Бас тақырып

Түрме жазаламайды, тәрбиелейді

Ішкі істер министрлігіне қарасты Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің ең үлкен бөлімшесі Қарағандыда. Атап айтқанда, Қарағанды және Ұлытау облыстарында. Өңір екіге бөлінгенде, бөлінбей қалғаны – осы қылмыстық-атқару жүйесі департаменті. Өзге облыстармен салыстырғанда, колониясы ең көп департамент те осы. Мәселен, Қарағанды және Ұлытау облысы қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қарамағанда 10 мекеме бар. Жалпы, бір ғана мекемеге қарасты осынша көп колонияның шоғырлануы – облыс халқының көптігі немесе қылмыс деңгейінің жоғарылығына байланысты емес. Қарағанды облысындағы колониялардың дені – ҚарЛаг-тан мұраға қалған.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Алғашқы әсер – алдамшы

Бұған дейін Абай ауданы, Көксу кентінің Северное ауылындағы Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің №32 мекемесінде, яғни, облыстағы жалғыз әйелдер колониясында болған едік. Дәл осы мекеме орналасқан жерде ҚарЛаг-тың еңбекпен түзету лагерьлерінің бірі болған. Мекеме басшылығы әкімшілік орналасқан ғимараттан басқасының барлығы 30 жылдары тұрғызылғанын айт­қан еді сол кезде.

Бірақ, біз арнайы бас сұққан 800 адамға арналған №29 мекеме кеңестен қалған. Яғни, 1958 жылы салынғанын айтады аталған мекеме басшысының міндетін атқарушы, әділет подполковнигі Бекболат Бурлинов. Халық арасында «Қараған» аталып кеткен колония­да аса ауыр қылмыс жасағаны үшін бас бостандығынан айыру жазасына бірінші рет сотталғандар, бұрын қасақана жасалған қылмыс үшін бас бостандығынан айыру жазасын өтеген қылмыстардың рецидивіндегілер отырады. Атауы да өзіне сай – қатаң режимдегі түзеу колониясы.

Шыны керек, бұрын бұл жерге ат ізін салмағанның сыртынан қарап, колония екенін еш ажырата алмасы анық. Айналаның бәрі – аппақ. Сол ақ қардың үстіндегі мұз сарайдай әсер қалдырады көз ұшынан көрінгенде. Көрмеген, білмеген адамның жанын қалтыратып, еріксіз өне бойыңды бір суық қарып өткендей. Жақындай түскен сайын қорқыныш та ұлғая береді. Себебі, келе жатқанымыз қатаң режимдегі колония. Қанша жерден өзіңді қолға алып, эмоцияны тежеуге тырысқаныңмен, «Бұл жердегілер аса ауыр қылмыс жасағандар!» деген ой басқаның бәрін ысырып, салқынқандылық танытуға мұрша бермейді. Қақпаның алдына келгенде ғана сәл сабаңа түскендей боласың. Маңдайшасындағы «№32 мекеме» деген жазусыз, колония екенін әсте ажырату мүмкін емес. «Алдымыздан «қатаң режимдегі» болғаннан кейін, темір қоршауы аспанмен таласқан сұп-сұр ғимарат шығады-ау!» деген күдігіміз жоққа шықты. Айнала тұрғызылған қоршаудың биіктігі адам бойынан сәл ғана асады. Ішін білмедік, сыртқы көрінісі қалдырған әсер – осы.

Ала дорба

Колония аумағына кірер алдында мұқият тексеруден өтесің. Бұл – бірінші тексеру емес. Бұған дейін түрмеге кіруге рұқсат алу үшін хабарласқанда тілші мен фотографтың жеке куәлігін алдын ала сұратып алып, бірнеше күн қарастыратыны тағы бар.

Бақылау-өткізу пункті жеке тұрған шағын ғана ғимарат. Келушілер міндетті түрде осы жерден өтеді. Бір жағында арнайы формадағы бақылаушы отырса, бір жағында сотталғандармен кездесуге келушілерді арнайы адам келіп, ішке алып кіргенге дейін күтетін бөлме. Үлкен бөлмені үшке бөлген темір тор. Колония аумағына келушілер дәл осы тар дәлізден өтеді.

Таңғы сағат 09.30. Құжатты тексеріп жатқанда, бақылау-өткізу пунктіндегі келушілер бөлмесіне еріксіз көзің түседі. Жо-жоқ, бөлменің өзіне емес, бөлмеде отырған тірі өлікке. Қытайдың ала дорбасын көтере келген ақ шашты кейуана ту сыртынан қадалған көзді де елер емес. Жанары бір нүктеге қадалып, қалың ойдың құшағына кіріп кеткен. Жанын жегідей жеген ойдан езіліп кеткен де болар, бәлкім?! «Ала дорбасын арқалаған қайран ана облыс орталығынан біраз жерде орналасқан бұл жерге қалай жетті екен?» деген де ойға қаласың. Сырт қарағанда жасы да жетпістен асып, сексеннің сеңгіріне кеп қалған. Осы жасында бағып-қаққан баласының қызығын көріп, келін жұмсап, немере сүйіп, қолын жылы суға малатын шағында осындай күйге түскеніне налитын да шығар, кім білген!?

Дәл осы жерге келгенде осындай көрініс көз алдымнан шығар деп үш ұйықтасам түсіме де кірмеген. Бауыр еті – баласы үшін шырылдаған қайран ана! Бүгін тағы ала сөмкесін арқалап, осынау жерге ауыр қылмыс жасаған баласына сәлем-сауқатпен келіп отыр…

Құжат тексеріп болғанға дейінгі бірер минутта куә болған көрініс көз алдыңда көлбеңдеп кетер емес. Төрінен көрі жақын қарт ананың жан қиналысын көргенде, қылмыскер атаулыны былай қойып, түрме атаулының бәрін жек көріп кеткендейсің.

Құжатыңды алып, тар дәлізден әрі өтіп, колонияның аумағына кіресің. Бұл жерде әкімшілік ғимараты орналасқан. Түрме басшылығы, қызметкерлер дәл осы екі қабатты ғимаратта отырады. Біз үшін әзірге әр жағы әлі беймәлім, түсініксіз. Жылы қарсы алған №32 мекеменің тәрбие бөлімінің бастығы Алтынгүл Сыздықовамен кездескеннен кейін алдындағы ойдың бәрі тарқап жүре берген. Түрме бастығының міндетін атқарушы Бекболат Бурлинов жалпы ақпаратпен бөлісті.

– №29 мекеме 800 адамға арналған. Бүгінде 700-ге тарта, аса ауыр қылмыс жасаған сотталушы жазасын өтеуде. Түзеу мекемесі екі аймақтан тұрады. Олар – өндірістік және тұрғын үй. Колонияны Ұлттық гвардия күзетеді, – дейді Бекболат Мейрамбекұлы.

Әділет полковнигінің алдындағы бейнекамераларды қарап отырған компьютер мониторына еріксіз көзің түседі. Көңілде «Қарағанды түрмелерінде камераға ілікпей қалатын «соқыр аймақтар» жоқ па?» деген сұрақ. Себебі, бұған дейін Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы, әділет полковнигі Бекболат Шәкіров бір сұхбатында Қарағанды колонияларында 6529 бейнекамера орнатылғанын айтқан болатын. Бұны Бекболат Мейрамбекұлы да растады. Бейнекамералар бар, тіпті, жатын бөлмелерге дейін орнатылған.

Адасқанға жол сілтеу де – жақсылық

Әкімшілік ғимараттан әрі қарай өтесің. Тексерістің көкесі осы жерде. Өн бойыңды арнайы құрылғымен тексеретіні өз алдына, тіпті, сканерден де өткізеді. Колонияға енді өтуге болатын шығар дегенде, алдыңнан тағы тексеріс. Кірген бетте әр жағыңдағы темір есік сарт етіп жабылады. Алдыңда тағы темір есік. Айнала – темір тор. Бұл жерге үш адамнан артық кіруге болмайды. Жаныңдағы терезеге қолыңды созып, құжатыңды ұсынасың. Сәйкестендіріп болғаннан кейін ғана жеке куәлікті алып қалып, темір есіктен өтуге рұқсат. Сыртқа өтіп, ілесіп жүретін қызметкерді күтесің. Осыдан кейін ғана колонияның көрінісі көз алдыңда ашылып жүр береді.

Жалпы, түрменің қандай екендігі туралы түсінік кинодан қалыптасқан. «Сотталғандар күні-түні камерада ғана отырып, сыртқа таза ауамен демалу үшін белгілі бір уақытта ғана шығады» деген ой басым. Оның үстіне, келгеніміз аса ауыр қылмыс жасағандар отыр­атын қатаң режимдегі колония. Демек, жазасын өтеушілердің әрқайсысы көзден таса етілмейтін шығар деген ой болған.

Біреу – сенер, біреу – сенбес, бірақ, колония ішінде мүлдем басқа көрініс. Алтынгүл Сыздықова алдымен «Мәдениет үйіне» бастады. Маңдайшасындағы тақтайша да қазақ тілінде. Осы жерде айту керек, бәрі бір-бірінен бөлек орналасқан бір қабатты ғимараттар. Колонияны айнала тұрғызылған қоршау төбесіне тартылған тікенекті сымдар мен сұр түсті арнайы киімдегі жазасын өтеушілер болмаса, әсте түрмеде жүргенің белгісіз.

«Мәдениет үйінде» түрлі қызметтер шоғырланған. Жазасын өтеушілермен жұмыс жасайтын теолог та, психолог та дәл осы жерде.

– Мерекелерді атаусыз қалдырмаймыз. Сахнадағы әнші мен әртіс те, залдағы көрермен де – жазасын өтеушілер. Алдын ала тыңғылықты дайындалатындықтан, концерттеріміз де, сахналанған көріністеріміз де кәсіби деңгейде өтеді. Сотталғандардың айтқысы келген өлеңдерінің фонограммасын тауып береміз, әрі қарай өздері дайындалады, – дейді Алтынгүл Сыздықова.

Шынымен-ақ, кіргеннен көңілді музыка. Еріксіз еңсең көтеріліп, жан-жағыңа таңдана көз тастайсың. Қабырғадағы картиналардың әрқайсысына бір тоқтап, өзіңе беймәлім дүниенің тылсымын ашқың келгендей, ойға берілесің.

Әдемі әнге еріксіз құлақ түріп, орындаушысын көруге асығасың. Жан-дүниеңнен өткізіп барып жасалған дүниенің барлығы мінсіз болатыны бар емес пе?! Өкініш пен мойынұсыну, алдағы күнге деген сенім мен үміт… Әннің сөзі емес, әншінің ән арқылы жеткізгісі келген ішкі эмоциясы сезіледі сахнадан. Ән айтқанда аса ауыр қылмысы үшін жазасын өтеп жатқанын өзі де бір сәтке ұмытып, сахна үшін жаралғандай шырқайды. Ойымызды бөлген Алтынгүл Сыздықова алдағы концертке дайындық жүріп жатқанын айтты.

– Бұл сотталушы бұған дейін мүлдем ән айтпаған. Бұл қабілеті осы жерде ашылды. Қазір үш тілде ән салады, – дейді ол. «Демек, түрменің де тәрбиелік мәні бар екен ау» деген ой келеді еріксіз.

Жоғарыда айтқанымыздай, психолог та осы мәдениет үйінде. Екі бөлмеден тұратын психолог кабинетіне кіргеннен жан-дүниең жылып сала береді. Оның себебі – қабырғаға ілінген қолдан салынған суреттер. Жай суреттер емес, аса ауыр қылмыс жасап, түрмеде отырған әкелерін күткен бүлдіршіндердің сағынышқа толы суреттері. Психологиялық қамтамасыз ету тобының аға инспектор-психологы, полиция майоры Маргарита Хабибрахманова жазасын өтеушілер үшін жақындарының күтіп отырғанын білу – түзелу жолындағы мықты стимул екенін айтады.

– №29 мекемеде аса ауыр қылмыс жасағандар отыратын болғандықтан, жаза мерзімі де ұзақ. Өкінеді, мойынұсынады. Бірақ, адам болғаннан кейін жүйкелері сыр беретін кездер де болады. Сондай кезде психологиялық көмекке жүгінеді. Осы жерде түрлі терапиялар жүргізіп, барынша көмек көрсетуге тырысамыз. Яғни, сотталушының жағдайына қарай кейде кино-терапия, кейде арт-терапия өтеді, жағдайын түсінуге тырысамыз, – дейді Маргарита Ришатовна.

Маргарита Ришатовна түрлі тағдыр бар екенін айтады. Сондықтан, олардан теріс айналмай, керісінше, түзелу жолына бұру – міндет.

Түрмеде де онлайн дүкен бар

Колонияда бос жүрген ешкім жоқ. Себебі, бұл жердегі шаруаның барлығын сотталушылардың өздері атқарады. Аула сыпыратын да, жатын жерді жинайтын да, тамақ әзірлейтін де өздері. Одан бөлек, колониядағы кәсіпорындарда да қызу еңбек. Бұл жердегі тоғыз кәсіпорынның жұмыскерлері де сотталушылардың өздері.

Тамақ демекші, бас аспаз – Тұрарбек Сапашев та жазасын өтеуші. Ас әзірлеуді осы жерде үйренген. Сотталғандар күніне үш рет тамақтанады. Тағамға күзде және қыста аскорбин қышқылы қосылатыны тағы бар.

Еңбек бөлімінің басшысы, полиция майоры Иван Петченко колонияға түскен әр сотталушының мамандығы, қабілеті жеке қаралатынын айтады. Соған сай, жұмыс ұсынылады.

Психологтар жазасын өтеушілердің жан жарасын жазуға тырысса, медицина бөліміне басшылық ететін Кенжегүл Дүйсенбекова, әр науқасқа ерекше ілтипат танытып, тән жарасын жазуға тырысады. Біз барған кезде 59 сотталушы ем қабылдауда екен. Бұған дейін медицина блогы қылмыстық-атқару жүйесінің өзіне қарасты болғанда, ауруханасы да жұмыс істеген. Қазір облыстың денсаулық сақтау басқармасына қарасты. Тек күндізгі стационар ғана жұмыс істейді. Яғни, жазасын өтеушілер күндіз келіп, емін алып кетеді. Олар үшін дәрігердің нұсқауымен асханада жеке мәзір де қарастырылған.

– Медицина блогында стоматолог, сондай-ақ, ультра-дыбыстық зерттеу кабинеті бар. Осы жердегі қызметкерлерден бөлек, келіп істейтін дәрігерлер де бар. Олар сенбі, жексенбі күндері келіп, науқастарды қабылдайды, – дейді Кенжегүл Жұмаділдәқызы.

Келесі ат басын бұрған жеріміз – тұрғын-үй блогы. Аты айтып тұрғандай, сотталғандардың уақытша мекені, үйі. Жазасын өтеушілер біз ойлағандай жеке камера емес, казармаға ұқсас бір қабатты үйлерде тұрады. Онда қос қабатты кереуеттер қойылған жатын бөлме, ас үй, зал, дәретхана, жуынатын бөлме бар. Барлық бөлмелерде, тіпті, жасақ бастығы, әділет майоры Жарас Абсадықовтың бөлмесінде де бейнекамералар орнатылған. Алтынгүл Сыздықова жасақ бастығы сотталушылардың «әкесі де, шешесі де» екенін айтады. Яғни, қарамағындағылардың жағдайына жауап беретін де сол.

– Біз үшін ең басты ұстаным – сотталушыларды дұрыс жолға салу. Жазасын өтеп шыққаннан кейін бұл жерге қайтып келмеулері үшін барымызды саламыз, – дейді Жарас Асанұлы.

Айтпақшы, ас үйге кіргенімізде өзара әңгімелесіп, шай ішіп отыр­ғандарға көзіміз түсті. Жасақ бастығы сотталғандардың туыстары жіберетін сәлемдеме осы жерде сақталатынын, жұмыстан бос кезде өздері шайларын қайнатып, еркінше отыра алатындарын да айтты.

Бізді жатын бөлмеге кіргізген жоқ. Сыртынан ғана көз тастадық. Себебі, жұма – монша күні. Бұл күні төсек-орын да, киім-кешек те жаңартылады.

Айтпақшы, колонияның ішіндегі әр ғимаратқа терминалдар қойылған. Жазасын өтеушілер өзінің жеке сәйкестендіру номерін теріп, кез келген мемлекеттік органға жүгіне алады.

Бұл жер қатаң режимдегі колония аталғанымен, сотталғандардың құқығы шектелмейді. Сондай-ақ, ақпарат бұрышынан заңдағы өзгерістер туралы да біле алады, – дейді Алтынгүл Сыздықова.

Айтпақшы, колонияда да онлайн дүкен бар. Жазасын өтеушілер тыйым салынбаған кез келген затқа тапсырыс беріп, сатып алады.

Түзелу мүмкіндігі

Біз бас сұққан соңғы жер – қысқа және ұзақ мерзімді кездесу орны. Жазасын өтеушінің қылмысының ауырлығына байланысты кездесу уақыты да, мерзімі де әр түрлі. Аса ауыр қылмыс жасағандар жылына бір рет, ал, жазасы жеңілдері үш айда бір рет ұзақ мерзімді, яғни, бес күндік кездесуге құқылы. Ал, бөлмелер дәл үйдегідей жабдықталған. Балаларымен келетіндер үшін ойын бөлмесі де бар.

– Ұзақ мерзімді кездесуге келетіндер үшін жағдай жасалған. Ас үй жеке жабдықталған. Тамақтарын пісіріп, жазасын өтеушілер өздерін үйде жүргендей сезіне алады. Бұл да оларды түзету жолында жасалатын әрекеттер. Сондай-ақ, осы жерде адвокатпен жеке қалып, сөйлеседі. Біз олардың әңгімелеріне араласпаймыз. Себебі, сотталушы болса да оның құқығы сақталуы тиіс, – дейді бақылаушы Екатерина Гайдукова.

Жоғарыда жазасын өтеушілердің қабілетіне қарай жұмыстарға бөлінетінін де айттық. Осы жердің тазалығын қадағалап, шаруасын жайлап жүрген сотталушы 51 жаста. 29 жасында 25 жылға бас бостандығынан айырылған ол №23 мекемеге 19 жыл бұрын ауыстырылған.

– 90 жылдары жаза басып, жазалы болдым. Жас болдық. Төбелес кезінде екі адам қайтыс болып, 25 жылға бас бостандығымнан айырылдым. Үш жыл мерзімім қалды. Бірақ, бұйырса, осы жылдың наурызында жақсы мінез-құлқым үшін мерзімімнен бұрын босатыламын. Отбасым күтіп отыр. Мен сотталғанда қызым кішкентай еді. Қазір бой жетті. Кездесуге келіп тұрады. Өмірім осы жерде өтті деп, өкінгенмен еш қайран жоқ. Бірақ, түзелуге мүмкіндік бар, – дейді жазасын өтеуші.

Асүйге қарай өткенбіз. Қазанның қақпағын ұстап, еттің көбігін алып тұрған апа көзімізге оттай басылды. Бақылау-өткізу бекетіндегі «тас мүсін» емес, құдды бірнеше жасқа жасарып кеткен ананың бал-бұл жанған жүзінен ерекше бақыт, қуаныштан көздерінен ұшқын байқалды. Алғашқы көргеніміз бен қазіргі кейпі мүлдем кереғар. Баласы үшін бауыр етін жұлып беруге бар қайран ана ұлын көргеннен кейін ширап алған. «Бүгін жұма, шелпек илеймін. Ет асып жатыр­мын» деп әбігер болған Әмина апамен бір-екі ауыз тілдескеніміз болмаса, әңгімеге тартуға жүрек дауаламады. Аса ауыр қылмыс жасап, 14 жылға сотталған ұлдың тек қана амандығын тілеген ананың жан жарасын тырнап алуға, ұлын көріп, қуанған көңілін су сепкендей басуға қорықтық…

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button