Руханият

Жақсыдан – ұлағат

Заң ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, «Карлаг – болашақ үшін естелік» жобасының авторы мен жетекшісі, академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ректоры Нұрлан Дулатбековпен «Ғалым. Қайраткер. Тұлға» атты кездесу өтті. Тағылымды шараны «Қарағанды қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене тәрбиесі және спорт бөлімінің» қолдауымен «Қарағанды қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» ұйымдастырды.

Сурет шараны ұйымдастырушылардікі

Кездесу «Қарағанды қаласының 90 жылдығына арналған 90 кездесу» жобасы аясында жүзеге асты. Сұхбаттасуға ­Ә.Сағынов атындағы «Қарағанды техникалық университеті», «Bolashaq» академиясы, Инновациялық технологиялар колледжінің студенттері мен ғалым-оқытушылары және Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының жоғары сынып оқушылары, мұғалімдері қатысты. Кеш қонағы өзінің ғылымдағы жолы, қоғамдық қызметі мен зерттеулерімен бөлісті. Сонымен қатар, балалық шақтың тәтті естеліктерін айтты. Жастарды талмай еңбектенуге және тарихты оқуға шақырды.

– Тарих – қайталанып отыратын үрдіс. Сол себепті, біз әрқашан тарихтан сабақ алуымыз тиіс. Тарихымыздың жақсы жақтарын ғана емес, көлеңкелі жақтарын да зерделей білсек, үлкен мақсаттарға жететін жолды ашамыз. Өткеніңді білу – маңызды. Қазақтың бағы мен амандығы үшін өздерін құрбан еткен талай асыл тұлғалар бар. Міне, соларды біліп, насихаттап жүру – жас ұрпақтың міндеті. Бүгінде бізге ұлттық санамызды, болмысымыз­ды жаңғыртып, жаңа деңгейге шығару – үлкен мәселе болып тұр. Осыны қаперде ұстаңыздар, – деді Нұрлан Дулатбеков.

Кездесудің құрметті қонағы мен оқырмандар арасында ашық, еркін сұхбат өрбіді. Өмірде өзіндік жолын таба білген мейман жастарды жігерлендірді. Армандаудың, мақсат қоюдың және сол жолда жұмыс істеудің маңызы хақында тереңнен ой толғады.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button