Жаңалықтар
Жастарға тегін кеңес беріледі
Облыстың жастар ресурстық орталығының мамандары «NormaN» сауда орталығында қала тұрғындарына психологиялық және заңнамалық тегін кеңес берді. Оның ішінде жастарды жұмыспен қамту және жастардың дамуына тікелей қатысы бар мемлекеттік бағдарламалар жөнінде ақпараттар ұсынды. Сондай-ақ, мамандар «Дипломмен ауылға», «Жастар тәжірибесі», «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру», «Жасыл Ел» сынды мемлекеттік, салалық, өңірлік бағдарламалар жөнінде кеңінен түсіндірді.
- Тегін кеңес беру жұмыстары барысында «Жастар – жастарға» керуенімен қала, аудандарды аралаймыз. Жастардың көбісі әлеуметтік желіде отыратындықтан, «Saryarka jastary» инстаграм парақшасында да жүйелі жұмыстар жүргіземіз. Мысалы, диплом алған жас маманға «Жастар тәжірибесі» арқылы жұмыс ұсынамыз. Кәсіпкерлікке қатысты оқуларға қатыса алатынын ескертеміз, – дейді облыстың жастар ресурстық орталығының директоры Расул Қасенхан.
Тегін кеңес беру күнінде жастардың басым көпшілігі оқу бітіргеннен кейін жұмысқа орналасу, сырттай бөлімде оқып жүріп жұмыс істеу, тұрғын үй алу үшін шот ашу жөнінде сұрақтар қойып, білікті мамандардан нақты жауаптар алды.
Аяулым СОВЕТ.