Ресми

Жаңа заңның көздегені – әділдік

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы 2022 жылғы маусымда өткен республикалық референдум нәтижесінде қабылданған бірқатар маңызды заңдарға көпшілік алдында қол қойған болатын. Соның бірі – «Прокуратура туралы» Конституциялық заң. Президент сенім артып, Конституциялық деңгейге көтерілген заңға өткен жылдың 5 қарашасында қол қойылып, 17 қарашада қолданысқа енді. Аталған заң ең алдымен прокуратура органы қызметінің құзыреттілігін, ұйымдастырылуын және тәртібін белгілейді.

Ең алдымен прокурорлардың азаматтардың өтініштерін қарау тәсілдері өзгергенін айту керек. Егер, бұған дейін түскен шағым уәкілетті органға жіберілсе, енді прокурорлар халықтың мәселелерін өздері қарайды. Ол үшін қаралатын шағымдардың тізімі де кеңейтілді. Азаматтардың өтініштерін мемлекеттік органдар қарамаса, прокурорлар тиісті шара қолданады. Одан бөлек, адамның өмірі мен денсаулығына нұқсан келтіруі ықтимал фактілерге қатысты арыздарды да прокурор қарауға құқылы.

Сондай-ақ, физиологиялық ерекшеліктеріне, психикалық ауытқуларға және өзге де жағдайларға байланысты өзінің құқықтарын қорғай алмайтын адамдардың арыз-шағымдарын да прокурор қарай алады.

Заңда бизнестің мүддесі де қарастырылады. Мәселен, кәсіпкерлер өз қызметіне мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы, өзін-өзі басқару органдары және олардың лауазымды тұлғалары араласқан болса, прокуратураға арыз жаза алады. Бұл ретте прокуратура өзге мемлекеттік органдардың функцияларын ауыстырмайды.

Жалпы, прокуратура туралы жаңа Конституциялық заңның қабылдануы адамның, мемлекеттің және бизнес субъектілерінің құқықтарын және заңды мүдделерін қорғауда прокурорлардың құзыреттілігі мен әлеуетін кеңейтетіндігі сөзсіз.

Бас Прокурор жаңадан құрылған Конституциялық Сотқа Конституция нормаларын, халықаралық шарттардың және нормативтік-құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін түсіндіру жөнінде жүгіне алады.

Мемлекет басшысы 2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында ортағасырлық ұят құбылысты жою үшін азаптауға байланысты қылмыстарды тергеуді прокуратураларға жүктейтінін мәлімдеді. Сәйкесінше, 2023 жылғы 1 қаңтардан азаптау туралы істерді прокуратура органдары тергейді.

Егер, бұрын азаптау туралы істерді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, полицияның өзіндік қауіпсіздік басқармалары тергесе, қазір бұл істерді тек прокурор тергеп-тексереді.

Азаптауға байланысты қылмыстар үшін жазаны қатаңдататын заң қабылданғанын айту керек. Рақымшылық, мерзімінің өтуі, өкіну және тараптардың татуласуы негізінде қылмыстық жауапкершіліктен босату туралы нормалар жойылды. Азаптау орын алған органдардың басшыларының жауапкершілігі де қарастырылады.

2023 жылдың 17 наурызында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық сот ісін жүргізу, жазаны орындау, сондай-ақ, азаптаулардың және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын қатынас түрлерінің алдын алу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Құжат азаптаудың, басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын қарым-қатынас түрлерінің алдын алуға, азаптау үшін қылмыстық жауапкершілікті қатаңдатуға, сотталғандардың құқықтарын кеңейтуге бағытталған.

Елде жүргізіліп жатқан саяси және құқықтық реформалар шеңберінде қол қойылған Заң елімізде азаптаулар мен қатыгездіктің басқа да нысандарын жою, осы мәселелер бойынша халықаралық нормаларды ұлттық заңнамаға енгізу, сотталғандардың құқықтарын кеңейту және түрмеде теріс субмәдениеттің қалыптасуының алдын алу жөніндегі дәйекті қадамдарының жалғасы.

Прокуратура органдары Мемлекет басшысының қойған міндеттерін орындауға кірісті.

Асылхан ӘДІЛХАНОВ,

Нұра ауданының прокуроры, аға әділет кеңесшісі.

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button