Жасағанның жаратылысына қарсылық

…Бұл не болды? «Мың күн сынбаған шөлмектің бір-ақ күнде сынғаны ма?». Әлде, «феминизм, феминизм» деп, алаөкпе болып жүріп, сол феминизмнің арқасында ерлердің шаужайына жармасып жүріп тартып алған «жауапкершілікті» қалай қайтарарларын білмей, далбасалап алаңға шыққаны ма әйелдің? Әлде, ештеңеге басын ауыртпағанға жаратылысы маза таптырмаған, өзіндік «менін» көрсете алмай, отбасының берекесін алып, әйеліне қол жұмсаған еркектен мезі болғаны ма? Жаулығын тастап, ел ішіндегі соғысты тоқтатқан әйелдің әуел бастағы Алла жаратқан отбасының, отбасының ғана емес, бүтін елдің ұйытқысы болған әйелдің бұл әрекетін түсінгіміз келсе де, түсіне алмай дал болдық.

Көзіңмен көріп, қолыңмен ұстаған тұрмақ, естігеннің өзінде денең дір ете қалатын, оғаш қылық шықпайды-ау деген әйелдер 8-наурызда шерулетті. Әуелде мерекенің әр түрлі тарихтарының бірінде 1857 жылы «ежелгі мамандық» иелері өз қызметтерін пайдаланып, кейін төлеуге ақшасы болмаған еркектерден төлемақы талап етуден басталған еді, 2021 жылғы шеру де соның ар жақ, бер жағы. Тіпті, сорақы десе де болады. «Менің жатырым – менің шаруам» деген тәрізді арнайы сөздермен ұрандатып, құқығының қорғалуын талап еткендер «жатыр» мен «құқықтың» бір-біріне қандай қатысы барын біле алмағандай. Әйтпесе, айдың-күннің аманында ерлермен тең құқылы болуы, зорлық-зомбылықтың болмауын талап еткендер дәстүрлі емес жыныстық бағдармен бірігетіндердің, өздерінің әр түрлі екендіктерін білдіретін ЛГБТның түрлі-түсті туын алып шығар ма еді?! Әйел теңдігін емес, гендерлік теңдікті талап еткендердің көздегені – ғасырлардан қалыптасқан ұлттық құндылықты талқан ету деп түсінді, шеруді көрген есі дұрыс адамдардың барлығы. Іс-шараға жиналғандар әйелдердің тұрмыста және күнделікті өмірде көретін қиыншылықтары мен құқықтарын паш еткіміз келеді деп шулағаны – көзбояушылық.

Осыдан бір жыл бұрын, баласы үшін шырылдап, далада қалғандықтан билікке жанайқайын тыңдату үшін алаңға шығып, көз жасын көлдей еткен аналарды көргенде «үйдегі ерлері әйелдерін жаулығын желбіретіп, алаңға шығарып, өздері не қарап отыр екен?» деп таң қалдық. Ата-анасынан аманат ретінде алып, көзінің қарашығындай аялап өтемін деген жары қайыр тілегендей Үкіметке қолын созғанда «намысы қайда ерінің?» дедік. Хош делік, бәрін жылы жауып қойғанда, баласы үшін отқа да, суға да түсуге дайын ананың әрекеті дейік бұны.

Ал, 8-наурыздағы әйелдің әрекетіне не себеп?! Алаңға шыққан екі әйелдің кемі біреуінің ері бар болса, неліктен мұндай әрекетке жол берді? Ұрмайсоқпай, емеурінімен ғана әйеліне әмірін жүргізген еркек әлсіздігін неге мойындады?

Басқаларында шаруамыз жоқ, қазақ қашан да әйелді сыйлаған, орнын жоғары қойып, оң жақтағы қызын төрден төмен түсірмеген. Қыз баланың шыр етіп дүние есігін ашқаннан тәрбиесіне ерекше мән беріп, бетінен қақпаған.

Қазақ әйелінің сауатты болғаны, ойын еркін жеткізгені, қоғамда маңызды роль атқарғаны керек, әрине. Керектен бұрын заман талабы. Бірақ, ер мен әйелдің теңдігін сұрап, алаңға шыққандардың қатарында әлі ана сүті ауызынан кеппегені де, теңдікті бүркемеленіп, өзге ойды да көздегендері бар екенін көзіміз көрді.

Елі үшін күресіп, Кир патшасының басын алған Томирис, Әбілқайыр хандық құрғанда ел басқаруға атсалысқан Бопай, қазаққа Шоқандай ұл сыйлаған Уәлиханды тәрбиелеген Айғаным. Бұл тізімді жалғастыра берсек, сан жетпесі анық. Тіпті, бертінде Тәуелсіздікті аңсап, қарсылық білдірген жастардың дені де қазақтың өрімдей жас қыздары болды емес пе?! Жігіттерді осындай батыл қадамға итермелеген де осы қыздардың қайсарлығы. Ендеше, қалайша қазақ қызы, қазақ әйелі ерлермен тең емес деп айта аламыз?

– «Бізге әйелдің қоғамдағы ролін басқалар үйретпесін. Араб сияқты әйелді тұмшалап, үйге қамап, қажет сәтте талақ ететін тексіз емеспіз. Әйелдің шынайы, нәзік табиғатын ұмыттырып, жалған идеологияны санасына сіңіріп, қартайған шағында құшағында немере емес, мысық құшақтап отыратын жолды да құп көру қателік. Біздің өз жолымыз бар, өз болмысымыз бар», – деп жазды, shyndykz парақшасында саясаттанушы Асхат Қасенғали феминизм шеруі туралы.

Біздің болмысымыздағы қазақ әйелі ерін құрметтеп, баласын тәрбиелеп қана қоймай, ел ісіне де етене араласты. Талай тағдырлы шешімдерде де әйелдің қолтаңбасы бар. Ендеше, теңдік сұрап, алаңға шыққаны қай сасқаны?! Ал, барлық жағынан тең болды делік. Жалпы, биологиялық ерекшелік жайлы сөз қозғалса, ер адам табиғатынан агрессияға бейім, ал, әйел – кез келген жайтты тұла бойында толған мейіріммен бейбіт түрде шешуге қабілетті. Мамандар түрмеде отырған ер адамдарың пайыздық қатынасы әйелдермен салыстырғанда жоғары дейді. Бұл олардың физиологиялық ерекшеліктеріне байланысты. Суыққа тоңып, ыстыққа төзіп, далада жұмыс істейтін ер адамдар саны да әйелдерге қарағанда айтарлықтай жоғары. Бұл да олардың биологиялық ерекшеліктері. Табиғаттың өзі солай жаратқан. Ендеше, «мұртқа өкпелеп жүргенде, сақалдан айырылыптының» кебін киіп, теңдік сұраймын деп жүргенде әйел адамның табиғатына жат, нәзік иығы көтермес ауыр жүкті қоса арқалап алса, сол – қайғы.

Алланың алдында адамзаттың барлығы тең екені ақиқат. Ал, баланың ата-анасына бойұсынуы, әйелдің күйеуіне бойұсынуы – табиғаттың жазылмаған заңы. Еркек пен әйел әуел бастан – тең. Біреуі – алапат күшімен, екіншісі – нәзіктігімен мықты. Тепе-тең емес деп көріңіз осыдан кейін. Ал, тепе-теңдік бұзылған жағдайда «хаос» басталатыны анық.

Салтанат ІЛИЯШ.