Жаңа әдебиеттің жарқын сәулесі немесе “түсініксіз жазушы”
Атпен жүрген қазақты бірден автокөлік немесе ұшақ, құрығанда, сүңгуір қайықпен ала жөнелгендей леп қой Дидар Амантай шығармашылығы. ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің дәстүрлі прозаларымен салыстырғанда. Атпен ауыл-аймақ табиғаты мен тіршілігін тамашалап жүре беруге болады. Әрі кетсе, аудан, облыс, республика көлемін шарлап өтерсіз. Бірақ, ұшақтағы адамға қыбырлаған құрттай боп көрінесіз бе, жоқ па?.. Жалпы, ұшақпен көп жүретін адамдар нені жиі ойлайды екен осы?!.. Өркениет тудырып жатқан мәдениеттерден әлі де қақас қалып жатқан қазақ оқырманына Дидар Амантай прозасы, әрине, бірден түсінікті болып кетпейді.
Сонымен, әуелі ақын болып келген, әлі де өлең жазып қоятын, бірақ өзін ақын демейтін, қазақ прозасының көрнекті өкілі ғана емес, жаңа дәуірінің басында тұрған жазушы, философ, публицист, бір сөзге түйрегенде, қазақтың қабырғалы қаламгері Дидар Амантай Қарағандысымен «Шалқыма» концерт залында қауышты. Бұл кісі биыл 50 жасқа толғанын білетін шығарсыздар? Жаз айларында өзі туған Қарқаралы бір өткерген мерейлі шағын. Осы жолғы оқырмандармен кездесуіне облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов пен Қарағанды мәдениетінің ардагері, «Парасат» орденінің иегері Рымбала Омарбекова қатысып, сөз сөйледі. Қарағандылық зиялы қауым онсыз да осы жерден табылатыны белгілі. Кешті Алаштың айбоз әншісі, өнертанушы, қаламгер Ерлан Төлеутай тізгіндеп отырды.
«Көпен келе жатыр» деген сөз бар еді ғой. Одан да салмақтырақ, одан да терең әрі биігірек Дидардың дәуірі келе жатыр әдебиетке. Батыс бастан кешіріп қойған. Дидар ағалар да 1990 жылдардан бері жүріп өткен жазу стилі – модерн, постмодернизм. Дидекең өзі «постмодернизм деген жанр жоқ, модерн деген бар. Постмодернизм деген – журналистердің шығарып алғаны» дейді. Бұл кісі туралы кеш барысында әдебиетші ғалымдар жақсы айтты. «Дидарды ел түсінбей жүрсе, ол – Дидардың кінәсі емес, әдебиет пен мәдениеттен кенжелеп қалған қазақ оқырмандарының кінәсі. Ағылшындар неге бірінші жаңалық ашып, машина ойлап тапты? Өйткені, онда Шекспир туып қойды. Сана мен рухқа төңкеріс әкелді. Оны оқыған халқы адам түсіне кірмейтін жаңалықтарға құлаш ұрды» деді бір сөзінде осы күнгінің оқымысты, ойшылы Омар Жәлел. Иә, біз де келісеміз бұған. Атақты Ғабит Мүсіреповтің «Әдебиет ұлы болмай, ұлт ұлы болмайды» деген сөзі осындайда еске түседі.
Қазақ даласындағы социалистік реалистік санаға күйрете соққы берген аз ғана жазушының бірегейі осы Дидар аға деп білеміз. Тыңнан түрен тартқандай, бұрынғы қасаң қағидаларды сындырып, жаңаша жолға түсу. Ел айдың бергі бетіне қарап тамсанып отырғанда, сіз арғы бетін ойлап, сонда саяхат жасап, сапар шегумен пара-пар құбылыстар – бұл кісінің жазу үлгісі. Басында Асқар Сүлейменов, Төлен Әбдік бастаған дүниелерді оданда күрделендіріп жібергендей көрінеді, біздіңше. Бірақ, қате емес. Көркем ойлап, күрделі жазғанды қабылдай алмай жатқан көпшілікке бола әдебиет құлдырап кетпеуі керек. Оны Дидар ағаның шығармашылығы жайлы тұщымды баяндама жасаған көрнекті әдебиетші ғалым, профессор Жансая Жарылғап былай жеткізді.
«Тас, қола, темір дәуірлерін артқа тастап, мұнай дәуірінің өзін аяқтады адамзат. Қазір электронды әлемге, ақпараттық технология, жасанды интеллект дәуіріне аяқ басты. Адами функциялардың өзін технология тықсырып барады. Осы заманға сай жаңашылдықтар да дүниеге келіп жатыр. Таласбек Әсемқұлдың сөзімен айтсақ, біраз аға буын жазушыларға проблема, түсінбестік тудырып жүрген ол – Дидар Амантай».
Дидар ағаның «Гүлдер мен кітаптар» романы жөнінде көзі қарақты сыншы Әлия Бөпежанова «Әдебиеттің ішкі құрылымына саналы түрде өзгеріс әкеліп жатқан қаламгер» деп жазды. Марқұм Герольд Бельгер «Мен Дидарды жақсы көрем. Дәстүрлі түрде жазбайды. Әдебиетімізге жаңа үрдіс алып келіп жатқан қаламгер. Дидарды оқығанда, есіме досым Асқар Сүлейменов оралады» дейді.
Дидар Амантайдың «Шайыр мен шайтан», «Тоты құс, түсті көбелек» сынды романдары өте ықшам және философиясы да, айтар ой да тамаша. «Мен сізді сағынып жүрмін» шығармасы он шақты беттен ғана тұрса да, повесть жүгін арқалап тұрғанын неге айтпаймыз…
Қаланың адамдары, жастары, түнгі клубтар… дәстүрлі сюжет жоқ. Шығарма диалогқа құрылады да, кейбір кейіпкерлердің абайсызда айтып қалған сөздері арқылы ашылып отырады. Режиссер Болат Атабаев «Дидар – қала жазушысы» дейді. Расында, Қазақ Даласында қалада туған бір буын өсіп шықты. Ал, солардың дүниетанымында не болып жатыр? Қаланың адамы қандай? Қай дәуірде өмір сүріп жатқанын, қайда маңып бара жатқанын білмейтін жастардың рухани құндылығының мәселесі. Дидекең шығармашылығының лейтмотиві – осы.
Дидарды ел постмодернист жазушы көреді. Таласбек Әсемқұл «постмодернист – білімділік дегеннің синонимі» дейді. Бүкіл стилді араластырып, технология заманында қалғып бара жатқан сананы шабақтауға, оқырманды ойлауға итермелеу – Дидар Амантай шығармашылығының негізгі кредосы.
Гетенің өзі жазады екен ғой. «Азшылыққа арналған» деп. Әдебиет, көркем ой деген бұқарадан оқ бойы алда жүру керек. Оқырман солай қарай ұмтылып отыру керек. Дәке, әлі де береріңіз көп, жасай беріңіз».
Жәнібек ӘЛИМАН