Жаңалықтар

Жасқанат

Жетістік – жастардың арқасы
Жезді кентіндегі мәдени-көпшілік іс-шаралардың біразы спорт тақырыбында өтіп жатады. «Жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша 2010 жылы күрделі жөндеуден өткен жаттығу залы 2010 жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен келген Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің түлегі, самбодан «Қазақстан Республикасының спорт шебері» Т.Абдишевке жаттықтырушы ретінде табысталды. Міне, осы күннен бастап спорт залымыздың жүрегі қайта соға бастағандай, кент тұрғындары мен балалардың қуанышында шек болмады. Жаттықтырушы жас маман Т.Абдишев білімділігінің арқасында көптеген биік шыңдарды бағындыра білді. Оған дәлел ретінде айта кетсек, кентіміздің палуандары Ұлытау палуандарымен бірігіп, Қарағанды қаласында аудандар арасында өткен «Сарыарқа-2016» ХХХ спартакиадада қазақ күресінен командалық есепте алғаш рет жүлделі ІІІ орынды жеңіп алды. Осы сайыстардың нәтижесінде қазіргі таңда он бір балуан «Спорт шеберлігіне үміткер» атағын алса, бір балуан қазақ күресінен «Қазақстан Республикасының спорт шебері» атағын қорғады. «Спорт шеберлігіне үміткер» куәлігі Қазақстан Республикасы күнтізбесінде бекітілген республикалық турнир жеңімпаздарына ғана берілетіні белгілі. Т.Абдишевтің де тәрбиелеген шәкірттерінің бірі қазақ, самбо күрестерінен спорт шеберлігіне үміткер Бөлтірік Алшынбек оқушы кезінен түрлі жарыстарға барып, жүлделі орындардың иегері болып жүр. Ұстазының ізін жалғастыру мақсатында А.Құнанбаев атындағы Саран гуманитарлық колледжін бітіріп, 2016 жылдан бері «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы туған ауылына келіп жаттықтырушы болып жұмыс жасауда.
Еңбек жолын бастағаннан бері қала, аудан, облыс көлеміндегі спорттық жарыстарға жас спортшыларды апарып, жүлделі орындармен оралуда. Атап айтсақ, қазіргі таңда Б.Алшынбектің тәрбиелеген жас спортшылары Ә.Медеуұлы – дзюдо күресінен ашық облыстық турнирде ІІІ орын, Астана қаласында өткен 4-дәстүрлі республикалық ашық біріншілікте ІІ орын, Н.Қуатбек – Сәтбаев қаласының ашық біріншілігінде ІІ орын, Қарағанды қаласында дзюдо күресінен ашық облыстық турнирде І орын, А.Алшынбек, М.Алшынбек, М.Бейсек, А.Елімбай, Д.Болат, А.Қыдырбек – Сәтбаев қаласының ашық біріншілігінде ІІІ орын иеленсе, Ақжол Алшынбек – Ақмола облысының Степногорск қаласында өткен республикалық турнирде ІІІ орын иеленіп, дзюдо күресінен спорт шеберлігіне үміткер атағына ие болды. «Қазақстан» Сәтбаев спорт кешеніндегі ашық біріншілігінде дзюдо күресінен №6 қазақ орта мектебінің оқушысы 48 кг салмақ дәрежесінде Аяулым Бексұлтан мен аралас мектеп-интернатының оқушысы 38 кг салмақ дәрежесінде Арай Елімбай екеуі ІІІ орынды, аралас мектеп-интернатының оқушысы 34 кг салмақ дәрежесінде Қуатбек Нұрхан ІІ орынды иеленіп, Жезді кентінің намысын қолдан бермей, қанжығаларын майлап қайтты. Жезқазған қаласындағы «Ұлытау» спорт кешенінде өткен «Республикалық және облыстық жарыстардың жеңімпазы Дәулет Дәуренұлын еске алуға арналған» дзюдо күресінен 2004-2005 және 2007-2008 жылы туған кіші жасөспірімдер мен қыздар арасындағы біріншілігінде ІІІ орынды Аяулым Бексұлтан, ІІ орынды Әлішер Медеуұлы, Ақжол Алшынбек, Арай Елімбай, І орынды Н.Қуатбек иеленіп, жаттықтырушыларын бір қуантып тастады. 28-29 сәуір күндері Сәтбаев қаласындағы спорт кешенінде ұйымдастырылған Қаныш Имантайұлын еске алуға арналған халық-аралық турнирде «Дзюдо» күресінен 34 кг дәрежедегі салмақпен шәкірті Мейрамхан Бейсек чемпион атанды.
Ұжымда қарапайымдылығымен, алғырлығымен, еңбекқорлығымен сыйлы боп жүрген жас маман Б.Алшынбекке айтарымыз, жасөспірімдердің салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында жасап жатқан еңбектеріңе тек шығармашылық табыс тілей отырып, толағай жеңістерің көп бола берсін демекпіз!

Алмагүл ҚАДЫРОВА,
мәдени-сауық орталығының көркемдік жетекшісі.

ҰЛЫТАУ ауданы.

Үміт үзбеуге үгіттейді
Биыл Жайық Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында «Бір ел – бір кітап-2018» акциясы бойынша үш бірдей кітап – Шәкәрім ҚҰДАЙБЕРДІҰЛЫНЫҢ «Үш анық», Немат КЕЛІМБЕТОВТІҢ «Үміт үзгім келмейді» және Бауыржан МОМЫШҰЛЫНЫҢ «Ұшқан ұя» шығармалары таңдап алынып, жыл бойы насихатталатын болды.

Сәуір айынан бастау алған акцияның ашылу салтанаты кітапхана төрінде түрлі кітап көрмелерімен, сырлы әңгіме өрбітумен жалғасты. Нар тұлғалардың шығармалары насихатталған шарада менің назарым Немат Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» шығармасына түсті. Жасөспірімдерге қызмет көрсету бөлімінің кітапханашысы Мейрамгүл Төлеуғазықызы жүргізген дөңгелек үстел үстінде тақырып ерекше өрбіді. Жиынға келген С.Саттаров атындағы №57 мектептің 10 сынып оқушылары мен ҚарМУ студенттері басталғаннан-ақ шығарма хақында ойларын ортаға салып, мәнін аша түсті. Мұндай шығармаларды жас қауымға таныстырып, үлгі ету – үлкен міндет. «Үміт үзгім келмейді» хикаят-монологы – талай жанның сүйікті шығармасына айналған биік туынды. Оқырман кітапты парақтау барысында шығармадан түңілу мен өмірге құштарлықтың ара жігін айырып, түңілу дейтін терең ордан аттап өтуге мәжбүрлейтін күш алады. Кеш соңында белсене қатысқан барша оқырман оқушылар Алғыс хаттармен марапатталды.

Қарлығаш ҚАДЫРОВА,
ҚарМУ-дың
журналистика бөлімінің II курс студенті.

Күй үзілмеген киелі өңір
Қоңыр күйдің ордасы саналған, есті әуеннің жауалмас қамалы, тал бесіктен жер бесікке дейін ұрпағын ән-күймен тербеген, Арқаның төсіндегі Шежірелі Шет өңірі биыл тоқсан жасқа толып отыр. Шежіреге толы бұл өңір – небір дарынды күйшілер туған, халықтың асыл қазынасына айналған шертпе күйдің отаны. Ұлттық рухты танытатын, шертілгенде жаныңды жадыратып, құдіретімен баурап алар, атадан мирас болып қалған шертпе күйдің орны біз үшін әрқашан бөлек.
Өңірдің күйшілік өнері сонау Итаяқтан бастау алып, Қыздарбек қалыптастырған мектеппен жалғасады. Қыздарбектің талантты шәкірттері Сембек, Әбди, Мақаш, Кәрібек, Ақмолдалар болды. Бұл тұлғалар – осы шертпе күйдің іргетасын құлатпай, күй өнерін жаңа бір сатыға көтерушілер, дамытушылар болды. Бір-біріне ұқсамайтын, өмірдің қуанышы мен қияпатын өзінше суреттейтін күйшілерге айналды. Бірақ, сол заманда қанатын енді жайып, шарықтап келе жатқан шертпе күйді тартушыларды, жалпы өнерпаздарды солақай саясат қырына алып, тұншықтыра түсті. Қыздарбектің айналасына топталған күйшілердің барлығы қуғын-сүргінге ұшырап, көбісі атылып кете барды. Осындай тар заманның салдарынан күйшілердің шығарған туындылары халықтың санасынан шығып, «шертпе күй мұң мен зарға толы, сол себепті жаңа қоғамның идологиясына сай емес» деп танылған тұста, Әбікен Хасенұлының киелі күй өнерін сақтап қалуы, қисынын тауып дәріптеуі – асқан ерлік еді.
Сөйтсе де, шертпе күй өлген жоқ, Қыздарбектің екінші буын шәкірттері Әбікен, Бегімсал, Рысқұлбек сынды күйшілер атадан қалған мұраны дәріптеп, шарықтатып кейінгі ұрпаққа жеткізе білді. «Ат тұяғын тай басар» демекші, кейіннен өңірдің күйшілік өнерін одан әрмен Дәулетбек Сәдуақасов, Орал Исатаев жалғады. Дәстүрлі аспаптың ғажайып тармағы шертпе күйді жастардың құлағына құйды. Осы тұста дәулескер күйші Дәулетбек Сәдуақасұлының еңбегі ұшан теңіз десек, артық айтқандығымыз емес. Дәукең Арқаның шертпе күйін насихаттап, тарихына терең бойлап, Тәттімбеттің, Қыздарбектің, Сембектің, Әбдидің күйлерін талай жерде шертті. Республикалық «Мәңгілік сарын» атты күйшілер бас қосқан алқалы жиынға қатысып, жоғарыдағы шертпе күй шеберлерінің күйлерін орындап, қазақ музыкасының алтын қорына жаздырып, теледидарға түсіріп кетті. Ұлттық өнерді насихаттауда аянып қалмады.
Биыл Дәукең тірі болғанда, 80 жасқа толар еді. Дәулескер күйшінің артында қалған мол мұрасын өзі тәрбиелеп, өнерге баулыған шәкірттері жалғастырып келе жатқаны қуантарлық. Атасының жолын қуған немересі Жүсіп те қазір аудан, облыс, республика көлемінде күйшілер байқауына қатысып, өз өнерін таныта білуде. Жас күйші биыл Алматы консерваториясын бітіріп, өнерін әрі жалғастыра түспек. Ал, Дәулетбек атаның баласы күйші Қайролла Сәдуақасов Арқада шертпе күйді дәріптеп жүрген бірден-бір адам десек, артық емес. Ол кісі «Күй ғұмыр» атты кітап жазған адам. Өткенімізді құрметтеу біз үшін азаматтық борышпен тең, өйткені, кешегі тарих – бүгінгіге тәлім, болашаққа аманат.

Қуаныш СОВЕТОВ,
ҚарМУ-дың филология факультетінің студенті.

Қазақстан болмаса…
(соғыс тағдыры басқаша шешілер ме еді?)
1941 жылы маусымның 22 күні таңғы сағат 4-те фашистік Германия операцияның орындалуын жүзеге асырды. Бір қызығы, Самарқандта сол күні ұлы қолбасшы Әмір Темірдің мүрдесін ашып жатқан. Қабірінде мүрдені ашса соғыс басталады дегенге саятын жазулар болған…
Басынан бақайшығына дейін қаруланған неміс әскері 5 ай көлемінде Мәскеуге дейінгі аралықты басып алды. Мәскеу түбіне келді. Жаңағы, Әмір Темір мүрдесін Самарқандқа қайта апарып жерлегенде жеңілмеген неміс әскері кері қарай шегінді. Мұның бәрі Әмір Темірге қатысы бар ма, әлде кездейсоқ па, анығын бір Алла біледі. Бәрі жаратушы Алланың қолында.
Жалпы алғанда, 1945 жылғы жеңіс – халықтың жеңісі. Күн-түн демей мұз төсеніп, қар жастанып соғысқан, тылда еңбек еткен бұқара халықтың жеңісі.
Біз Қазақстаннан соғысқа 1 миллион 200 мың адам аттанды, оның 400 мыңы қазақ, кей деректерде 500 мыңға тарта кілең жас жігіттер деп жүрміз.
Қазақстандықтар соғыстың басынан аяғына дейін Отан алдындағы парызын өтеп, адалдықпен соғысты. Маңызды шайқастарда соғысты.
Алматыда жасақталған генерал Панфилов басқарған 316-атқыштар дивизиясы Мәскеу түбінде ерлікпен шайқасты, жауды Мәскеуге жібермеді.
Батальон командирі стратег, асқан тактик, мықты қолбасшы Бауыржан Момышұлы атамыз Мәскеуді қорғағаны, Волоколам тасжолын қорғағаны – Қазақ еліне үлкен мақтаныш. Атамыз Александр Бектің «Волоколам тас жолы» деген кітабына бас кейіпкер болады. Куба елінің басшысы болған Фидель Кастродан Екінші Дүниежүзі соғысының батыры деп кімді атар едіңіз дегенде, әлгі кітапта: «қазақ Бауыржан Момышұлы!», – деген екен.
Сол Бауыржан атамызды соғыс кезінде қаншама рет Кеңес Одағының батыры атағына ұсынған. Бұл атақ атамызға көзі тірісінде бұйырмады. Қылышынан қан тамған кезеңде «ов», «ев» деген жалғаусыз жалғыз Момышұлы болған атамызға басымды иемін. Атамыз полковник шенімен қайтыс болады.
100 cарбазды атып өлтірген мерген Кеңес Одағының батыры атануы тиіс. Бірақ Қ.Адамбеков – 239, Ы.Сүлейменов – 341, Т.Әбдібеков – 397 дұшпанның көзін жойса да, ерліктері елеусіз. Украинада партизан болған Қасым Қайсенов те көптеген ерліктер көрсетті, ол кісі де генерал шенін алмай кетті.
Халқымызда ерлермен иық тіресіп соғысқан Хиуаз Доспанова, шығыстың қос шынары Әлия мен Мәншүк апаларымыздың ерлегі бір бөлек. Хиуаз апамыз немістердің үрейін ұшырып, аңызға айналған. Ол апамызды «түнгі мыстан» деп атаған көрінеді. Бұл кісіге де Кеңес Одағының батыры атағы бұйырмады.
Болашақ ұрпақ үшін, мына біздер үшін Нұркен Әбдіров ойланбастан ұшағымен жаудың үстіне құлаған ерлігі бір төбе.
Сұлтан Баймағанбетов небәрі 23 жасында шайқаста жау дзотын кеудесімен жауып қалған сарбаздардың өміріне араша түседі. Ақылға салсаңыз, бұл – көзсіз ерлік.
Берлин шайқасында кейін тұңғыш қорғаныс министріміз болған Сағадат Нұрмағанбетов белсенділік көрсетті, Рейхстагқа Түркіден тараған қос бауыр қазақ пен татар – Рақымжан Қошқарбаев пен Г.Булатов екеуі туды алғашқылардың бірі болып 30 сәуір күні тікті. Ертесінде орыс Егоров пен грузин Кантарияға, қайта ілдіреді. Рақымжанды біз қанша жерден Қазақстан аумағында дәріптесек те, оны өзге мемлекеттердің мойындамауы қынжылтады. Жеңіс парадтарында Мәскеуде әлі күнге дейін Егоров пен Кантарияны айтады…
Ресейдің соғыс тақырыбындағы фильмдерінің ішінде бір қазақ, бір өзбек, бір қырғыз, шешен, қарақалпақ жоқ. Бұл тек Ресей, орыс ұлты соғысты деген идеология ма сонда?Татар жігіті Григорий Булатов соғыстан кейінгі жылдары түрлі мазаққа ұшырайды, Гришка Рейхстаг деп келеке етеді. Мұндай мазаққа шыдай алмаған ол өзіне қол жұмсаумен қайтыс болады, өкінішті.
КСРО да барлығы 11695 адам Кеңес Одағының батыры атанса, оның 497-і қазақстандық, 97-і қазақ.
Бұл аталарымыздың ерліктерін насихаттау бізге, ұрпаққа парыз. Бейбіт күндегі біз аталарымыздың біз үшін аязды күндері, астындағы суық қарда жер бауырлап 5-6 сағаттап, тіпті, одан да көп уақыт қарша бораған оққа қарсы соғысқанын біз қаншалықты түсінеміз?
Ленд-лиз арқылы АҚШ-тың Кеңес үкіметіне қару-жарақ, оқ-дәрі, азық-түлік бергенін де айта кеткен жөн. Сол кездің бағамы бойынша 11,3 миллиард, кей деректерде 16 миллиард доллордың көмегін берген.
Соғыста көптеген қателіктер орын алған. Орыс ұлтының офицерлері мен генералдары өзге ұлттарды кемсіткен, көтермеген. Қателіктердің бірі орысша түсінбеген көптеген Орта Азиядан келген солдаттарды түсінбестіктен атып тастаған.
Неміс сарбаздарының жазбасында: «орта ғасырдағыдай көздері, шаштары қара атты әскер сарбаздары алдымыздан шықты», – деген екен.
Менің де қос атам, ағайынды Әбдірәсіл, Мұхамедия Сармантаевтар Ұлы Отан соғысына қатысқан. Олар мен үшін үлкен мақтаныш. Батырдың ұрпағы екенімді мақтан тұтамын. Мұхамедия атам офицер шенінде атты әскер командирі болған.
Бүгінде атасы соғысқа қатыспаса да, қатысты деу, жалған батыр жасаушылар көбейіп кеткені шындық.
Мәскеуге дейінгі аралық жау қолында, жау Кавказға жетіп келді. КСРО-ның тылдағы базасы, арсеналы Қазақстан болды. Соғыста атылған әр 10 оқтың 9-ы Қазақстанда жасалғаны тылдағы қызу, ауыр еңбекті аңғартпай ма? КСРО-ның 220 зауыт, фабрикаларды Қазақстанға көшіргені ше?
Қарағанды шахтерлерінің еңбегі зор. 4 жыл ішінде олар 34 милион тонна көмір өндірді. Орал-Ембі мұнайлы ауданының кәсіпорындары сұйық отын шығаруды 39%-ға арттырды. Шығыс Қоңырат молибден, Ақшатау молибден-вольфрам, Текелі полиметалл комбинаттары және тағы басқасы салынды. 1941-1945 жылы барлығы 460 завод, фабрика, кеніш, шахта және жеке өндірістер салынды. «Бәрі майдан үшін» деп көптеген ауыл шаруашылық өнімдерін жіберді. «Егер Қазақстан болмаса, соғыс тағдыры басқаша шешілер ме еді?» деген заңды сауал туындайды.

Ерасыл ӘБДІРӘСІЛ,
Е.Бөкетов атындағы
Қарағанды мемлекеттік
университетінің студенті.

Жастар айтысында жеңімпаз танылды
Ауыздықпен алысқан, асау желмен жарысқан Қарағандыдағы арыны қатты жас ақындар арасында қазір Мұхтар ӘДІЛЕВ те бар. Бұған дейін аймақ көлемінде көзге түсіп жүрген Мұхтар осы жолы аймағымыздың абыройын қорғап қалды. Астананың 20, Шет ауданының 90 жылдық мерейтойлары аясында Ақадыр кентінде жастар арасында өткен республикалық айтыстың бас жүлдесі Мұхтарда.
Ақадыр кентінде көптен бері алғаш рет ұйымдастырылған айтыс әуелі аймақтық деңгейде жарияланған. Бірақ, ақындар арқылы құлақтанып қойған, арқасы қозып жүретін айтыскер жастар еліміздің әр өңірінен жиылыпты. Астана, Қызылорда, Торғай (Арқалық), Қарағанды, Жезқазғанның «сен тұр, мен атайындары»! Бұрнағыдан бері бірнеше облыстық айтыстардың алдынан көрінген Мұхтар ініміз қатарынан қара үзіп, бас жүлдені қанжығалапты.
Айтысты Ақадыр әкімдігі мен Мәдениет үйі ұйымдастырған екен. Халық қалап, билік қолдаған соң, кәсіпкерлер демеушілік етпей қалсын ба? «Халық қаласа, хан да түйесін сойған». Жергілікті биліктің жақсылығы осыдан көрінеді.

Жәнібек Әлиман

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button