Жаңалықтар

Жаңашыл жастар жарқылы

Өткен жылы Қарағандыда «IT-WEEKEND.KZ – 2018» халықаралық форумы өтіп, әлемдік деңгейдегі ІТ-мамандар өңірді «Террикон алқабы» деп атауды ұсынған болатын. Қарағандылық бағдарламашылардың Google секілді әлемнің алдыңғы қатарлы ІТ-компанияларында қызмет ететінін ескерген олар «Қарағанды ІТ-форумды өткізетін қала ретінде бекерден таңдалған жоқ. Аймақта математикалық бағыттағы мықты мектептер бар» деп баға берген.

Бұған қоса, форумда IT-мамандар облыста цифрлық «ерекшеліктер» енгізіліп жатқан сәтті үлгілер бар екенін атағантын. Өткен жылғы халықаралық хакатонда мүмкіндігі шектеулі, төсек тартып қалған науқасқа көмекші немесе күтуші тауып алуға болатын мобильді қосымша жасап шығарған Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің студенттері жеңімпаз атанған.

Ал, биылғы республикалық хакатон сайыстарын облыстық «Сарыарқа» ӘКК жә­не Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ бірлесіп ұйымдастырды. Жастар өңірдің инновациялық экожүйесін дамытуға ықпал ететін, өнеркәсіпке және ауыл шаруашылығына бағытталған стартап жобалар ұсынды. Осылайша, жас инноватор-әзірлеушілер өңірдегі жас кәсіпкерлердің біліктілік деңгейін байқатты.

Хакатон қатысушыларының арасында Қарағанды, Ақмола, Павлодар және Алматы қалалары жоғары оқу орындарының, колледждері мен мектептерінің білім алушылары болды. Стартаперлерге «Astana Innovation» АҚ, Millenium Education Technologies, PostCard, «Атамекен» аймақтық Кәсіпкерлер палатасы, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ, «Natige Сүт Фабрикасы» АҚ, Қазіргі заманғы технологиялар және өндіріс қауымдастығы, Жәйрем КБК, ClockSter, Woopay компаниясының өкілдері екі күн бойы дәріс берді. Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың экономика факультеті деканының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Жәнібек Жартай өнеркәсіп және ауыл шаруашылығына бағытталған жобалардың қатары артқанын айтты. «Шара студенттерге әр саладағы бизнес өкілдерімен бетпе-бет кездесіп, тәжірибесін игеруге үлкен мүмкіндік берді. Жастар өздерінің бизнеске бағытталған идеяларын ұсынып, жобаларын сатуды үйренді» – деді ол.

Хакатон сайыстарында күн панелі бар жеміс-жидектер мен көкөністерге арналған инновациялық кептіргіштер тақырыбындағы ҚарМУ студенттерінің «AlmaGreat» жобасы 500 000 теңгені жеңіп алды. Сондай-ақ, ҚарМТУ студенттері ұсынған газдың шығуын анықтайтын және өрттердің алдын алуды қамтамасыз ететін датчиктері мен автоматтандырылған GazDnW жобасына 300 000 теңге берілді. Сатып алушы мен фермерлерді байланыстыратын электронды көтерме-тарату «eОРЦ» жобасы орталығын жасаған ҚарМУ студенттеріне 200 000 теңге бұйырды.

Биылғы сайыста «Инновациялық жоба» аталымы ұсынылған болатын. Бұл аталымға жастардың «Neuro Helmet» жобасы (Степногорск), «Smart Garden» жобасы (Талдықорған), «VetMobb» жобасы (Қарағанды) лайық деп танылды. Сарапшылар хакатоншы жастардың біліктігін жоғары бағалады. «Қарағандыда математикалық ой өрісі дамыған, осы салада өзіңмен тең адамдармен сөйлесе аласың. Өңірде жаңашылдыққа жаны құштар, өздерін де, өңірді де, жалпы елді дамытуға талпынатын жастардың алаңы қалыптасып келеді» – деді олар.

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Back to top button