Шахтинск

Жас буынның жасампаздығы

     Жуырда Шахтинскідегі Әлихан Бөкейханов атындағы мектеп-лицейінде заманауи технологиялар көрмесі ұйымдастырылды.

Жас өнертапқыштардың көрмеге қойылған жобалары жиналған жұртшылықтың көңілінен шықты. Көрмеге жалпы 1-10 сынып аралығында 40 сынып қатысып, өздерінің тартымды жобаларымен тамсандырды. Болашақ жас ғалымдардың Күннің нұрынан қуат алып, сәуле, жарық таратушы құрылғыларынан, қағаз қиындыларынан жасалған әсем құмыралар, сондай-ақ, аграрлық секторға қажетті заманауи құрал-саймандар мен техникалар, қозғалмалы машиналар, қаймақ шайқайтын, көкөніс турайтын бесаспап, сонымен қатар, май шайқайтын аппарат, қоқыстарды қайта тазалап, өңдейтін техникалардың макеттері көздің жауын алды. Мұның барлығы адамзат тіршілігіне ауадай қажет екеніне көз жеткіздік.

Білім бөлімінің басшысы Николай Онсовичті көрмедегі әрбір құрылғымен мектеп-лицейдің директоры, қалалық мәслихаттың депутаты Арарат Есмағамбетов таныстырып, оқушылардың еңбегін тілге тиек етті. Көрме барысында өз жобаларының маңызы жайында 1 сынып оқушылары – Мөлдір Жомарт пен Кәусар Дубай, Нұржан Байжанов, 2 сынып оқушысы Мәдина Ақназарова, 7, 8 және 9 сынып оқушылары – Севера Унгарбаева, Нұрлан Нияз, Тұрсынхан Тұрсынов, Қайыржан Хавдал, Нұрсұлтан Хақназаров, тағы басқалары әңгімелеп, атқаратын қызметімен таныстырды.

Шара барысында мектеп-лицейдің жас патриоттары «ЭКСПО – 2017» Халықаралық көрмесінің маңызын ұрандатып, ән мен жырға қосып, өз өнерлерін тарту етті. Өз перзенттерінің өнері мен біліміне дән риза болған ата-аналар ұстаздар ұжымына алғысын білдірді.

Аманкелді ТҰРЖАНОВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button