Жаңалықтар

Жаңа өнім – импортқа бәсеке

Бір ғасырдан астам уақыттан бері кеншілер мекені табиғи таза өнім шығарып қана қойған жоқ. Оны байытып, түрлендіріп, сұрыптап келеді. Көмірімен сырт елге мәлім Қарағандыда кеніш кемігенімен, өнімі азайған жоқ. Несібесін кеннен тапқан кеншілер алған кокс тағы бір жаңа өндірістің өзегіне айналғалы отыр. Дәлірек айтсақ, алдағы уақытта «Шұбаркөл көмір» АҚ кокс үгінділерінен жасалған белсендірілген көмір шығаруға дайын.

Бұл белсендірілген көмір өнеркәсіптерде өнімді тазалау, соның ішінде, кәріз желісін тазарту үрдісіне аса қажет өнім. Әсіресе, бағалы металдар өндірісінде сұранысқа ие. Өнеркәсіптік мақсаттағы белсендірілген көмірдің басқа белсенді көмірден айырмашылығы осында.

Компания басшылығының айтуынша, қазір өндіріс толық жабдықталған. Жөндеу-реттеу жұмыстары жүргізілуде. Бұдан кейін өнім мен өндірісті сертификаттау қолға алынады. Бұл өндірістің жобалық қуаттылығы жылына 1000 тонна жаңа өнімді құрайды. Жобаның құны – 400 млн.теңге. Жоба іске қосылғанда ішкі нарықтағы сұранысты қамтып, импортты алмастыруға мүмкіндік береді.

– Өнім, ең алдымен, ішкі нарыққа арналады. Ал, жоспарда эскпортқа шығу бар. Біздің білуімізше, Қазақстанда мұндай өндірістің баламасы жоқ. Сынақтық құрылғы бар. Бірақ, оны өнеркәсіптік ауқымда пайдалану мүмкін емес, – дейді «Шұбаркөл көмір» АҚ директоры А.Сафонов.

Жоба жетекшілерінің мәлімдеуінше, өнімнің құны да сырт елден келетін импортқа қарағанда біршама көңілге қонымды. Соған қарамастан, сапасы да олардан кем түспек емес. Осы орайда, бүгінгі таңда компания тарапынан әлеуетті тұтынушылармен байланыс жолға қойылуда.

Жаңа өндірісті мамандармен қамту да назардан тыс қалмапты. Білікті һәм тәжірибелі мамандарды тартуды көздейтіндіктерін айтады. Бұған қоса, алдыңғы буыннан тәжірибе жинақтау үшін жастар да өндірісте еңбек етпек көрінеді.

Қызғалдақ АЙТЖАН

Басқа материалдар

Back to top button