Бас тақырып

Жас сарбаздар сап түзеді

«Жерінің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елдің» ұланы «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жиынға жиналды. Бұл – тоғызыншы рет. 2015 жылы Үкіметтің «Айбын» жиынын өткізу туралы шешімі қабылданғаннан бері «Спасск» әскери оқу-жаттығу орталығы жас сарбаздарды қарсы алуды дәстүрге айналдырған. Жыл сайын осы уақытта еліміздің әр өңірінен жас сарбаз клубтарының тәрбиеленушілері білім мен білікті сынға салады. Тек пандемия кезінде ғана онлайнға көшуге мәжбүр болды. Ал, оған дейін және одан кейін оқу орталығында жас сарбаздар сап түзеді. Биыл жиын тұңғыш рет халықаралық мәртебені иеленді. Өйткені, Әзербайжан мен Өзбекстаннан арнайы келіп қатысушылар бар. Кеше ашылу салтанаты өткен әскери-партиоттық жиын бір аптаға жалғасады. Ашылуына Қарағанды облысы әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, Сенат депутаттары Сергей Ершов, Болат Керімбек, Әлішер Сатыбалдиев, Қорғаныс вице-министрлері Сұлтан Қамалетдинов, Мұхамеджан Таласов қатысты.

Ат үсінде айбыны асатын жұртымыздың сап түзеген әскерін көргенде рухтың атой салатыны анық екен. «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынында сымдай тартылған сарбаздарға сүйсінген жиналған қауым мұны сезінгені анық. Ұл-қыздың бойындағы Отанға деген құрметті қайрақша қайрап, жігерін жанитын мұндай жиындардың берері мол. Салтанатта сөз алған мәртебелі қонақтардың тілге тиек еткені де – осы.

– Еліміздің дамуы ұрпақ тəрбиесіне тікелей байланысты. Болашақта Отанына адал қызмет ететін білікті ұрпақ тəрбиелеуде əскери-патриоттық жұмыстың мəні зор. Биыл «Айбын» жиыны ауқымын кеңейтіп, халықаралық форматта өтіп жатыр. Өзбекстан жəне Əзербайжаннан командалар қатысып отыр. Біз көптеген тағдырлы сынақтардан бірге өтіп, ата-бабаларымыздың дəстүрлерін, құндылықтары мен мəдени-рухани мұраларын сақтай алдық. Бүгінгі жиын да – тарихи достықтың қисынды жалғасы, – деді Қорғаныс вице-министрі генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов.

Астананың 25 жылдығына орай ұйымдастырылған тоғызыншы əскери-патриоттық жиынға биыл еліміздің əр аймағынан 43, шетелден 2 команда қатысып отыр.

Облыс əкімі Ермағанбет Бөлекпаев болса, «Айбын» жиынының Қарағанды аймағында өтуі дəстүрге айналғаны өңір үшін зор мəртебе екенін атады. Еліміздің əскерін ұлтымыздың мақтан тұтатынын жеткізді.

– Жиынға 600-ден астам жастар қатысады. Жалпы, Отанды қорғау – əр азаматтың парызы. Біз əскерімізді мақтан тұтамыз. Өңіріміздің тоғызыншы рет «Айбын» əскери-патриоттық жиынын өткізуі – біз үшін зор мəртебе, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Сенат депутаттары атынан қатысушыларға жылы лебізді Сергей Ершов білдірді. «Жас сарбаз» республикалық патриоттық қозғалысының негізін қалаушы генерал-лейтенант Мұхамеджан Таласов жиынның екінші жыл қатарынан халықаралық деңгейге көтерілгеніне тоқталды. Бұдан соң төрешілер жəне сарбаздар ант қабылдады. Ал «Айбын» жарыс туын көтеру мəртебесі Жетісу облысы «Жетісу тарландары» əскери-патриоттық клубының капитаны Байғабыл Мейіржанға бұйырды. Бұл команда – былтырғы «Айбын – 2022» жиынының жеңімпазы.

Қорғаныс министрлігі Тəрбие жəне идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы, полковник Тілеухан Басқожаев «Айбынның» тақырыбы – Астана қаласының ширек ғасырлық мерейтойына арналғанын айтады. Сонымен қатар, ауқымының жəне деңгейінің өсуінде дейді.

– Тағы бір баса айтарлығы – осы жылы цифрлы технологияға баса назар аударылуы. Бұл бағыттағы сайыстар қызу өтіп жатыр. Атап айтқанда, робототехника, пилотсыз құрылғылар, ракета ұшыру сынды жаңалықтар бар, – дейді Тілеухан Басқожаев.

Жалпы, үш дисциплинада бəсекеге түседі. Олар «Айбын жұлдызы», «Смарт сарбаз», «Дарынды «Айбын». Бірінші кезеңде интеллектуалды тұрғыда сайысады. Одан соң əр команда өз техникасын назарға ұсынады. Жеңімпаздарға жүлделі сыйлықтар табысталады. Негізі бұл жиыннан үздік шыққандар əлемдік деңгейдегі байқауларда бақ сынауға мүмкіндік те алады. Жамбыл облысынан келген жас сарбаз Əсел Айтбай сайыстың жастарға жауапкершілік жүктейтінін, Отанға деген құрметті күшейтіп, жігерді жанитынын айтады.

– Мен өз облысымның атынан халықаралық əскери-патриоттық жиынға қатысып отырғанымды мақтаныш етемін. Бізге үлкен жауапкершілік жүктелді жəне осы сайыста жеңіске жету үшін бар күшімізді салуға дайынбыз, – дейді Əсел Айтбай. IX «Айбын» əскери-патриоттық жастар жиыны 17 маусымда басталған болатын. 23 маусымға дейін жалғасады.

Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ,
Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button