Руханият

Ең құнды сыйлық

Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті шаһардағы рухани орталыққа айналып келеді. Ұлттық рух алауын үрлейтін шаралардың көбі осы білім шаңырағында өтіп жүр.

Білім ордасында Алаштың үш бәйтерегі Сәкен Сейфуллиннің, Ілияс Жансүгіровтің, Бейімбет Майлиннің 130 жылдығына және Халықаралық кітап сыйлау күніне орай «Бір кітап – бір әлем» атты кітап сыйлау акциясы өтті. Оған студенттер мен университет оқытушыларынан бөлек, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Суреттерді түсірген
Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Университет студенттерінің арасында «KITAP – QAZYNA» атты кітап оқу байқауы өтіпті. Акция басталмас бұрын, сол байқаудың жеңімпаздары салтанатты түрде марапатталды. Жүлдегер командаларға ақшалай сертификаттар табысталды.

Ал, кітап сыйлау акциясы ерекше форматта өтті. Ұйымдастырушылар бәрін қызықты етіп ойластырған екен. Мәселен, ортаға екі үстел қойылды. Біреуінде – студенттердің, екіншісінде – Алаш жұртына есімі мәшһүр қаламгерлердің, ғалымдардың және басқа да арнайы шақырылған қонақтардың есімі жазылған парақтар қаз-қатар тізілді. Көшті университеттің басқарма төрағасы Нұрлан Дулатбеков бастады. Ол өз кітабын бір студентке тарту етті. Сонымен қатар, өз тілегін де жеткізді.

– Аса қадірлі студенттер, профессорлар мен оқытушылар және құрметті меймандар! Сіздерді осы бір ғажап акцияның басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Ғажап дейтінім, кітап – дүниедегі ғажаптардың қатарына еніп тұрғаны сөзсіз. Қай уақытта да солай болған және бола да бермек. Адамзат қоғамы ізгілікке жетуі үшін кітап оқуы тиіс. Оқудан ажыраған күні біз кері кетеміз. Кітап сыйлау – бұл келешек ұрпақтың жақсылығы үшін жасалатын ең үлкен жақсылықтың, қайырымдылықтың бірі. Университетімізде мұндай шара осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр. Әрі қарай да жалғасын табады деп сеніммен айтамын. Мақсаты – білім әлемінің тереңіне бойлау. «Кітап – білім бұлағы» дейді… Студенттеріміз кітап оқыса, біз үшін сол үлкен қуаныш. Баршаңызға алғыс! – деді Нұрлан Дулатбеков.

Студент өз кезегінде кітабын құрметті қонақтардың біріне берді. Солай жалғасып кетті. Тізімде «Ғасыр адамы» Темірғали Көкетаев та бар.

– Мыңжылдықтарға созыл­ған адам­зат көшінің білген, түйгені – осы кітапта. «Адамзат баласының не­гізгі мұраты – өзінен кейін мұра қалдыру» деп еді бір ойшыл. Білімді болғың келсе, парасатты, пайымды болғың келсе – кітап оқу керек. Қазір біздің мемлекетке саналы, ақылды жастар ауадай қажет. Университет басшылығына осындай тағылымды шараны ұйымдастырғаны үшін зор алғысымды білдіремін, – деді Темірғали Көкетаев.

Ортаға шыққан қазақтың айбоз ақыны, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Серік Ақсұңқарұлы өлең оқыды.

Акциядан кейін университет студенттері құрған «Шаттық» әуесқойлар театры «Бір түп алма ағашы» қойылымын сахналады.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button