Бас тақырыпБілім

Жас өнертапқыштар бір алаңда тоғысты

Кешелі-бүгін (29-30 наурыз) Қарағанды қаласындағы «Жастар» спорт кешенінде балалардың шығармашылық белсенділігін дамытуға ықпал ету, техникалық пәндерді меңгерту, білім берудегі робототехниканың мүмкіндіктерін таныту мақсатында «ROBOLAND – 2024» IX Халықаралық робототехника, бағдарламалау және инновациялық технологиялардың фестивалі өтіп жатыр. Фестивальдің ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын, облыстық білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Серікжанова қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сайысқа 678 оқушыдан құралған 348 команда қатысуда. Сонымен қатар қатысушылар еліміздің облыстары мен қалаларынан бөлек Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Әзербайжан мемлекеттерінен келді.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

RoboLand – Қазақстандағы алғашқы және ірі робототехникалық жоба, техникалық шығармашылық пен жаңа технологиялардың ең ауқымды форумдарының бірі.

Бұл сайыс 2015 жылдан бері өткізіліп келеді. 2016 жылдан бастап халықаралық мәртебеге ие болды. Ең алғаш 5 аталым бойынша 30 команда бақ сынасқан.

Фестивальдың ұйымдастырушылары ҚР Оқу-ағарту министрлігі, «Kazdidac» қауымдастығы, Қарағанды облысының білім басқармасы, облыстық оқу-әдістемелік орталығы болып табылады.

– Бүгін тек қана Қарағанды өңірі үшін ғана емес, еліміз үшін де үлкен бір шара өтіп жатыр деп есептеймін. Осымен 9-шы рет өзінің байрағын көтеріп жатқан бәсекеде біздің еліміздің барлық облыстарынан келген командалар және Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжаннан келген қонақтарымыз қатысып, доданың төрін қыздыруда.  Кейінгі жылдары Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен ІТ, робототехника саласына мән беріліп, қолдау көрсетіліп келеді. Жүздеген шаралар, үлкен жобалар жүзеге асырылуда. Солардың бірі әрі бірегейі – «Roboland-2024»  байқауы. Осы ауқымды шараның бастауында тұрған азаматтарға мың алғысымды білдіремін. Осы шараға уақытын бөліп, арнайы келіп қатысып жатқан барлық командаларға және ұстаздарға, оқушыларға алғысымды білдіргім келеді. Кезінде Алаштың арысы Міржақып Дулатов «Теңдікке жетсек те, жұрттығымызды сақтасақ та, дүниеден сыбағалы орнымызды алсақ та, бір ғана оқудың арқасында аламыз. Жақсылыққа бастайтын жарық жұлдыз – оқу» деген екен. Бүгінгідей бәсеке мен білімнің заманында бұл мәселе өзінің өзектілігін жойған жоқ. Сондықтан қадірлі оқушылар, еліміздің ертеңі өздеріңіз сияқты білімді, сауатты, мықты азаматтар деп білеміз, – деді облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын.

Жыл сайын фестивальдің дәрежесі артып, бәсекелестік күшейіп келеді.

Тіркеу мен қорытындылаудың электрондық жүйесі, сондай-ақ тәуелсіз кәсіби төрешілер алқасы өзгеріссіз қалады. Жарыстың бас төрешісі – халықаралық спорттық және білім беру робототехникасы қауымдастығының президенті Максим Васильев.

– Бұл фестиваль осымен 9-шы мәрте өткізіп жатқандықтан, үлкен тәжірибеміз бар. Өйткені мен бұл сайыста бірінші рет бас төреші болып тұрған жоқпын. Фестивальда іс жүзінде өздерінің білім беру процестерінде роботтарды пайдаланалатын оқушылар қатысады. Роботтарды өздерінің ұстаздарының көмегімен, нұсқауымен жасап үйренген балалар бақ сынайды. Сайыс қорытындылары секундомер қорытындысы мен балл бойынша шығарылады, – деді бас төреші Максим Васильев.

Биылғы жылы финалға қатысушылар 15 санат бойынша бақ сынасты. Сонымен қатар RoboLand Kazakhstan санатына өзгерістер енгізілген. Яғни қатысушыларды шығармашылық санаттағы жаңа тақырыптар күтіп тұр.

«ROBOLAND» фестивалінде оқушылар Robotmouse, роботты жинау және теңге алу, сондай-ақ, жас ерекшеліктері бойынша шығармашылық бағыттағы сайыс, Сумо Grand, Су роботтарының лабиринтті бағыттары, лабиринт және робогеометрия бағыттары бойынша қатысады.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button