр қызметкердің жауапкершілігінде стандарт бойынша 6 баладан бар. Олардың әрқайсына аптасына екі рет баруымыз керек. Балалардың диагнозы да әртүрлі. Денсаулық жағдайына және жасына қарай оқытып, үйретеміз, дамытамыз. Төсекке таңылғандарының да жағдайын жасауға тырысамыз, – дейді Д.Ильяшева.

Дана Асылханқызының айтуынша, мұндағы басты көмек – психологиялық қолдау.

– Мүмкіндігі шектеулі балаға қараудың қандай екенін көрген ғана білер. Ол адамдардың қас-қабағын бағып, сөзбен демеп, аз да болса іспен қолғабыс жасаймыз. Бір мезгіл бала күтімінен қолдары босайды. Кесте бойынша бекітілген уақыт бар. Әркім өз уақытын біледі, асыға күтіп отырады.

Әлеуметтік қызметкер тұрмыстық, мәдени, психологиялық, педагогикалық, экономикалық әрі құқықтық көмек көрсете алады. Сәйкесінше, педагогикалық әрі медициналық білімі болуы тиіс.

Педагог қазір пандемияға байланысты мәдени шаралардың бәсеңдегенін алға тартты. Дегенмен, баланың көңілін аулауға тырысады екен. Бала да бауыр басып үлгереді. Себебі, үйдегі көмекпен бірге бір ғана әлеуметтік қызметкер тағайындалады.

– Көшіп немесе басқа да жағдайлар болмаса, бала 18 жасқа толғанша бір адамның қарамағында болады. Жаңа қызметкерге бауыр басып, ол баланың бойындағы өзгерістерді байқап, білем дегенше, уақыт өтеді. Сондықтан, әлеуметтік қызметкер ауыспайды, – дейді ол.

Қоғамның әлсіз топтарына, оның ішінде балаға көмек көрсету – ерекше іс. Түрлі тағдырды көріп сынбайтын қайрат пен көркем мінез, адамгершілік болмаса, бұл салада ұзақ жыл еңбек ету көптің қолынан келмес. Қазір аталған мамандыққа оқуға түсіп, кейін осы жолда еңбек еткісі келетін жастар баршылық екен. Еңбекақының көтерілгені де маман тапшылығының алдын алуға септігін тигізер.

– Бұл жерде бастысы – жанашырлық пен мейірім. Осы күнге дейін аз ақшамен де жүрдік қой. Өз балаң, немереңе қалай қарайсың, оларға да сондай жылылық сыйлау керек, – деп ағынан жарылған Дана Асылханқызы, таңертеңгілік барып жүрген, даун синдромымен ауыратын 3 жасар Айарудың енді ғана жүре бастағанын қуана жеткізді.

Еріген қар мен батпаққа қарамастан түстен кейін Әлинұрға, кешке Манапқа баруы керек. Себебі, олар да күтіп отыр.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button