Жанның музыкалық терапиясы
Әйел жаны – ерекше нәзік. Қай жерде болсын, қандай жағдайда жүрсін, мейлі, әдемілікке, сұлулыққа жаны құмар олардың жан-дүниесінің де ерекше болуы осыдан шығар. Тағдырдың тәлкегімен жаза басып, түзеу мекемесіне түскен әйелдерді де бұл қатардан шығарып тастай алмаймыз. Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің №32 мекемесінде бостандыққа шығатын күнін күтіп отырған нәзік жандардың психологиялық ахуалын жақсарту мақсатында аталған мекеме қызметкерлері терапия үшін глюкофон аспабын қолдануда.
Глюкофон – медитация, йога кезінде кеңінен қолданылатын барабан. Одан шыққан дыбыс күйзелістен арылтып, тыныштық сезімін беруімен қатар, өмірге қуат беретін қасиеті бар. Аспаптың өзіне тән ерекше дыбысы ойды ретке келтіруге көмектесіп, күмәнді сейілтеді екен. Бұл, әлбетте, жаза басқандар үшін таптырмас терапия.
– Глюкофон – жанның музыкалық терапиясы десе де болады. Ол адамның эмоционалды және физикалық сауығуына көмектеседі. Одан бөлек, психоэмоционалды жағдайларды, соның ішінде, әртүрлі спектрдегі психикалық бұзылуларды, неврологиялық жағдайларды түзетуде, сондай-ақ, мазасыздық пен күйзеліс деңгейін төмендетуде көмектеседі. Бұл бас бостандығынан айыру орындарындағы әйелдерге аса қажет. Музыка оларға ішкі тепе-теңдікке жол табуға көмектеседі, – дейді №32 мекеменің аға-инспектор психологы Олейник Мария.
Психолог терапия кезінде музыкалық шығармаларды ғана емес, сонымен қатар, музыкалық аспаптарда ойнауды тәжірибеге енгізгендерін айтады. Глюкофондағы музыка сотталғандарға ешкімге айтыла бермейтін, өздерін мазалаған ойларын жеткізуге, өздеріне және жақындарына деген сенімдерін арттыруға көмектеседі екен.
Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz