Жаңа экипаж жасақталды
АҚШ-тың NASA ғарыш агенттігі жарты ғасыр үзілістен кейін Айға ұшатын төрт ғарышкердің есімін жариялады. Ерекшелігі – алғаш рет Айға әйел адам ұшпақ. Сәтін салса экипаж мүшесі Кристина Кох алғашқы әйел астронавт ретінде тарихта қалғалы тұр.
Мұнымен қоса, айға сапар шегетін алғашқылардың қатарына Виктор Гловерді де жатқызуға болады. Өйткені, бұған дейін зау биікке мүлдем афроамерикалықтар көтерілмеген еді. Сондай-ақ, экипаж қатарына Рид Уайзман мен Джереми Хансен қосылды.
Ғарыш кемесін келесі жылдың аяғында немесе 2025 жылдың басында ұшыру жоспарланып отыр. Бұл жолы олар Айға қонбайды, бірақ келесі экипаждың қонуына мүмкіндік жасап келуді мақсат қылып отыр.
Экипаж құрамындағы АҚШ-тың үш азаматы мен Канада азаматы Хьюстондағы салтанатты рәсімде көпшілікке таныстырылды. NASA ғарыш агенттігі экипаж құрамына Америкадағы түрлі әлеуметтік және этникалық топтарының өкілдерін енгізу туралы уәдесін орындағанын жеткізді. NASA қызметкерлері «біз ғарышты игерудің жаңа дәуірін ашамыз», дейді. Қазір жасақталған экипаж қызу дайындық жүргізіп жатыр. «Артемида II» (Artemis ІІ) код атауын алған миссия «Орион» ғарыш кемесі басқарған алғашқы миссия болып табылатынын да тілге тиек ете кетейік.
Экипаж құрамы:
Рид Уайзман (47 жаста): АҚШ Әскери-теңіз күштерінің ұшқышы, NASA астронавтар бөлімін басқарды. Ол 2015 жылы Халықаралық ғарыш станциясына алдыңғы ғарыштық миссияларының бірінде ұшты. Виктор Гловер (46 жаста): АҚШ Әскери-теңіз күштерінің сынаушы ұшқышы. Ол NASA-ға 2013 жылы қосылып, 2020 жылы алғаш рет ғарышқа ұшқан. Ғарыш станциясында алты ай жұмыс істеген алғашқы афроамерикалық. Кристина Кох (44 жаста): инженер-электрик. Ол ғарышта ең ұзақ уақыт (328 күн) болып, рекорд жасады. NASA астронавты Джессика Меирмен бірге 2019 жылдың қазан айында алғаш рет әйелдердің ғарышқа ұшуына қатысты. Джереми Хансен (47 жаста): Канада ғарыш агенттігіне келмей тұрып, Канада Корольдік Әуе күштерінде истребитель ұшқышы болған. Бұл – оның ғарышқа алғашқы ұшуы.
Қасымхан ҒАЛЫМ,
Ortalyq.kz