ЖаңалықтарБас тақырып

Президент Азия ойындары және Азия параойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсіміне қатысты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ХХ жазғы Азия ойындары мен V Азия пара ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін арнайы қабылдап, марапаттады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Суреттер Ақордадан

Салтанатты жиында Президент қазақстандық спортшылардың жетістіктеріне тоқталып, бірқатар чемпионның есімін ерекше атады. Олардың қатарында таэквондодан ел тарихындағы алғашқы Азия ойындарының алтынын жеңіп алған Темірлан Тілеулес, боксшылар Төрехан Сабырхан мен Айбек Оралбай, каратэші Софья Берульцева, велошабандоз Алексей Луценко және парапауэрлифтингтен екі дүркін Азия чемпионы Давид Дегтярев бар.

Мемлекет басшысы әрбір жеңістің артында жылдар бойғы дайындық пен үздіксіз еңбек жатқанын атап өтті. Сондай-ақ чемпиондардың жас спортшыларға үлгі екенін айтып, спорттың өскелең ұрпақты адалдыққа, тәртіпке және жауапкершілікке тәрбиелеудегі маңызын жеткізді.

– Еліміз үшін әр медальдің орны бөлек, құндылығы жоғары. Мен осы жерде отырған спортшыларға алғыс айтамын. Чемпион болу спортшыға зор жауапкершілік жүктейді. Жеңіс тұғырына шыққан әр спортшының жолы – кәсіби спортқа бет бұрған жастар үшін үлгі-өнеге. Олар сіздерге қарап бой түзейді. Жалпы, спорт дегеніміз – халықтың сана-сезіміне ықпал ететін, кез келген адамның ойын да, бойын да түзейтін өте мықты күш. Бұл – өмірдің ақиқаты. Спорт өскелең ұрпақты әдептілікке, тазалыққа, адалдыққа, ұқыптылыққа баулиды. Жастарымыз жігерлі, ұлтымыз рухты болса, мемлекетіміз де қуатты болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент спортшыларды қоғамда қалыптасып келе жатқан жаңа этиканы дәріптеуге шақырды. Сонымен қатар алдағы Лос-Анджелес Олимпиадасына дайындықты қазірден бастап күшейту қажеттігін айтты. Бұл бағытта тиісті министрлік пен спорт федерацияларына белсенді жұмыс істеу міндеті жүктелді.

Айта кетейік, Жапонияда өткен ХХ жазғы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы 84 медаль иеленсе, V Азия пара ойындарында спортшыларымыз 50 жүлдеге қол жеткізді.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button