Жаңа оқу жылында облыста 172 мыңнан астам оқушы білім алады

Қарағанды облысында 1 қыркүйекте мектепке 172 мыңнан астам оқушы, оның ішінде 17 мыңнан астам бірінші сыныпқа барады. Өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаевқа аппараттық кеңесте жаңа оқу жылына дайындық туралы баяндалды.

Сурет: turkystan.kz

Облыстың білім беру нысандары балаларды қабылдауға белсенді дайындық жүргізуде. 115 мектептің күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын.

Барлық білім беру ұйымдарында жылыту жүйелеріне жөндеу жұмыстары жүргізілді. 17 мектепте қазандықтарды іргелес учаскелерге шығару аяқталуда. Көмір жеткізу басталды. Қазірдің өзінде қажетті көлемнің 70%-ы жеткізілді.

– Бейнебақылау жүйелерімен барлық білім беру нысандары жабдықталған. Өңірдің полиция департаментінің ЖБО-на балабақшалар мен колледждердің барлық камералары қосылған. 582 білім беру ұйымдары дауыстық хабарлау жүйелерімен және дабыл түймелерімен жабдықталған. Турникеттер 203 нысанға орнатылды, арнайы күзет 206 ұйымға енгізілді. Арнайы күзет балабақшаларда да болады, – деді Қарағанды облысы білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова.

Оқушыларды оқулықтармен және тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету маңызды міндеттер болып табылады. Бүгінгі таңда мектептерге оқулықтар жеткізілуде, 25 тамызға дейін аяқталады. Барлық бастауыш сынып оқушылары, сондай-ақ әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 11 мыңнан астам бала тегін тамақтанады.

101 елді мекеннен 1566 оқушы үшін мектептерге жеткізу ұйымдастырылады. Ол үшін өңірде 70 көлік бірлігі тартылатын болады. 1 қыркүйекке дейін олардың барлығы техникалық тексеруден өтеді.

– Мектеп автобустарын толық тексеру қажет. Бұл басты міндеттердің бірі, себебі мәселе балалардың қауіпсіздігіне қатысты. Білім басқармасы жаңа оқу жылы мен жылыту маусымына дайындықты бақылауда ұстасын, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.

Қарағанды облысында барлығы 24 355 педагог жұмыс істейді. Бүгінгі таңда 640 маман жетіспейді. Бұл мәселені шешу үшін өңірде мамандарды қайта даярлау бойынша тегін курстар ұйымдастырылды.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА,

ortalyq.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.