Жаңа кезең – жарқын болашақ
Кез келген елдің күнтізбесінде қызыл әріппен белгіленетін күндер болатыны аян. Бір халықтың тағдырын айқындайтын, тұтас мемлекеттің соны дәуірге аяқ басқанын білдіретін ерекше күндер де бар. 2026 жылғы 1 шілде дәл сондай тарихи белес ретінде есте қалды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөз сөйледі. Кеше Қазақстан Республикасының Халық Конституциясы күшіне еніп, тұғырына қонды.
Жолбастар
– Бүгінгі Парламенттің қос Палатасының бірлескен отырысының тарихи мән-маңызы айрықша деп айтсақ, дұрыс болар. Бұл дүйім халқымыз үшін де айқын нәрсе, ақиқат. Бүгін біз мемлекетіміздің заң шығарушы органы – Парламенттің кезекті сессиясын аяқтап, Тәуелсіз Қазақстанның дамуындағы тұтас бір дәуірді қорытындылап отырмыз. Осылайша, тереңнен тамыр тартқан мемлекеттігіміздің жаңа кезеңіне қадам басқалы тұрмыз, – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекеттің бас құжатын Президент пен халық Халық Конституциясы деп атады. Себебі, Ата заң жабық кабинеттерде әзірленбеді. Құнды құжаттың мәні терең мазмұнына миллиондаған қазақстандықтың пайым-пікірі мен тағдыршешті таңдауы алтын арқау болды. 2026 жылғы 15 наурызда өткен референдумда азаматтар Ата заңға өз қолдауын білдіріп, елдің болашағына қатысты маңызды шешім қабылдай білді. Сол сындарлы сәттен бастап 1995 жылғы 30 тамызда қабылданып, отыз жыл бойы тәуелсіз Қазақстанның құқықтық негізі болған бұрнағы Конституция тарих қойнауына жол тартты. Ол өз дәуірінің маңызды міндетін атқарды. Алайда уақыт төре тың талаптар қойып, мемлекет дамуы жаңа құқықтық жаңғыруды қажет етті.
Иә, кез келген ауқымды өзгеріс дер шағында көтерілген маңызды бастамадан басталады. Бұл конституциялық реформаның негізі өткен күзде қаланды. Сол кезде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұрынғы қос палаталы Парламенттің орнына бір палаталы заң шығарушы орган құру туралы бастама көтерді. Кейін бұл ұсыныс кең ауқымды саяси реформалардың өзегіне айналды. Өз кезегінде Конституциялық комиссия он екі отырыс өткізіп, құжаттың әрбір бабын мұқият зерделеді. Жүздеген құқықтық нормалар қайта қаралып, осы күнге лайық редакция әзірленді. Ең бастысы, бұл жұмыс қоғамнан әсте оқшау жүргізілген жоқ. Өткен жылдың қазан айынан бастап әрбір азамат eGov және e-Otinish порталдары арқылы өзінің өміршең ұсынысын енгізуге мүмкіндік алды. Сонымен қатар, парламенттік реформаны әзірлеумен арнайы сарапшылар тобы айналысты. Азаматтық қоғамның ұсыныстары мен кәсіби құқықтық сараптама өзара тоғысып, 2026 жылғы 12 ақпанда бүкілхалықтық талқылауға ұсынылған Конституция жобасы дүниеге келді.
– Құрылтай технологиялық прогрестің жетекші факторы болады деп үміттенемін. Былтыр қазан айында өткен Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отырысында мен толыққанды e-Parliament жүйесін енгізу мәселесін көтерген едім. Қазақстан e-Government, яғни Электрондық үкіметтің даму деңгейі бойынша жаһандық рейтингте әлемдегі үздік 25 елдің қатарына кірді. Енді Электрондық Парламентті қалыптастыруға және дамытуға көп күш-жігер жұмсауымыз қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Халық еркі
– Шын мәнінде, тиімді жұмыс істейтін қоғамдық институттары болса ғана, Озық және Әділетті мемлекет қалыптасады. Сол себепті, мен жаңа конституциялық орган – Қазақстан Халық Кеңесін құруды ұсындым. Қазақстан Халық Кеңесі мәслихаттардың, қоғамдық кеңестердің, сарапшылар алаңы мен азаматтық қоғам ұйымдары өкілдерінің басын біріктіреді, – деп баса белгіледі Президент.
Еліміздегі саяси реформалардың кезекті кезеңінде қоғамдық келісім мен халықтың пікірін ескеруге қатысты маңызды өзгеріс ұсынылды. Бұған дейін Қазақстан халқы Ассамблеясының құзыретінде болған бірқатар қызмет енді жаңадан құрылатын Халық кеңесіне беріледі. Жаңа құрылымның басты ерекшелігі – оның конституциялық мәртебеге ие болуы. Яғни, Халық кеңесі, заңмен бекітілген, мемлекеттік шешімдерді талқылауға қатысатын жоғары консультативтік алаңға айналады. Оның құрамында қоғамның түрлі әлеуметтік топтары мен этностарының өкілдері бас қосып, ел дамуына қатысты маңызды мәселелерді ортақ талқыға салмақ. Бұған дейін әртүрлі деңгейде жұмыс істеген қоғамдық кеңестер мен консультативтік құрылымдардың қызметі бір жүйеге біріктіріледі.
Соның нәтижесінде халықтың ұсыныстары мен бастамалары мемлекеттік шешім қабылдау процесіне тікелей ықпал ету мүмкіндігіне ие болады. Соңғы жылдары жүргізілген саяси реформалардың негізгі нәтижелерінің бірі – халықтың мемлекеттік маңызы бар мәселелерді шешуге тікелей қатысу мүмкіндігінің кеңеюі. Мемлекет басшысы реформалардың түпкі мақсаты билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті күшейту немесе мемлекеттік институттарды жаңарту ғана емес екенін атап өтті. Барлық өзгерістің түпкі нәтижесі – халықтың әл-ауқатын арттыру, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту болуы тиіс.
Алайда, Халық Конституциясының ең басты ерекшелігі мемлекеттік биліктің құрылымынан бұрын, оның құндылықтық негізінде жатыр. Бас Құжатта адамның құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде айқын бекітілген. Мұнымен қоса, азаматтардың құқықтық жағдайын нашарлататын немесе жаңа міндеттер жүктейтін заңдардың кері күші болмайтыны нақты жазылды. Әрбір қазақстандықтың құқықтық қорғалуына берілген маңызды кепілдік – осы.
Ұстаным
– Өздеріңіз қабылдаған Бюджет және Салық кодекстеріне сәйкес еліміздің экономикалық жүйесі толығымен қайта жаңғырды және мемлекет қаржысын басқаруға қатысты ұстаным түбегейлі өзгерді, – деп мәлімдеді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Экономиканы жаңа үлгіге көшіру – уақыт талабы. Президент ел дамуының келесі стратегиялық бағыты ретінде Қазақстан экономикасын жаңа модельге көшіру міндетін атады. Оның айтуынша, әлемдік экономикадағы өзгерістер мен геосаяси тұрақсыздық жағдайында бұрынғы жұмыс тәсілдері енді күткен нәтижені бере алмайды. Сондықтан, экономиканы басқаруда тың көзқарас пен жаңа шешімдер қажет. Президент халықаралық ахуалдың жылдан-жылға күрделеніп келе жатқанын атап өтті. Әлемде түрлі қақтығыстар мен экономикалық тәуекелдер көбейгенімен, Қазақстан сыртқы саясаттағы теңгерімді бағытын сақтап, тұрақты даму жолынан таймағанын айтты. Бұл ұстаным алдағы уақытта да өзгермеуге тиіс.
Экономикалық көрсеткіштер де оң динамиканы аңғартады. Өткен жылы еліміздің жалпы ішкі өнімі 6,5 пайызға өсіп, әлемдік орташа өсімнен жоғары нәтиже көрсетті. Ал, Қазақстан тарихында алғаш рет жалпы ішкі өнім көлемі 300 миллиард АҚШ долларынан асып, жан басына шаққандағы көрсеткіш 15 мың доллардан жоғары деңгейге жетті. Биылғы бес айдың қорытындысында инфляция 10,4 пайызға дейін бәсеңдегенімен, баға өсімін одан әрі тежеу экономикалық саясаттың негізгі міндеттерінің бірі болып қала береді. Мемлекет басшысы Парламенттің, Үкіметтің және Ұлттық банктің үйлесімді жұмысына да оң баға берді. Дегенмен, қазіргі кезеңдегі ең маңызды экономикалық мәселелердің бірі – Ұлттық банктің базалық пайыздық мөлшерлемесі. Бұл құрал бір жағынан инфляцияны тежеуге мүмкіндік берсе, екінші жағынан бизнестің несиеге қолжетімділігі мен экономикалық белсенділікке тікелей әсер етеді. Сондықтан, оның деңгейін белгілеуде баға тұрақтылығы мен экономикалық өсім арасындағы тепе-теңдікті сақтау қажет екені айтылды.
Жаңғырық
Мемлекет басшысы сөйлеген сөзінде өндіріс, ауыл шаруашылығы, тұрғын үй, фармацевтика, инвестиция, энергетика, инфрақұрылым, көлік-логистика, мұнай-газ, цифрландыру, адам капиталын дамыту, медицина әлеуметтік қолдау сынды іргелі стратегиялық маңызы жоғары тақырыптарды кеңінен сөз етіп, парасатты пікірін ортаға ұсынды.
– Жаңа Конституцияның заңды күшіне енуі – ұлт тағдырына тікелей әсер ететін тарихи оқиға. Тұғырына қонған Ата заңымыз аса ауқымды қоғамдық-саяси үдерістер кезеңіне жол ашады. Осыған орай, мен бірқатар маңызды құжатқа, соның ішінде Құрылтай сайлауын өткізу туралы арнайы Жарлыққа қол қоямын. Соған сәйкес партиялар арасындағы бәсеке де жандана түседі. Біз жасампаз ел ретінде осы саяси науқанды да жоғары деңгейде өткізуіміз керек. Алдағы сайлауда ашық, адал және әділ бәсеке болуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Конституцияның күшіне енуі барлық заңдардың немесе салық мөлшерлемелерінің бір мезетте өзгеретінін білдірмейді. Мәселен, салық салу тәртібі бұрынғыдай Салық кодексімен реттеледі. Бас құжаттың негізгі міндеті – жекелеген салалық мәселелерді шешу емес, мемлекеттің ұзақ мерзімді құқықтық негізін қалыптастыру. Сондықтан, Ата заң ең алдымен құқықтық тұрақтылықтың, мемлекеттік саясаттың сабақтастығының және азаматтардың құқықтық қорғалуының кепілі ретінде қарастырылады. Бизнес қауымдастығы үшін бұл – инвестициялық шешімдерді сенімді құқықтық ортада қабылдауға мүмкіндік беретін маңызды фактор. Ал, қарапайым азаматтар үшін мемлекеттік органдармен қарым-қатынастың түсінікті әрі тұрақты қағидаларының сақталуы, жеке құқықтар мен бостандықтардың қосымша қорғалуы және жаңартылған өкілді билік арқылы халық мүддесінің тиімдірек қорғалуы деген сөз.
Халық Конституциясының күшіне енуі – жаңа кезеңнің басталуы. Алдағы жылдары заңнаманы жетілдіру, мемлекеттік институттарды жаңарту және мемлекеттік басқару жүйесін заман талабына бейімдеу бағытындағы жұмыстар жалғасады. Атаулы өзгерістер мемлекеттік билік құрылымынан бастап азамат пен мемлекеттік орган арасындағы күнделікті қарым-қатынасқа дейінгі көптеген саланы қамтиды. Сондықтан, реформалардың табысты болуы қоғамның сенімі мен азаматтардың белсенділігіне тікелей байланысты. Ғасырлар бойы елдің өндірістік тірегі саналған облыс осындай тарихи кезеңді де өзінің қалыптасқан жауапкершілігімен қарсы алып отыр. Шахталар мен металлургия кәсіпорындарының өңірі жаңа конституциялық дәуірге сеніммен қадам басты.
Халық Конституциясы – миллиондаған қазақстандықтың еркін білдіретін қоғамдық келісімнің көрінісі. 2026 жылғы 15 наурызда өз таңдауын жасаған жүздеген мың қарағандылық та осы тарихи шешімнің бір бөлшегіне айналды. Ал, 2026 жылғы 1 шілде Қазақстан тарихында елдің өз халқы қабылдаған Халық Конституциясымен өмір сүре бастаған күн ретінде мәңгілік сақталады.
– Ұлт болып ұйысып, жұрт болып жұмыла білсек, біз кез келген белесті бағындырамыз, көздеген мақсатымыздың бәріне қол жеткіземіз. Қастерлі Тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайтып, Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз, Таза әрі Озық Қазақстанды құрамыз. Мен бұған кәміл сенемін! Осы жолда аянбай еңбек ету – әр азаматтың перзенттік парызы. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, бірлігіміз бекем болсын! Қазақ елі мәңгі жасасын! – деп түйіндеді сөзін ел Президенті.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



