Бас тақырыпОблыс әкімі

Жаңаарқаның келешегі – жарқын

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек Жаңаарқа ауданына жұмыс сапары кезінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуымен жете танысты. Ауданда қолға алынған игілікті істер мен ілкімді жобалар аймақ басшысының назарына ұсынылды. Мәселен, бүгінде Жаңаарқа ауданында тұрғын үй құрылысы толассыз жүргізілуде. Атасу кентінде тұтас шағынауданның құрылысы қарқын алған. Құрылыс жұмыстарының жай-жапсары облыс әкіміне баяндалды.

– Биыл республикалық бюджеттен 461 миллион теңге бөлінді. Бұл қаражатқа «Жаңа Нұр» шағын ауданында жеті үй салынды. Жыл соңына дейін 8 пәтерлі екі үйді тапсыру жоспарланып отыр. Қалған бесеуі келесі жылы пайдалануға беріледі, – деді аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Мұқанов.

«Жаңа Нұр» шағын ауданында 12 үй салынады. Болашақта мұнда әлеуметтік нысандар да пайда болады деп жоспарлануда. Бақытжан Мұқановтың айтуынша, 2020 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тағы екі 3 қабатты үйдің құрылысы басталады.

– Сондай-ақ, 39 жеке үйдің инфрақұрылымын дамыту үшін қаражат бөлінді. Тұрғын үй құрылысы бойынша бес жылдық жоспар дайындалуда, – деді Жаңаарқа ауданы әкімінің орынбасары. Жеңіс Қасымбек көпбалалы отбасылардың тұрғын үй мәселелері қалай шешілгенін сұрады.

– Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 20 көпбалалы отбасына үй берілді. Оларға республикалық бюджеттен екінші тұрғын үй сатып алуға қаржы бөлінді. Бүгінгі таңда тұрғын үйге кезекте 75 көпбалалы отбасы бар, оның 4-і желтоқсан айында жаңа шағынауданда өз баспанасын алады, – деді Бақытжан Мұқанов. Жалпы Жаңаарқа ауданында тұрғын үй кезегінде 880 адам тұр.

***

Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Жеңіс Қасымбек жергілікті кәсіпкерлермен кездесті. Ауданда 2300-ден астам шағын және орта бизнес нысандары жұмыс істейді. Мұнда кәсіпкерлер ауыл шаруашылығымен, өндіріспен, саудамен шұғылданады және бірқатар қызмет түрлерін көрсетеді.

Жас кәсіпкер Бекмұрат Алпысов, мысалы, кілт дайындаумен айналысады. Өз ісін ашуға оған «Бизнес бастау» курсы мен облыс және аудан әкімдерінің гранттары көмектескенін айтады.

– Біреулер «Неге кілттер?» деп сұрайды. Себебі, осы проблемаға өзім тап болдым. Жоғалған кілттердің дубликатын жасау үшін Қарағандыға баруға тура келді. Сонда ойландым да, осы іспен айналысуды шештім. «Бизнес бастау» курсынан өтіп, Қарағандыда шеберлерден білімімді жетілдіріп, 500 мың теңге көлемінде аудан әкімінің грантына ие болып, өз шеберханамды аштым. Мен есік құлыптары, домофондар мен автомобильдер үшін әртүрлі кілттерді даярлаймын, – деді Бекмұрат Алпысов.

Оның шеберханасы – ауданда жалғыз. Сондықтан, қызметіне жүгінушілер де көп. Шеберге басқа кенттер мен ауылдық округтерден де тұрғындар келеді. Бекмұрат облыс әкімінің 1 млн. теңге көлеміндегі грантын жеңіп алды. Бұл ақшаға станоктар сатып алып, Ресейге оқуға баруды жоспарлайды.

Ал, Сандуғаш Жұмат өз ісін ашу үшін «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасына жүгінген. Оған бағдарлама аясында 6 миллион теңге шағын несие берілген. Нәтижесінде, кәсібін бастаған. Бүгінде кәсіпкер кондитерлік өнімдерге тапсырыс алады. Өзінің клиенттік базасы да бар.

– «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы мен өзімнің «Тәтті» кондитерлік өнімдерін сататын дүкенімді аштым. Біздің өнімге сұраныс бар. Бір айда біз 750 мың теңгеге өнім өндіреміз, – дейді Сандуғаш Жұмат.

«Арқа Құрылыс» кәсіпорны асфальт және қиыршық тас өндірумен айналысады.

– Өткен жылы біз екі зауыт аштық. Екі жыл ішінде 150 мың тоннадан астам асфальт және 180 мың тоннаға жуық қиыршық тас өндірілді. Біздің материалдар республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар жолдардағы жөндеу жұмыстарында қолданылады. Мысалы, Қаражалда республикалық маңызы бар 32 шақырым жолдар біздің материалдармен жөнделді, – дейді «Арқа Құрылыс» ЖШС бас инженері Кемал Мұқанов.

Жеңіс Қасымбек өңірде жасалған өнімдерді пайдалану өте маңызды екенін атап өтті.

– Осындай қажетті материалдардың бізде өндірілгені қуантады. Оның үстіне, соңғы уақытта жолдарды жөндеуге ерекше көңіл бөлінуде. Келесі жылы облыс бойынша жөндеу жұмыстарының ауқымды көлемі жоспарлануда, – деді облыс әкімі.

Жаңаарқа ауданы әкімінің орынбасары Қанат Қожықаевтың айтуынша, ауданда кәсіпкерлікті дамытуға баса көңіл бөлінуде. Өткен жылы жас кәсіпкерлерді қолдау үшін аудан әкімдігінде 4 млн. теңге гранттар бөлінді. Бұл қаражатқа 8 жоба іске асырылып, 23 жаңа жұмыс орны ашылды. Келесі жылы 500 мың теңгеден 10 грант беру жоспарлануда.

***

Жұмыс сапары кезінде Жеңіс Махмұдұлы суағар резервуарында болып, газ құбырын қосу жұмыстары қалай жүріп жатқандығымен танысты. Жергілікті аурухана мен №5 қазандықты аралап көрді. Сондайақ, облыс әкімі «Жанболат» шаруа қожалығында болды және аудан тұрғындарымен кездесті. Жаңаарқа ауданында аграрлық сектор жақсы дамыған. Мұнда 700-ден астам фермерлік шаруашылық бар.

«Жанболат» шаруа қожалығы 2001 жылы құрылған. Директоры – Малдыбай Сүлейменов. Оның шаруашылығы әулиекөл және герефорд асыл тұқымды сиырларын өсіреді. Сондай-ақ, астық өсірумен айналысады. Қожалықтың, сонымен қатар, мал сою пункті мен шұжық цехы бар.

Кездесу кезінде өз ойларын ортаға салған фермерлер қауымы субсидияның қажеттілігі туралы сөз қозғады. Қазіргі таңда мал басын өсіруге ден қойылғандығын тілге тиек етті.

 – Жыл сайын мал санын көбейтеміз. Жұмыс жақсы жүруде. Қазір көптеген жастар осы іспен айналыса бастады. Бір ғана мәселе бар – субсидия төлеу. Осы орайда, бізге көмектесуіңізді сұраймыз, – деді фермерлердің бірі Қуат Ахметов.

Аймақ басшысы жақында облыстық бюджет есебінен бұл мәселені шешуді бастайтынын атады. Шаруа және фермер қожалықтарын қолдауға қаражат бөлу көзделуде.

Әкіммен кездесуде ақсақалдар ауданның ең маңызды мәселелері туралы әңгімеледі. Оның негізгісі – электр энергиясымен, газбен және сумен қамтамасыз ету.

– Сіздер көтерген барлық мәселелер өте өзекті. Мен бірнеше нысанды аралап, қалай жұмыс істеп жатқанын көрдім. Электр энергиясы мәселесін шешу үшін аудан әкімдігі қажетті құжаттарды дайындап, жеткізушімен сөйлеседі. Содан кейін тиісті қаражатты бөліп, осы мәселені толыққанды шешеміз. Сумен қамтамасыз ету үшін 1 млрд. теңге көлемінде қосымша қаражат бөлеміз. Ал, газ аудан орталығына 2021 жылға қарай келеді. Алдағы жылдары проблемалар шешімін табады, – деп сендірді Жеңіс Қасымбек.

Жаңаарқа ауданында 12 ауылдық округ және 2 кент бар. Онда 40 000ға жуық адам тұрады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

 

Басқа материалдар

Back to top button