Бас тақырып

Жаңа аурухана – жарқын болашақ үшін

Кеше аймақтың денсаулық сақтау саласында ақжолтай жаңалық болды. Оңтүстік-Шығыс ауданында іргесі он жыл бұрын қаланған облыстық балалар клиникалық ауруханасы ашылды. Жаңа ғимаратта кілең жаңа жабдықтар. Аурухананың ескі ғимаратынан тек дәрігерлер мен балалар ғана келеді. Консультациялық емхана қазірдің өзінде істеп тұр, ал аурухананың жұмысы 3 маусымнан басталады. Бұл Балаларды қорғау күні қарсаңында кішкентай пациенттер үшін үлкен сый болды.

Жаңа нысанды облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев арнайы келіп, аралап шықты. Аурухана директоры Арғын Бидайбаев жаңа жабдықтарды көрсетті.

Мұнда бұрынғы ауруханада болған бөлімшелерден басқа, жаңадан травматология-ортопедия, нейрохирургия және жақ-бет сүйек бөлімшелері ашылады.

– Бұрын ондай науқастарды Астанаға немесе Х.Мақажанов атындағы клиникаға жіберетінбіз, енді өзіміз де емдей аламыз. Екі нейрохирург пен бір жақ-бет сүйек хирургы Израильге сосын Германияға оқуға барады. Олар жаңа аппараттармен жұмыс істеуді үйренуі тиіс, – деді Арғын Бидайбаев.

Денсаулық сақтау басқармасы басшысы Бибігүл Төлегенованың айтуынша, дәрігерлерді оқыту үшін жергілікті бюджеттен 200 млн. теңге бөлінген. Шетелдік мамандар да келіп, шеберлік сағатын өткізетін болады. Бұл ретте облыс әкімі дәрігерлердің кәсіби біліктілігін арттыру, оқыту ісіне қолдау көрсететіндігін жеткізді.

– Енді сіздер аудандық аурухана мамандарын осында шақырып оқытуды қолға алуларыңыз керек, – деген Ермағанбет Бөлекпаев қала әкімі Мейрам Қожуховқа осы жерге аялдама салып, автобустардың келуін, сондай-ақ, тікұшақ қонатын алаң орнын анықтауды тапсырды.

– Мамандар жеткілікті, – дейді басқарма басшысы Бибігүл Төлегенова. – Қазіргі уақытта мұнда 128 педиатр, 136 медбике бар. Барлығы 430 адам жұмыс істейді. Жоспарлы ем, шұғыл көмек, барлығы жасалады. Жабдықтардың барлығы заманауи. КТ бар, МТР күзге қарай келеді. Жапониядан арнайы әкелінген жеті төсек бар. Ол күйік шалған балаларға арналған. Күйік шалған балалар жиі келеді. Төсек баланың терісі мен сүйегі ойылмауына ыңғайланған әрі бактерияларды зарарсыздандырады. Бірінші қабатта да, төртінші қабатта да реанимациялық палаталар бар. Операциялық палаталар автономды вентиляциямен қамтамасыз етілген. Бұл «таза жүйе» деп аталады. Ауруханада оқыту сыныптары да қарастырылған.

– Бір жылдары педиатрия бойынша оқыту тоқтап қалған болатын. Қазір ол қайта қолға алынды. Оқыту сыныптарында Қарағанды медицина университетінің педиатрия факультетінде білім алатындар оқитын болады, – деді Б.Төлегенова.

Бүгінде аурухананы жабдықтау толығымен аяқталды. Осы мақсатта жергілікті бюджеттен 6 млрд. теңге бөлінген болатын. Ал, аурухананың ескі ғимараты дәрігерлерге арналған пәтерге айналады.

Ауруханада «Қамқорлық» балаларды оңалту орталығы ашылатынын да атап өту керек. Онда 3 жасқа дейін және 3 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға арналған оңалту шаралары жасалады. Орталық айына 50 баланы қабылдауды жоспарлап отыр.

Бұдан да басқа жоспарлар баршылық екен. Бибігүл Райханқызының айтуынша, Пришахтинскідегі перинаталдық орталық та аурухана жанына көшіріледі.

– Биыл біз жаңа перинаталдық орталық жобасын қорғадық. Ол 12 перинаталдық орталық жобасына кірді. Оның құрылысы 2025 жылы басталады. Ол балалар ауруханасымен қатар болуы тиіс. Одан әрі қарай 14 гектар Қарағанды медицина университетінің клиникасының құрылысына бөлінді. Қазір оның құжаттары Денсаулық сақтау министрлігінде. Қорытындысы биыл келсе, құрылысы келесі жылы басталады, – деді басшы.

Аурухана 200 балаға арналған. Сапалы медициналық көмек көрсету үшін барлық жағдай жасалғаны көрініп тұр.

Жансая ОМАРБЕК,
Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button