Жастардың мерейі үстем
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Қазақстанның жастары айрықша түсінуге тиіс маңызды бағыттарды атады. «Көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар елді алға бастайды, болашақтың кілті цифрлық технология мен инновацияда. Сондықтан, бірнеше тіл біліп, түрлі кәсіп игеру жастардың қолынан келеді.
Екіншіден, жастар адал еңбекті бағалап, рухы биік, санасы сергек болуға тиіс. Жаңа заманның жақсы қасиеттерін бойға сіңіре отырып, жаһанданудың жағымсыз әсерлерін де естен шығармау керек» деген болатын. Президент мемлекеттік мүдде бәрінен биік тұруы керек екенін айта келіп, әрбір жасты ана тілін, ата дәстүрін, төл тарихын білуге үндеді.
Қарағанды облысында өңір басшысы мен жергілікті әкімдердің гранттары жастар кәсіпкерлігін дамытуға септігін тигізуде. Қолдау стартаптарды іске асыруға да, жұмыс істеп тұрған бизнесті кеңейтуге де жұмсалуда.

Өткен жылы Осакаров ауданында 10 жас кәсіпкер грант алды. Бүгінде олар сүт өнімдерін өндіруден бастап, қоқыс шығаруды ұйымдастыруға дейінгі түрлі бағыттардағы жобаларды іске асыруда. Гранттық қаражатқа ауылдық жерлерде ателье, сұлулық салондары, батут орталықтары және басқа да бағыттарды қамтитын орталықтар ашылады. Биылғы маусымда Осакаров ауданы әкімінің грантына өтінімдер қабылдау басталды. Байқауға 18-35 жас аралығындағы жастар қатысады.
Өткен жылғы байқау жеңімпаздарының бірі – Есіл ауылының тұрғыны Влада Крюковская күйеуімен бірге құс өсірумен айналысқан.
– Гранттар – әсіресе, ауыл үшін үлкен қолдау. Егер идея болса, оны жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Осы орайда өтінішім мақұлданып, жобаны жүзеге асыруға миллион теңге алдым. Бұл ақшаға 1500 жұмыртқаға арналған инкубатор сатып алдым. Сәуір айында балапандар шығып, бірден сатылып кетті. Ісім сәтті жүзеге асты.
Жалпы құс шаруашылығын жүргізу үшін жұмыртқа инкубаторы аса қажет. Өнеркәсіптік және тұрмыстық бұйымдар, көлемі бойынша ерекшеленеді, автоматтандыру және басқа да дизайн ерекшеліктері бар. Сәтті үлгіні таңдау үшін осы құрылғының жұмыс істеу принципін біліп, асыл тұқымдастыру процесіне әсер ететін негізгі параметрлерді зерттеу керек.
Бұрын жұмыртқаға жақсы инкубатор алу қиынға соқса, адамдар көбік пластиктен, фанерадан, ескі тоңазытқыштардан және басқа материалдардан үй құрылғыларын жасауға мәжбүр болды. Қазір дүкендер отандық және шетелдік өндірістің осы түріне арналған жабдықтармен толық, – дейді Влада Крюковская.
Кәсіпкердің айтуынша, тірі балапандарға, бройлер етіне де үнемі тапсырыс түседі. Алдағы уақытта өндірісті кеңейтуді жоспарда.
Трудовое ауылының тұрғыны Фариза Өміржанқызы білімі бойынша педагог, бірнеше жыл бұрын оқушыларға көрнекі әдістемелік құралдар жасай бастады.
Бәрі қазақ тілі сабақтарына арналған қарапайым карточкалардан басталған. Қазір ауылдық шеберханаға Қазақстанның түпкір-түпкірінен мектептер мен балабақшалар стендтер, дамыту материалдарын алуға тапсырыс береді.
– Грант алып, фрезерлік станок сатып алып, жаңа деңгейге көтерілдім. Бұрын бәрін қолмен жасайтынмын. Қазіргі таңда үлкен көлемде және көп мөлшерде үлгілер жасаймыз. Қазірдің өзінде толықтай сыныптарды ресімдеуге тапсырыстар түсуде, – дейді Фариза Өміржанқызы.
Жас кәсіпкер әлеуметтік бағдарламаларға да қатысады. Оның шеберханасында «Күміс ғасыр» бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасқан қызметкерлер жұмыс істейді. Қазір ол «Алтын жас» жобасына қатысуға үміткер іздеуде.
Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»