Бас тақырып

Жас кәсіпкерді жетелейтін жоба

Мемлекет жастарды қолдау мәселесіне ерекше басымдық беріп келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында да жастар кәсіпкерлігін дамыту туралы міндет қойған еді. Сол тапсырмаға сәйкес, жылдық үстемеақысы 2,5 пайыз болатын несие беру механизмі әзірленді. Айта кетері, бұл шағын несиеге Қарағанды облысының 324 жас азаматы қол жеткізе алады.

Облысқа бөлінген несиенің жалпы сомасы – 1,6 млрд. теңге. Несиені 35 жасқа дейінгі азаматтар ала алады. Пайдалану мақсатына қарай мерзімі – бес жыл. Ал, мал шаруашылығымен айналысуды жоспарлағандарға жеті жылға дейін беріледі. Шағын несие деп аты айтып тұрғандай, несиенің ең үлкен сомасы – 5 млн. теңге.
Несиені алудың өз шарттары бар. Кепілге қоятын мүлік және салық органдарында жеке кәсіпкер ретінде тіркелгеніне бес жылдан аспауы тиіс. Қарызды өтеуге жеңілдік қарастырылған.

Тек, ол кезең несиені өтеу мерзімінің үштен бірінен аспайды.

Бүгінде несиені алуға ниет білдіргендерден өтініш қабылдау басталды. Өтініш беруші «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның Қарағанды филиалына жүгінуі қажет. Жеке куәлік, бизнес жоспары, жеке шоттың болуы туралы анықтама, жалақыны растайтын құжат, мүлікті бағалау туралы есеп және кепілдікпен қамтамасыз ету жөніндегі құжаттар жанында болуы міндетті.

Өтініш қабылданған соң 15 күн ішінде бизнес жоспарға сараптама жасалып, баға беріледі. Оң баға алған үміткердің құжаттары конкурстық комиссияның қарауына жіберіледі. Комиссия үш жұмыс күнінде қарайды. Егер, жоба комиссия қарауынан өтсе, үміткер шақырылып, өз жобасын қорғайды. Соңында жас кәсіпкерге бағдарлама шарттарына сәйкес несие беріледі.

Бұл жобаның жас кәсіпкерді жетістікке жетелейтіні сөзсіз.

Нұрқанат ҚАНАПИЯ. 

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button