Ауыл – ел бесігі

Жайылым жер тапшы

Бүгінде көпшілік ата кәсіпті дөңгелетуге ден қойған. Жыл өткен сайын төрт түліктің саны артып келеді. Алайда, жайылым – өзекті мәселе. Облыс бойынша жайылымдық жердің жалпы көлемі 35 миллион 302 мың гектарды құрайды. Оның 14 миллион 207 мың гектары ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне пайдалануға берілген. 12 млн. 896 мың гектары бос жатқан жер. Осыншама ұлан-ғайыр жер болғанымен, қарапайым жұрт жайылымға жарымай отыр.

Таңнан өрген табын-табын ірі қара мен сай-саланы жайылымға айналдырған үйір-үйір жылқыны көргенде көзің қуанады. Мәселе мұнда емес, мәселе – мал өсіріп, нәпақасын тауып отырған қарапайым еңбеккерлердің жайылымдарының жоқтығы. Ауыл маңындағы жердің жекеге өтуі, мал басының көбеюі жайылымдық жерге деген тапшылықты тудыруда. «Жеке» жетегіне алған жерді не өзі пайдаланбайды, не ортақ жайылымға бермейді. Оның үстіне ауылдағы егін шаруашылығымен айналысатын қожалықтар да жайылымның тапшылығын тудыруда.

Ауыл маңындағы азын-аулақ көкті талғажау еткен малдың бүйірі шыға қоймасы анық. Шынында да, шағын ауылда малдан басқа күнкөріс көзі жоқ. Қолда бар ірі қараны көңілге медет етіп отырғандардың «бас ауруы» – жайылым. Облыста ағымдағы жылдың 1 мамырындағы статистикалық мәліметтер бойынша жеке қосалқы шаруашылықтарда 770 мың ірі қара, 470 мың жылқы, 1327,8 мың қой мен ешкі тіркелген.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 14 сәуірдегі №3-3/332 бұйрығымен жайылымдардың жалпы алаңына түсетін жүктеменің шекті рұқсат етілетін нормасы бекітілген. Яғни, ауыл шаруашылығы жануарларының 1 басына арналған жайылым алаңының нормасы жылқы малына – 16,1 гектар, ірі қара малға – 15 гектар, ұсақ мүйізді малға 3,3 гектарды құрайды. Бүгінгі күнге ауыл тұрғындарының малдарына бөлінген жайылымдық жерлермен қамтылу көрсеткіші 53%-ды құрайды. Көрсеткіш көңіл көншітпейді. Дегенмен, жауапты сала мәселені шешудің түрлі жолдарын қарастырып, жайылымды ұлғайтуды басты назарға алған. Соның бірі – жеке қосалқы шаруашылықтардың бойдақ малдарын шалғайда бағуға, яғни, жайлауға жіберу мәселесін шешкен. Арнайы келісімшарт арқылы ақылы түрде жүзеге асыратын мұндай ұйымдастыру шарасына екінің бірі келісе қоймасы анық. Біріншіден, малы жоғалған жағдайда бақташы жауапкершілікті мойнына алуы екіталай немесе төлемақысын төлеуге келгенде біраз кедергілер кездесуі әбден мүмкін. Екіншіден, әр мал басына ай сайынғы ең төменгі төлем бағасы 4-5 мың теңгені төлеуге қалтаның көтере бермейтіні тағы бар.

– Ауылда жайылым мәселесі өте қиын. Айнала – егін, малдан қориды. Түссе, мал иесі айыппұл төлейді. Қала берді жеке адамның меншігі. Не бізге бермейді, не өзі пайдаланбайды. Ал, жыл сайын бір жерде оттай берген малдан қандай мол өнім алуға болады. Ол жердің өзі шаңы шығып, тозбай ма? Күнделікті айран-сүтімізді осы малдан айырып отырғандықтан, ауылдағы басты мәселе – жайылым. Аудан әкімінің жыл сайынғы ауыл халқымен кездесуінде айтқанымызбен шешілмей келе жатқан мәселе осы, – дейді, Қарқаралы ауданының тұрғыны Болат Мүсілімов (аты-жөні өзгертілді).

Қарқаралы ауданында 62 елдімекен, 350 қыстақ бар. Ауданның жер көлемі 3 547 236 гектарды құрайды. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер 1 737 250 гектар, оның ішінде, жайылымдық жер 1 554 044 гектар. Жері мал шаруашылығын дамытуға қолайлы өңірдің біраз елдімекендерінде жайылымға деген сұраныс өте жоғары. Өзекті мәселені оңтайландыруда бос жатқан жерлерді тиімді пайдалану шарасын қолға алынған.

Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі мамандарының берген мәліметтері бойынша, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының «Ауылшаруашылық жерлерін тиімді пайдалану мақсатымен оларды нарықтық айналымға енгізу» деп аталатын 35-ші қадамын басшылыққа ала отырып, жұмыс атқарып отыр. Бүгінде шаруа қожалықтарымен қатар, ауыл тұрғындарының қолдарындағы ауыл шаруашылығы жануарлары жылдан-жылға өсіп келеді. Малдары көп ауыл тұрғындары Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығына сәйкес өтініш беріп, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерден конкурс арқылы жер алып, шаруа қожалығын ашуға болады. Биыл осы бағытты тиімді деп санаған 70 адам конкурсқа қатысып, 73166,6 гектар жайылымдық жерді иеленіп, жаңадан 26 шаруа қожалығы ашылған.

Ауылшаруашылық жерлерін игермеу жайылымдық жердің тапшылығын тудырып отырған бірден-бір фактор. Бұл орайда, аудандағы жауапты саланың мамандары жүргізген мониторинг нәтижесінде 72 ауыл шаруашылық тауар өндірушінің 294806 гектар жерді пайдаланбай отырғандығы анықталған. Сонымен қатар, 166 ауылшаруашылық тауар өндірушіге өздеріне тиесілі жалға берілген жерлерін дұрыс пайдаланып, малдарын сол жерде бағып-ұстау қажеттілігі туралы хабарламалар жіберген. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде 4 шаруа қожалығы 2899 га жер учаскесін мемлекеттік қорға қайтарған.

Жайылымның тапшылығы облыс бойынша ауқымды мәселе. Ел экономикасының дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан агроөнеркәсіп кешенінің басты басымдығы – ауылшаруашылық саласын дамыту. Ал, оны өркендетудің түпкі мәселесі жайылым жатыр. Жалпы, жер мәселесі жайында Қарқаралы ауданын ғана тілге тиек еттік. Егін және мал шаруашылығы қатар дамыған қалған аудандардағы өзекті мәселенің бірі осы жайылымдық жер.

Жер Кодексінің 92-бабының 3-тармағында «Егер ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізуге арналған жер учаскесі пайдаланбау фактісі бастапқы анықталған кезден бастап екі жыл мақсатқа сай пайдаланылмаған жағдайда, мұндай жер учаскесі осы Кодекстің 94-бабында көзделген тәртіппен мәжбүрлі түрде алып қоюға жатады» делінген. Елімізді азық-түлікпен қамтамасыз етуде мал шаруашылығын дамыту айрықша орын алатын болса, оның негізі – табиғи жайылымдарды тиімді пайдалану шараларын жүзеге асыру кезек күттірмейтін міндет.

Сағыныш ӘБІЛ.

Басқа материалдар

Back to top button