Бас тақырып

Жайлы жатақхана, қапысыз қамқорлық: Министр Саясат Нұрбек Бөкетов университетіне келді

Биылдан бастап өңір университеттерінің дамуына басымдық берілетін болды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қарағандыға келген сапарында мәлімдеді. Министр Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетіне келіп, оқытушылар мен студенттермен кездесті. «Цифрлық трансформация жағдайындағы дағдылар мен құзыреттер» тақырыбында дәріс оқыды.

Министр әуелі күрделі жөндеуден өткен жатақханаларға ат басын тіреді. Оқу орнында қазір 2676 орынды 7 студент үйі бар. 2020 жылы №1 студенттер үйіне күрделі жөндеу жасалған. Бөлмеге қажет жабдықтар толық жаңартылып, қосымша бөлмелер де ашылған.

– «Жатақхана жеткіліксіз» деген мәселе жоқ. Бұрынғыдай емес, студенттер үшін жағдай жасалған. Бұған дейін №1 студенттер үйінде бәріне ортақ 2 душ болған. Әр қабатта 3 секция бар десек, қазір 3 секцияға 1 душтан. Ыстық және суық суы ағып тұр. Айлық құны – 18-20 мың теңге. Ал, ата-ана қамқорлығынан айырылған студенттерге – тегін. Жөндеу жұмыстарына дейін жатақханада киім кептіретін, қоқыс шығаратын және басқа да жабық тұрған бөлмелер бар-тын. Оларды іске қосып, қолданысқа дайындап қойдық. Қазір университеттің студенттер үйінде 400 орын бос тұр, – деді университеттің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Мейіржан Сыздықов.

Бұдан кейін министр №3 студенттер үйінің 1 қабатында орналасқан студенттер емханасының жұмысымен танысты. Ғимараттың ауданы – 500 шаршы метрге жуық. Бұл жерді медициналық мекеме жалға алған. Әрі жөндеу жұмыстарының шығынын өздері көтеріп, қажет аппараттарын да өз қаржыларына алған. Ғимарат бұған дейін қойма болыпты.

– Емхана ректордың бастамасымен ашылған. Қазір мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бағдарламасы арқылы келісіммен жұмыс істеп жатырмыз. Күрделі жөндеу жұмыстары, қажет құрылғыларды алу үшін 250 млн. теңге қаржы құйдық. Біз тек университет жастары мен қызметкерлері үшін ғана емес барлық орта және жоғары оқу орнының студенттері үшін қызмет жасаймыз. Қазір 17 дәрігер, 34 орта және 7 кіші медицина қызметкері жұмыс істейді. Дәрігерлердің білімі жоғары әрі сертификатталған. Жақын арада құны 12 млн. теңге болатын заманауи ультрадыбыстық зерттеу аппаратын алдық. Оқу жылы басталғаннан бері 2 мыңнан астам адам тексеруден өтіпті, – деді емхананың бас дәрігері Аманжол Абдрахманов.

Сонымен қатар, министр Jastar ortalygy мен «Аюлы» спорт кешенін аралады. Jastar ortalygy 2019 жылы ашылған. Жастар бос уақыттарын осында өткізіп, түрлі кездесулер ұйымдастырады. Ал, «Аюлы» спорт кешені былтыр іске қосылған. Бұл ғимараттар да кезінде қойма болған. Ректордың тапсырмасымен күрделі жөндеуден өтіп, ішіне қажетті құрылғылар алынған. Сондай-ақ, министрге студенттер үшін ашық аспан астында салынған волейбол, баскетбол және футбол алаңы мен хоккей корты таныстырылды. Сапар соңында министр студенттермен бірге ағаш отырғызу акциясына қатысты.

– Министрлік қоғамдық лекцияларды бастады. Президенттің тапсырмаларына сәйкес, басымдық университеттерге беріледі. Осы жылдан бастап «Болашақ» бағдарламасынан тыс жыл сайын 500 ғылыми-зерттеуші қызметкерге арнайы тағылымдамалық грант беріледі. Әрі дүниежүзілік жоғары оқу орындарынан тәжірибеден, тағылымдамадан өтетін болады. Біз әр сай сайын елдегі университеттерді аралап, жұмыстарымен танысамыз. Мәселелерін қозғап, университет әлеуетін көтереміз. Сондай-ақ, жетекші оқу орындарындағы оқытушылардың еңбекақысын көтеру үшін арнайы бағдарлама іске қосылады. Жас мамандарды жұмысқа алу үшін докторантураны тәмамдаған жас зерттеушілерге арнайы грант тағайындау жоспарда бар.

Қарағанды университеті – орны бөлек қарашаңырақ. Кейбір өңірлерде жатақхана, ондағы орын жеткіліксіз болады. Ал, Қарағанды университетінде ондай мәселе жоқ, – деді министр.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button