«ЖАННАН ҚЫМБАТ ОЛАРҒА АР»

« – Қолыңды әкелші, Құдай үшін… – Берші қолыңды! Қарындасым, өзің әдемі қыз екенсің. Құлап кетесің ғой…

Не болды? … Тоқташы, сөйлесейікші.. Мына жер тайғақ қой, құлап кетесің.

Сабырға келші. Бәрі жақсы болады… Қане, бері келе ғой…».

Бұл тоғыз қабатты үйдің шатырынан секірмек болған жас қызды құтқарып қалған патрульдік полиция сержанты Бекзат ОМАШЕВТІҢ жетонына бекітілген камерадан алынған сөздер.

Полицияның антына адалдығы мен жанкештілігіне жай күндері мән бере бермейтініміз рас. Қым-қуат тіршіліктің тасасында жасаған ерліктері ескерусіз қалып жататыны да жасырын емес. Сын сағатта ерлік көрсетіп, ажалмен бетпе-бет келсе де, ерлік жасадым деп емес, күнделікті қызметімді атқардым деп санайды. Қолдарына қару алып, қылмыскермен бетпе-бет келу өз алдына, күнделікті болатын түрлі жағдайларда өзгенің жанын аман алып қалып, батырлықтың, жанқиярлықтың үлгісін көрсететін полиция сапындағылардың ерліктерін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Полиция лейтенанты Ерасыл Мұрат пен Бекзат Омашевтің бастарын бәйгеге тігіп, бейбіт күнде жасаған ерлігін уақыт өтсе де, қалай әрі қанша жазсақ та аздық ететіні осыдан… .

.. Әуелде, 102 номеріне дабыл қоңырауы қаланың Оңтүстік-Шығыс бөлігінен түсті. Сатыбалдин көшесіндегі үйдің тұрғыны диспетчерлерге көрші үйдің шатырынан секіргісі келіп тұрған қыз туралы хабарлаған.

Аталған мекен-жайға полиция қызметкерлері – лейтенант Ерасыл Мұрат пен сержант Бекзат Омашев жедел түрде жетті. Жанталаса үйдің тоғызыншы қабатына көтеріліп, секірмекке оқталған қызбен бірі келіссөздер жүргізсе, бірі – балкондардың бірінің күнқағарына секіріп түсіп, қызға таянды да, оны шатырға шығарып алды.

Ажалмен бетпе-бет келген тәртіп сақшыларының сол кезде ойларына келгені – адам жанына араша түсу ғана болғаны анық. Себебі, тоғызыншы қабаттан түсірілген бейнежазбаны көргеннің өзінен-ақ, жүрегің шайлығады. Аяғың сәл тайып кетсе болғаны, құрдымға кеттің дей бер. Ал, қызды алдарқатқан Ерасыл Мұраттың да, оның жанына барып, жұбату сөздерін айтқан Бекзат Омашевтің де дауысынан ерекше қамқорлықты, қызға деген ағалық қамқорлықты байқауға болады. Олар ерлік жүректе екенінің үлгісін осылайша дәлелдеді.

Шынымды айтсам, сол кезде барлық назарымыз қызда болды. Тек, кейін, видеоны көрсеткен кезде ғана шынымен қорқынышты болғанын білдік. Ал, ол шақта өзіміз де есеңгіреу жағдайында болдық. Басты мақсатымыз – қыз баланы құтқарып, моральдық және психикалық көмек көрсету болды. Сөйлесіп, көңілін аулауға тырыстық, – деп есіне алады кейін Бекзат Омашев.

Екеуі де Ішкі істер министрлігінің «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды.

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев «…азаматтарымыздың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін мыңдаған қызметкер жұмыс жасайды. Олар түрлі жағдайда жұмыс істеуге мәжбүр, даңқ үшін емес, қызметтік әрі азаматтық борыштарына сәйкес ерлік жасайды. Сіздердің батыл әрекетіңіз осының дәлелі және барлық жеке құрам үшін үлгі болып табылады» деп алғысын білдірді сол кезде.

Салтанат ІЛИЯШ.