Ақтоғай

“Жастар” аллеясы ашылды

Ақтоғай ауданының Шабанбай би ауылының тұрғындары үшін өткен апта елеулі жаңалықпен – «Жастар» аллеясының ашылуымен есте қалды. Жастардың, жас отбасы мүшелерінің спортпен шұғылдануы және бос уақытты тиімді өткізуіне арналған аллеяны мектеп бітіргендеріне қырық жыл толған Шабанбайлық түлектер тарту етті.

Сонымен қатар, осы күні аталмыш мектептің түлегі, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, заң ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Дулатбеков оқушылармен кездесіп, балаларға кітап, білім ордасына теледидар сыйлады.

«Жастар» аллеясының ашылу рәсіміне қатысқан аудан әкімі Салтанат Әбеуова ел игілігіне берілген демалыс орнының лентасын қиып, осы игілікті іске ұйытқы болған азаматтарға алғысын білдірді. Сонымен қоса, Шабанбай би ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Сапар Әубәкіров құттықтап, батасын берді.

Сондай-ақ, мектеп түлегі, ақын Қуаныш Мақсұтов Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдары екендігін тілге тиек етті.

  • Біздің мақсатымыз – туған елімізге аз да болса өз пайдамызды тигізу. Жастар біздің болашағымыз деп бекер айтылмаса керек. Бұл – ауыл жастарына деген тартуымыз, туған елдің дамуына қосқан тамшыдай болса да үлесіміз. Ең бастысы – туған ауылымыздың іргесі сөгілмей, берекесі арта берсе болғаны, – дейді Қуаныш Мақсұтов.

Айта кетейік, 1962 жылы туған азаматтар игі істі жалғастырмақшы. Бұл бастама мектеп бітірушілердің келесі легіне үлгі болмақ.

Думан ҚАБЫЛ.

АҚТОҒАЙ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button