Жаңалықтар

Жастар жалау еткен “Жайдарман”

Қарағандыдағы «Достық» үйінде облыс әкімінің кубогіне арналған «Жайдарман» фестивалі ту көтерді. Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы, облыстық жастар мен балалар ұйымдарының одағы мұрындық болған шараға облыс әкімінің орынбасары Абзал НҮКЕНОВ пен «Қазақстан КВН одағы» республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің президенті Есен ЕЛЕУ­КЕН де келіп қызықтады.

Жұртшылықтың көңілін көтеру мақсатындағы шараға облыс әкімінің жүлдесі алғаш рет 2017 жылы тағайындалып, ол республикалық деңгейде өткізілсе, биыл облыс көлемінде ұйымдастырылып отыр. Алғашқыда Шет ауданынан келген «Жастар» құрама командасы ойын жеңімпазы атанған еді.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Жансая Жарылғапов төрағалық еткен қазылар алқасы құрамында облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Расул Қасенхан, Қарағанды қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Бақтияр Бекмырзаев, «Күлкі терапиясы» командасының капитаны, ардагер жайдарманшы Самат Жылқайдаров, облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Нұржан Жетпісбаев болды.

– Бұл ойын адамның ойын ұштап, шығармашылыққа баулиды. Көтеріңкі көңілкүй сыйлап қана қоймай, ойландыратын ойын. Алдағы уақытта бұл шарамызды дәстүрлі түрде өткізуді қолға аламыз, – деді Абзал Нүкенұлы.

Осы уақытқа дейін «Жайдарманда» ойнаған жастардың саны жүз мыңға жуық. Еліміз бойынша нақты 26 филиал бар, бұдан бөлек, 140-қа тарта аудандармен жұмыс жасалуда. Телевизияға түсіретін лигалық ойын саны 30-ға жуықтайды. Қазіргі таңда Теміртау қаласында филиал ашылып, жастармен жұмыс істеу үстінде. Тәрбиелікке, мәдениеттілікке үйрететін мектептен түлеп ұшқан жастар қазіргі таңда әр саланың майталмандары.

– Қарағанды мен «Жайдарман» – егіз ұғым секілді. Кезінде қазақша КВН-нің алғашқы ойындары Қарағандыда болатын. Талай жайдарманшылар қалыптасып, елге танылды. Шыңға шығып, қойған мақсаттарына жетті. Ал, бүгін мына жерден осы шыңға ұмтылған жастарды көріп тұрмын. Сахна төріне алғаш шыққан командаларымыздың ғұмыры ұзақ болсын дейміз. Тек әкім кубогімен шектеліп қана қоймай, осындай үлкен додалар жиі болып тұрса игі, – деді Есен Баймұханбетұлы.

Үлкен сахнаға алғаш қадам басып отырған Қарағанды қаласындағы №76 мектептің оқушыларынан құралған «Ерке қыздар» командасы кеш шымылдығын ашты. Мектеп оқиғаларынан құралған әзілдерімен көрерменнің сүйіспеншілігіне бөленді. Теміртаулық «Құрыш қала» командасы көңілге ой саларлық дүниелерін тарту етті. Қостанай облысы, Арқалықтан «Eurika» құрама командасы да Арқа төсіне ат басын тірепті. Алысты жақын етіп, әкім кубогіне келген қонақтарды Қарағанды жұрты жылы шыраймен қарсы алды. Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің тәжірибелі «Жастар» командасы, Жаңаарқаның «Жаңаарқа жастары», Экономикалық университеттің «КЭУ жастары» құрамалары өз өнерлерін жоғары деңгейде көрсете білді. Құрамында өзге ұлт өкілдері бар Медицина академиясының «Күлкі синдромы» «Жайдарман» тобы бұл ойында І орынды еншіледі. Өзіндік стилі бар Қарағанды жастар құрамасынан құралған «Agro» тобы ІІ орынға, ал Сәтбаевтың «Тех колледж» командасы ІІІ орынды қанжығасына бөктерді. Жүлдегерлерге дипломдар мен қаржылай сыйлықтар табыс етілді.

Ербол ЕРБОЛАТ

Басқа материалдар

Back to top button