Жастарға қолдау бар

Бұқар жырау ауданы жылдан-жылға көркейіп келеді. Мемлекеттік бағдарламалар аясында түрлі жұмыстар атқарылып жатыр. Биыл аудан жастарына жалпы сомасы 15 млн. теңге болатын 20-ға жуық грант бөлінбек. Облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы Біржан ӘЛІМЖАН аудан орталығына жұмыс сапарымен барып, аудандағы жастар саясатын жүзеге асырудағы ілкімді істерді көріп қайтты.

Аудан орталығында жалпы көлемі 1675 шаршы метрді құрайтын дене шынықтырусауықтыру кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Желтоқсан айында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Кешеннің жалпы құны – 569 млн. теңге. Сонымен қатар, коворкинг-орталықтары да ашылады деп жоспарлануда. Ал, Құрылыс ауылында көпбейінді корт салынбақ.

Тоғызқұдық ауылында шағын футбол алаңы салынып, Ақбел мен Құрылыста көпфункционалды футбол алаңы және хоккей корты пайда болады. Сонымен қатар, Доскей және Үштөбе ауылдарындағы жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған жасөспірімдерге 9 пәтер (Доскейде – 8, Үштөбеде – 1) беріледі. Биыл осы санаттағы жастар үшін қосымша 16 пәтер кілті тапсырылады, – деді Біржан Нұржанұлы.

«Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша жұмыс істеп жатқан 53 жас маманға көтермеақы төленбек. Көтермеақының жалпы құны – 23,3 млн. теңге. Адам басына шаққанда – 100 АЕК-ті құрайды. Бүгінге дейін қаржы 27 жас маманға төленген. Аудандағы жұмыссыз жастарды түрлі бағдарламалар арқылы жұмысқа орналастыру жүргізілуде. Мәселен, «Еңбек» бағдарламасы аясында «Жастар тәжірибесі» жобасымен ауданда 30 адам жұмыспен қамтылды. Сондайақ, 6 жас «Алғашқы жұмыс орны» жобасына қатысуға өтінім берді. Бұдан бөлек 180 адам «Жасыл ел» жасағында жұмыс істейді.

Былтыр «Жасыл ел» жобасы 40 жасты жұмыспен қамтамасыз еткен еді. Биыл 3 айда 180 жас жұмысқа орналастырылды. Аудан жастарының әл-ауқатын арттыру бойынша кешенді жұмыс жалғасатын болады, – деді басқарма басшысы.

Былтыр 1 млн. теңге көлеміндегі облыстық кәсіпкерлерді қолдау палатасының грантын ауданнан 6 адам ұтып алған еді. Бүгінде грант иегерлері кәсібін дөңгелетіп, ауданның дамуына үлес қосуда. Солардың бірі жас кәсіпкер Аққайың Шерікбай. Бүгінгі таңда «Asyl mura» ЖШС-ін ашып, граниттен түрлі мүсін қашап, тасқа бейне салып, саудалауда. Ұтқан грантты кәсіп ашуға қажетті құралдарға жаратқан. Мәселен, бетон ерітіндісін араластыратын, ағаш өңдейтін, дәнекерлеуші аппарат пен басқа да ірілі-ұсақты дүниелер сатып алыпты. Сонымен қатар, тігін машинасын да алып, түрлі бұйымдар тігуде.

Қазір тапсырыс көп. Біз жасаған жұмыстардың басым бөлігі – гранитке сурет салу, мекенжай тақтайшалары мен Бұқар бабаның шағын мүсіндері. Домбыра күніне 3 метрлік мүсін әзірлеп жатырмыз. Мақсатымыз тек табыс табу ғана емес, ауданды көркейтуге атсалысу. Комиссия мүшелеріне де алғысым шексіз. Бізге сенім артып, қолдау білдіріп келеді. Алдағы уақытта жұмыс орнын ұлғайту жоспарда бар, – деді Аққайың Шерікбай.

Айта кетейік, осыдан бірнеше ай бұрын Бұқар жырау ауданында көше аттары ауысқан еді. Сол кезде мекенжай тақтайшаларын орнатуға «Asyl mura» ЖШС демеушілік жасаған.

Жоғарыда айтылған дүниелер ауданда атқарылып жатқан жұмыстардың бір парасы ғана. Келешекте жастарды қолдау мақсатында игі бастамалар кезек күтіп тұр.

Ербол ЕРБОЛАТ.

БҰҚАР ЖЫРАУ ауданы.