АймақБас тақырып

Жарық станциясында теміржол вокзалы ашылды

 Жарық станциясының теміржол вокзалы жаңғыртылды. Бұл жайлы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасында атап өтті.

Сурет ұйымдастырушылардан

Вокзалда күту залы мен билет кассалары жаңартылып, жаңа жиһаздар мен электронды ақпараттық таблолар орнатылды. Платформадағы жолаушыларға арналған аумақ абаттандырылып, жарықтандыру мен кондиционерлеу жүйелері қайта қалыпқа келтірілді.

Қазіргі уақытта сегіз станцияда – Мойынты, Ақадыр, Дәрия, Жаңа-Қарағанды, Қарағанды-Сұрыптау (жұп), Мырза, Нұра және Сарыбел станцияларында – жұмыстар толық аяқталды. Тағы үш станцияда – Теміртау, Айса және Қарағанды-Сұрыптау (тақ) – жолаушылар платформалары жаңартылды.

Теміржол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр.

Ал Сарышағанда жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан өтуде. Қажетті рәсімдер аяқталған соң мұнда да теміржол инфрақұрылымы жаңартылады.

– Теміржол нысандарын жаңарту өңір үшін айрықша маңызға ие. Теміржол Қарағанды облысының тұрғындары үшін негізгі көлік қатынасының бірі болып қала береді. Ол өңірдегі қалалар мен елді мекендерді Қазақстанның басқа облыстарымен байланыстырады. Сондықтан вокзалдар мен платформалардың заманауи талаптарға сай болуы мыңдаған жолаушының сапар жайлылығы мен көрсетілетін қызмет сапасына тікелей әсер етеді, – деп атап өтті Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасында.

Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button